Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көңілдерді тербеткен қоңыр әуен - АРҚА АЖАРЫ

Көңілдерді тербеткен қоңыр әуен

Бүгінде өнер өлкесінде тыңдарман үшін талғам төмендеп кетті. Шетелдік өнерпаздардан бастап, отандық әншілердің кез-келген жанрдағы әніне, әуеніне қолжетімді. Соңғы жиырма жылда ритмі ойнақы, музыкалық түрленуі басым заманауи әндердің тыңдарманы арта түсті. Сахнада музыкалық аспаптардың қолданысы төмендеп, компьютерлік жүйеде жазылған дайын әуендерге ілесіп ән айту қалыптасты.

Әйтеуір, жиналғандардың айқай-шуын үдетіп, көңілін көтеріп, қошеметін алса болды, ол әннің сөзі мағыналы ма, естушіге ой салып, рухани нәр берді ме, ол қызық болмай қалды. Осылайша, микрофон ұстап, сахнаға шыққанның бәрі әнші атанып жатыр. Саналы қауым болмаса, халықтың кейбір бөлігі осы әндерді тыңдап жүре  беруді теріс көрмейді. Шынын айтқанда, бүгінгі қалыптасқан эстрада мен шоу бизнестің сиқы осы. Алайда, ұлы даламен үндескен қазақы әуен өшсін бе?! Алтай мен Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр атырапты әнмен тербеп, жырға бөлеген сал-серілердің той-жиын, серілік сапарлары мен жәрмеңкелері қазіргі дәстүрлі қазақ эстрадасының түп-тамыры еді. Қасиетті қара домбыраның қоңыр үніне қосылып, кең даланың сай-саласын кезер созымалы, әуезді үн қазақ әншісінің айнымас бір белгісі. Бүгінгі таңда осы әуенді, үнді аңсау бар. Соған сай насихаттаушы күміс көмей, жез таңдайлардың қатары да артып келеді. Жоғарыда айтылған шуылдақ пен шыңылдақтан зеріккен үлкендер жағы мен жалпы жастардың дәстүрлі әнге деген талғамы бар. Бұл жүрек жылтыр көріністі әр өңірдегі қазақы нақышта дәстүрлі және эстрадалық әндерді орындаушылардың кештерінен байқап жатамыз. Жуырда Елорда төрінде осындай бір рухани кештің, қоңыр үннің куәсі болдық. Кеш Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ұлттық-ғылыми орталығының бас директоры Мақпал Жұмабайдың бастамасымен құрылған этностильде қазақ өнерін дәріптеу, жастардың индустриялық жобаларын қолдауға бағытталған «ÓzgeEpic» креатив хабында өтті. Бұл орынның атмосферасы да ерекше. Өнер кеңістігімен қоса, кітап дүкені, студия, концерт залы, этношеберхана, мұражай қамтылған орталық нағыз рухани орта мен өнерлі жастардың тоғысқан жері.

Сонымен, әуезді кештің өту барысына тоқталайық. Кештің иесі, өзінің қоңыр дауысы арқылы сезімге толы сыршыл әндерімен тыңдармандарын тәнті етіп, алғысына бөленіп жүрген жас әнші Арманбек Жакейхан. Қазақы таланты мен тынымсыз еңбегінің арқасында әлеуметтік желіде өнерді бағалар жандардың назарына ілігіп, тіпті «Таныссыз танылғандар» жобасымен Астарлы ақиқаттың сахнасын да бағындырып отыр. Арманбектің өнерін бағалап, осы «ÓzgeEpic» креатив хабында «Қоңыр әуен» атауымен концерттерін беріп, тыңдармандарын көбейтуге қолдау көрсеткен продюссері Құндыз Оралжанмен кеш басында тілдесіп, пікірін білген едік:

– Арманбектің дауысы бұрынғы қазақтың қаз-қалпында, өзгеріске ұшырамай сақталған үні. Осы керемет дауыс көпшілікке жетсе, экраннан айтылып, халықтың назарына ұсынылса деп армандайтынбыз. Сол армандар біртіндеп орындалып жатыр. Оған дәлел міне, «Қоңыр әуен» концертінің сұраныспен  екінші мәрте өткізіліп жатқаны. Тікелей көрсетілімдер барысында байқағанымыздай, егде жастағы адамдардың қызығушылығы өте жоғары. Өйткені, Арманбектің әнін, әуенін тыңдаған кезде әрбір адамның көңіліне, көкейіне міндетті түрде бір ерекше сағыныш келеді. Бұл жерде қазақтың төл өнері, қоңыр үні болғандықтан, жастардың да көңілінен шығуда. Қазіргі кезде, әсіресе әлеуметтік желілер мен тикток арқылы бізде жас тыңдармандар қатары көбейіп жатыр. Себебі, әншінің дауыс иірімі тыңдарманның көңілін тербеп, көкейіндегі қазақы қоңыр үнге деген аңсарын басуда, – дейді ол.

Иә, бұл әсерді кеш соңына дейін біз де байқадық. Арнайы шақталған орындарға жиналған қоңыр әуеннің тыңдармандары әр әнді қалт жібермей, ынтамен тыңдайды. Кейде қосылып, залды жаңғырықтыра ән салады. Өзге аспаптан ада, тек домбырамен ән салу кештің ерекшелігі десек, артық айтпаған боламыз.

Сондай-ақ, кеш барысында Арманбек  ұзын саны жиырмаға жуық ән айтып, қоңыр үнімен көпшіліктің көңілін тербеді.  Оның айтқан «Бір шәугім шай», «Анамның жаққан ошағы», «Ару ана» қатарлы әндері анаға деген жүрек түкпіріндегі мейірім мен сағынышты оятса, «Махаббат назы», «Нурикамал», «Келші, Айым», «Неге, неге?», «Мойыл көз» сынды лирикалық әндері сезімнің қылын шертіп, жастар жағының ұлы махаббатқа деген құрметін арттырады. Және де туған жер, өскен өлкенің құйқалы мекенін, алтын бесіктің қалыпты тіршілігін суреттейтін «Жайлаукөл кештері», «Ауылым әнім», «Ауылыма менің бара кел» әндерін айтпай кетуге болмас. Кейбір әндердің шығу тарихы мен авторлары айтылып, этикалық үрдіс те сақталды. Барлығы да ауыл баласының ес біле тыңдап өскен әндері. Жанына жақын, санасына таныс, болмысына сай қоңыр әуендер.

– Бұл істі менің продюссерім, жетекшім Құндыз Оралжанның ұсынысы, әрі қолдауыменен бастадық. 2024 жылы ақпан айында ең алғаш «Қоңыр әуен» деп концерт бердік. Бұндағы мақсатымыз, қазақтың қоңыр үнін, қоңыр даусын қалаға, жастарға насихаттау болды. Алғашқы кешімізде 40-50 ден астам адам болған. Солай аудиторияны жайлап-жайлап, жинап келе жатырмыз. Көбіне халық әндері мен ескі әндер болғасын, алғашқы тыңдармандар үлкен жастағы адамдар болды. Ал, соңғы уақытта жастардың да қызығушылығы оянды. Бұл, біздің әуелден бойымызда бар қазақы қоңыр әуен ғой. Сондықтан, жастарға да жат емес. Алдағы уақыттағы арманымыз, осы «Қоңыр әуенді» бүгін елу адамға насихаттап жатсақ, ертең үлкен сахналарда көрерменнің алдында орындау, сол мақсатта жұмыс жасау, – дейді Арманбек Жакейханұлы.

Әрине, біз де өз тарапымыздан ақ жол, сәттілік тіледік. Би мен тойға арналған әуезсіз, сылдыр сөзді әндерден гөрі, тамыры үзілмей жалғасқан дәстүрлі қазақ әуенінің салтанат құрып, үлкен сахнада шырқалғаны артық емес пе?! Қолынан қара домбырасын тастамай, өмірін ән мен өнерге арнаған серілердің де арманы  осы болған жоқ па?!

Қасиетіңнен айналдым, кешір, Домбыра!

Шанағыңды шаң басып, кесір қонды ма?

Есі кеткенше билейтін етегін ашып,

Эстраданы қайтейін есірген мына?, – деп ақын Қалқаман Сарин жырлағанындай, заманауи ауруынан айығып, өз болмысымызды, құндылығымызды қолдау осындай істерден басталады. Қазақпен бірге жасасып, ажырамас белгісіндей танылған қара домбыра, қоңыр әуен ұлы даланың төрт бұрышына жетіп, кейінгі ұрпақтың санасына сіңуі керек. Осындай сара жолды таңдап, баба аманатын орындауға бел байлап, өзіндік үлесін қосып жүрген жас әнші Арманбек Жакейхан 2023 жылы Е.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Содан бері өз өнерін халыққа паш етіп, қоңыр әуенді насихаттау барысында 30-ға жуық репертуарлық ән орындап, 2 авторлық әнін жарыққа шығарған. Қазіргі уақытта, өнерін дамытумен қатар, домбырада ән айтуға қызығатындарға жеке сабақтар өткізіп, өзгелердің де осы жолға қадам басуына ықпал етіп жүрген жайы бар.

Сөз соңын кештен алған әсермен аяқтағанды жөн көрдім. Күздің соңғы айы – қарашаның ызғарлы кешін жанға жылу сыйлайтын жанды дауыстағы есті, әрі ескі әндерді естумен өткізген жиналғандардың жүздерінен күлкі, көздерінен ризашылық байқалады. Бір жағы қимау да бар. Иә, кештің аяқталғанын қош көрмеген тыңдарман, қатарынан 3 ән айттырып, қошеметін көрсетіп, бір-ақ тарады. Аз да болса, өзінің тыңдарманы қалыптасқан әншіге бұл да қолдау. Қоңыр әуенге көңілдері толқып, шаттық кернеген көпшілікпен бірге мен де далаға шықтым. Сыртта Астананың ақ бораны үрлеп тұр. Құлақта жаңғырып жатқан қоңыр үн. Анамның жаққан ошағы…

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.   

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар