Биыл облысымызда ашылатын инклюзивті білім беруге арналған 36 жаңа кабинеттің 30-ы пайдалануға берілген. Орта мектептерде ерекше балаларды қолдау мақсатында жабдықталған сыныптарда арнайы білімі бар педагогтар сабақ береді.
Соның бірі – мүгедектігі бар балалардың дамуына септігі тиетін Атбасар қаласындағы №5 орта мектептің инклюзивті білім беру орталығы. Жақында ғана ашылған сыныпта қазір 26 бала тәлім алады. Олармен логопед, дефектолог және психолог секілді бірнеше маман жұмыс істейді.
– Бұл сынып әр баланың ортаға бейімделуне мүмкіндік береді. Шығармашылық тұрғыда да ықпалы зор. Өйткені, біз әр оқушымен жеке жұмыс жасаймыз. Осылайша біз балғындардың өз қатарластарымен бірге жетіліп, солармен оқуын жалғастырып кетуіне дейін мүмкіншіліктер қарастырамыз. Дәл осындай инклюзивті кабинет бірер күн бұрын облыс орталығының іргесіндегі Ақкөл ауылында да ашылды. Әзірге орталықта 12 бала тіркелген. Алдағы уақытта балалар саны арта түспек. Себебі, сұраныс жоғары, – дейді психолог Алина Димке.
– Иә, сұраныс бар. Ата-аналардың сұрауы бойынша бізде әлі бір 20 балаға көмек керек болып жатыр. Бұл жерде әртүрлі балалардың денсаулықтары мен ерекшеліктеріне байланысты жұмыстар жасалады. Қазір облыс бойынша осындай 75 сынып бар. Алда мұндай кабинеттерді тағы да ашу жоспарланған. Жалпы, әр кабинетті жабдықтауға шамамен 12 миллион теңге қаржы жұмсалады, – дейді Аққөл орта мектебі директорының орынбасары Бибігүл Сандыбаева.
– 2029 жылға дейін біз жыл сайын осындай 20-30 сыныптан ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатта облыс бюджетінен 350 миллион теңге бөлінеді. Бұдан бөлек кабинеттер жеке қорлар есебінен де қаржыландырылады. Мәселен, қазіргі 75 сыныптың жетеуі осындай қорлардың ықпалымен ашылды. Аймақта айрықша білім беруді талап ететін 11 мыңнан астам бала тіркелген. Ал, олардың 2 мыңға жуығының мүгедектігі бар, – деп атап өтті өз сөзінде облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Әсемгүл Сүлейменова.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.