Көрікті Көкшеге қыс ерте келіп, ақ ұлпа қар айналаны ақ мамыққа бөлеп, күйбең тірліктен шаршаған адам баласын табиғи тылсымымен баурап, бір жағынан көңілін жадыратса, екінші бір жағынан жүріп-тұруға кедергісін келтіретіні тағы бар. Көкшетау қаласында қалың қар түскелі қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында қар шығару жұмыстары белсенді жүргізіле бастады.
Қаланың аумағын тиімді тазалау үшін шаһар іші шартты түрде үш жергілікті учаскеге бөлінген және қызмет көрсетілетін аумақтың жалпы ауданы 2,3 миллион шаршы метрді құрайды. Қар тазалауға күн сайын 90-нан аса техника тартылады.
Қар тазалаудың маңызды элементі жұмыс бригадаларының тұрақты кезекшілігін ұйымдастыру болып табылады. Мердігерлерге бекітілген әр учаскеде 30-дан 50-ге дейін аялдама бар. Оларды күн сайын тазарту жоспарланған, бұл орайда, қала бойынша 310 аялдаманы ескеру көзделген.
–Жұмыстың басым күші адам көп жүретін көшелер мен қиылыстарды тазартуға жұмылдырылған. Бұл қала ішіндегі көлік кептелісінің алдын алуға мүмкіндік береді және автомобильдер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді. Осыдан кейін алаңдарға, вокзал алаңдарына және тротуарларға назар аударылады. Қар тазалаумен қатар жолдарға, жаяу жүргіншілер өткелдеріне, саты тәріздес көтерілетін орындар мен қиылыстарға инертті материалдар себіледі. Бұл да қозғалыс жағдайын жақсартуға ықпал етеді, – дейді Көкшетау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бастығы Ә.Рақымжанов.
Қыс басталып, қар түскелі қаладан 7700 текше метр қар шығарылыпты. Ауыр жүк техникалары күніне 95 рейс жасайтын көрінеді.
Қала көшелерін қардан тазарту – бұл жай ғана міндет емес, сонымен қатар, азаматтар үшін қауіпсіз және жайлы жағдайларды сақтау қажеттілігі. Көкшетауда жауған қарды тазалау мен қалалық көліктердің қалыпты жүріп-тұруын қамтамасыз ету үшін барлық шаралар қабылдануда дейді мердігерлер.
Ы.ШАМШИЕВА.