Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ел ырысын ысырапсыз жинап алдық - АРҚА АЖАРЫ

Ел ырысын ысырапсыз жинап алдық

Биыл Ақмола облысы үшін егін ору науқаны сәтті аяқталып отыр. Еліміздің құт қамбасына ақмолалықтар 6,6 миллион тонна астық құйып, ауыл шаруашылығы саласындағы көшбасшы екендігін тағы бір дәлелдеді. Бұл жетістікке атбасарлық диқандардың қосқан үлес салмағы мол деп білемін.

Ауданда негізгі егін ору жұмыстары аяқталғанымен, әлі де тиісті шаруалардың басын қайыру қажет. Жалпы, ауданның аграрлық секторында 240 шаруашылық субъектісі бар, оның 74-і жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер болса, 166-сы шаруа қожалықтары. Биылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, бұл шаруашылықтар ел қамы үшін әрі өз табысы үшін маңдай терлерін төгіп, барын салды. Егін жинауға барлық шаруа қожалықтары белсенді қатысып, күн сайын мол ырыздықты шашпай-төкпей жинауға 579 комбайн, 274 автомобиль, 148 тіркемесі бар доңғалақты тракторлар жұмылдырылды.

Биыл ауданымыздың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 409,7 мың гектар алқапқа дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егіп, күзгі жиын-терім науқанын сәтті аяқтай алды. Диқандар биыл бұл алқаптан 549,2 мың тонна астық орып, ел несібесі гектарынан орташа есеппен 13,4 центнерден айналды. Нақтырақ айтқанда, 329 181 гектар аумаққа себілген бидай өнімділігі 12,1 центнерден айналса, 69 288 гектар алқаптағы арпа гектарына 18,8 центнер өнімділікпен шықты. 5,4 мың гектарға себілген сұлы да биыл жақсы өнім беріп, гектарынан 24,8 центнерден орылды. Сол тәрізді жасымық,  бұршақ, жаңғақ, жүгері өнімдері де жоспардағыдай шықты.

Майлы дақылдарды жинау жұмыстары да толық аяқталды. 16 286 гектарды құрайтын майлы дақылдар алаңының 7748 гектарына күнбағыс себіліп, ол 12,2 центнер шығымдылықпен аудан ырыздығын молайта түсті. Сонымен бірге, 7,4 мың гектардан зығыр, 776 гектардан қыша, сол тәрізді, 258 гектар алқаптағы рапс та 11-14 центнер аралығындағы өнімділікпен шықты.  Мал азығына арналған жемшөп алаңы 18 879 гектарды алса, бүгінде 31,5 мың тоннасы жиналды, бұл бағыттағы өнімділік көлемі гектарына 16,7 центнерді құрады.

Жалпы, ел халқы үшін маңызды өнімдердің бірі саналатын картоп 1004 гектар алқаптан жиналды, оның ішінде 296 гектары ауыл шаруашылығы құрылымдарына тиесілі. Картоптың орташа өнімділігі гектарынан 256 центнерді құрады Көкөністер егілген аумақ 92,2 гектар болса, оның өнімділігі 120 центнерден шықты.

Элеваторлардың жүктемесіне ойыссақ, ауданда жалпы сыйымдылығы 663,8 мың тонна болатын 12 лицензияланған элеватор жұмыс істейді. Олардың барлығы қазіргі уақытта егін қабылдау жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі таңда аудан бойынша 417,2 мың тоннадан астам астық қабылданды. Оның ішінде 163,2 мың тоннасын «Лана ХПП» ЖШС элеваторы қабылдап алғанын атап өткен жөн.

Бидай бойынша 191,5 мың тонна 3-сыныпты, 83,1 мың тонна 4-сыныпты, 25,5 мың тонна 5-сыныпты және ешбір сыныпқа жатпайтын 9,2 мың тонна өнім қабылданды. Сонымен бірге, қабылданған арпа 107,9 мың тоннаны құрады.

Егін жинау жұмыстары басталғалы тұқым қорын толтыруға да үлкен мән берілді. Алдағы жылы егіске 50 мың тонна бидай қорын дайындау жоспарланған болса, бүгінгі таңда ол қор толығымен әзір.

Ауыл шаруашылығы экономиканың ең осал, ең жауапты секторы болып табылады, өйткені, ол көбінесе климаттық жағдайларға байланысты. Бірақ, қандай жағдай болмасын, «Әріп-Агро», «Шуйское ХХІ», «Полтавка 2», «Шыңғыс» сияқты ірі шаруашылықтар өз ісін абыроймен және кәсіби түрде жүргізіп, еккен өнімдерін гектарынан 20,5-24 центнерден алып, аудан абыройын бір көтеріп тастағанын атап өткім келіп отыр. Сонымен бірге, гектарынан 12-19 центнерден өнім өндірген «Алтын дан», «Абдуалиевтер», «Бастау», «Сепе-2012», «Қаражар Агро 2019», «Қазақстан 2030» тәрізді серіктестіктердің де жұмысы ерекше атап өтуге тұрарлық.

Жыл басынан бері аудан аграршылары жалпы сомасы 1 миллиард 183 миллион теңгені құрайтын қомақты қаржыға машина-трактор паркін жаңартып, 26 техника сатып алды. Атап айтқанда, 19 трактор, 3 астық жинайтын комбайн, 4 басқа да қажетті ауыл шаруашылығы техникасын алды. Жыл сайын мемлекет тарапынан субсидиялар түрінде қолдау көрсетіліп, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру алаңдары кеңейтіліп келеді.

Ауданның мал өсірушілері де жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтауда. Аудандағы негізгі өнім түрлерінің өндірісі бойынша ағымдағы жылдың 1 қарашадағы көрсеткіштеріне сүйенсек, 4 102 тонна ет, 12 354 тонна сүт, 6 661 дана тауық жұмыртқасы өндіріліпті. Ауданның мал шаруашылығының дамуына «Шуйское ХХІ», «Алтындан», «Шортанбай-2019»,  «Сепе-2012» сияқты шаруашылықтар зор үлес қосуда.

Осылайша, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттыру, осы ауыл шаруашылығы құрылымдарында агротехникалық іс-шараларды уақытылы және сапалы жүргізу бойынша көпжылдық мақсатты жұмыстың нәтижесінде биыл ең жоғары өнімге қол жеткізілді.

Ауданның ауыл шаруашылығы өндірісіндегі бүгінгі жетістіктер соңғы шек емес, себебі, өңіріміздің аграрлық секторының әлеуеті айтарлықтай жоғары. Алда егіншілік мәдениеті мен егістік өнімділігі деңгейін одан әрі көтеру бойынша аса маңызды міндеттер күтіп тұр. Сол межеден шығу үшін еселі еңбек ете береміз деген ойдамын.

Әли БЕГАЛИНОВ,
Атбасар ауданы әкімінің жер қатынастары, ауыл шаруашылығы,
кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар