Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жолдар салынып, жөнделіп, жаңа автобустар сатып алынуда - АРҚА АЖАРЫ

Жолдар салынып, жөнделіп, жаңа автобустар сатып алынуда

Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков «Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жөнінде қолға алынып жатқан жобалар туралы» брифинг өткізіп, БАҚ өкілдерінің қойған сауалдарына жауап берді.

Көлік инфрақұрылымы ел, аймақ экономикасының дамуының маңызды құрамдас бөлігі болып табылатындығы белгілі.

Ағымдағы жылы облыста жергілікті маңызы бар жолдарды салу және жөндеуге 71,5 миллиард теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 19,9 миллиард теңге, облыстық бюджеттен – 51,6 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бұл қаражат 130-дан астам жобаны жүзеге асыруға бағытталды. Жалпы алғанда, шамамен 600 шақырым автожол салынды және жөнделді.

–Құрылыс-монтаж жұмыстары келесі бағдарламалар аясында жүзеге асырылуда, яғни, «Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салу және жөндеу», «Астана қаласына жақын орналасқан елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары», «Өңірлерді дамыту»,  «Ауыл – Ел бесігі», «Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту», «Моноқалалар мен шағын қалаларды дамыту», «Көше-жол желісін, аудандық маңызы бар жолдарды, сондай-ақ, Көкшетау, Степногорск, Қосшы қалаларының жолдарын салу және жөндеуге арналған трансферттер», «Жайлы мектептерге кірме жолдарды салу». Маңызды жобалар шеңберінде «Щучинск-Степняк-Уәлиханов», «Астана қаласының шығыс айналма жолы – Сарыоба станциясы», «Бабатай-Волгодоновка-Береке-Бұлақсай», «Жаңа Қалқұтан-Ақкөл-Азат-Минское», «Щучинск-Николаевка», «Бурабай-Қатаркөл», «Қорғалжын-Арықты-Сабынды», «Жақсы-Державинск», «Есіл-Свободное-Раздольное», «Жолымбет-Шортанды-Пригородное» автожолдары бойынша күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жалғасын табуда. Әсіресе, елордаға жақын орналасқан елді мекендердің, яғни, Қосшы, Талапкер, Қараөткел, Қоянды, Жібек Жолы, Қызылжар, Қызылсуат және тағы басқа ауылдардың көше-жол желісін салу және жөндеу мәселелеріне үлкен мән берілуде, – деді өз сөзінде басқарма басшысы.

Көктемгі су тасқыны кезеңінде облыста республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарда 141 су тасу жағдайы тіркелген болатын. Соның салдарынан жергілікті маңызы бар автожолдардың 40-қа жуық учаскесі зақымданды, жалпы ұзындығы 20 шақырымнан астам жол учаскелері шайылып, 3 көпір бүлінді. Олар «Жалтыр-Макинск», «Қима-Терісақкан» автожолының кей бөліктері, Көкшетау қаласындағы Б.Әшімов көшесі бойындағы көпір, тағы сол сияқты зақымданулар. Сондай-ақ, «Ақмол-Нұресіл-Талапкер» автожолындағы учаскеде жаңа көпір салу қажет. Қазіргі уақытта 15 учаскенің жол жабыны жартылай қалпына келтірілді. Бұл жұмыстарға Үкімет резервінен Астрахан, Атбасар, Есіл, Жарқайың аудандарында және Көкшетау қаласында 15 жобаны жүзеге асыру үшін 4,8 миллиард теңге бөлінген.

Қоғамдық көлік мәселесі де маңызды әлеуметтік бағыттардың бірі болып табылады. Бүгінгі күні облыста автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалдайтын 108 тұрақты маршрут жұмыс істейді. Олар 55 қалаішілік 4 ауылішілік, 15 қала маңы, 21 ауданішілік, 10 облысішілік, 7 облысаралық маршруттар.

91 маршрут әлеуметтік маңызы бар маршруттар деп танылып, субсидиялауға жатады. Бұл шара қоғамдық көліктегі әлеуметтік тарифті сақтау арқылы тұрғындарға қолдау көрсетуге және тасымалдаушылардың шығындарын ішінара өтеуге бағытталған.  Соңғы үш жылда қоғамдық көлікке инвестициялар көлемі 5,1 миллиард теңгені құрады. Ағымдағы жылы әлеуметтік маңызы бар маршруттарды субсидиялауға 2,3 миллиард теңге бөлінді, оның ішінде облыстық бюджеттен – 625 миллион теңге бөлінсе, қалған 1,7 миллиард  теңге аудандар мен қалалар бюджеттерінен бөлініпті.

Қалаішілік қоғамдық көлік үшін автобустарды жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2019-2020 жылдары Көкшетау қаласы үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында YUTONG маркалы 94 жаңа автобус сатып алынды. 2019 жылы осындай 44, 2020 жылы 50 автобус сатып алынған еді.

–Ағымдағы жылдың басынан бастап облыстағы тасымалдаушылардың қолдауымен Степногорск қаласында 13, Көкшетау қаласында 7, Щучинск қаласында 4 автобус облысаралық маршруттарға 2 автобус сатып алынды. Бұл бағытта жұмыстар одан әрі жалғасуда. Көкшетау қаласына «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы 10 жаңа автобус сатып алуға өтінім берді. Олардың жеткізілуі 2025 жылдың наурызына жоспарланған. Облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар маршруттарды жүз пайыз жаңарту үшін 74 автобус қажет, – деп түйіндеді өз сөзін Владимир Кулаков.

Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар