Көкшетау қаласында 2024 жылдың 20 қарашасында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күніне арналған форумда құттықтау сөз сөйлеп, еңбек ардагерлері мен саланың үздіктеріне мемлекеттік наградаларды тапсырды. Биылғы салтанатты шараның бір ерекшелігі – жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға елеулі үлес қосып, маңдай терін төккен қарапайым еңбеккерлерінің қажырлы еңбектері лайықты бағасын алды.
Жыл сайын елімізде қарашаның үшінші жексенбісінде Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні аталып өтіледі. Бұл күні жыл бойы ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстың нәтижелері қорытындыланып, еңбек адамдарының ел экономикасына қосып жатқан елеулі үлестері мен қажырлы еңбегі бағаланады. Осы мерекеге орай, «Көкшетау» мәдениет сарайында ұйымдастырылған форумда биыл егінжай төсіндеауа райының қолайсыздығына қарамай, күн-түн демей тер төккен, ауыл шаруашылығы техникаларында білек сыбана жұмыс істеп жүрген механизаторлар, тракторшылар мен комбайншылар, диқандар, агрономдар, түрлі фермалардың малшылары мен сауыншылары, ветеринар дәрігерлері, қайта өңдеу саласының технологтары мен қарапайым жұмысшылары зор құрметке ие болды. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі ауылдың келбетін келтіріп отырған жандар құрмет-қошеметке бөленді. Салтанатты шара барысында еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары таратылды.
–Биыл Ақмола облысы еліміз бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерінің көшбасшысы екендігін дәлелдей түсті. Астық бастырудан рекордтық нәтижеге қол жеткізіп, гектарынан 14,1 центнер өнімділікпен 6,6 миллион тонна астық жинадық, сөйтіп, еліміздің басты нан қоймасы мәртебесін бекіттік. Мұндай көрсеткіш соңғы онжылдықта болмаған, – деді облыс әкімі құттықтау сөзінің барысында.
Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,5 есеге өсіп, ол 828 миллиард теңгені құрады. Кейбір жеке шаруа қожалықтары егіс алқаптарында агротехнологияны тиімді қолдануының арқасында бидайды гектарынан 60 центнерден айналдырды. Осындай шаруашылықтар қатарында «Родина» агрофирмасы», «Журавлевка-1», «Максимовское», «Диқан плюс», «Ен дала», «Шуйское» серіктестіктері бар.
Облыс басшысы Марат Ахметжанов өзінің құттықтау сөзінде бұл жетістікке өңір диқандары мен шаруаларының қажырлы да қайратты еңбегінің арқасында қол жеткізілгенін ерекше атап өтіп, биылғы егіншілік науқанытың және тыңайған жерлерді игерудің 70 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғандығына назар аударды.
– Республикалық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумында Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік награда алғандардың қатарында зоотехниктер, шопандар, технологтар мен комбайншылар бар екенін атап өтіп, адал еңбекті дәріптейтін мұндай тұлғалар келешек ұрпаққа үлгі екендігіне назар аударды. Солардың ішінде Президенттің Жарлығымен тоғыз ақмолалық аграршылар да мемлекеттік наградаға қол жеткізді. Атап айтқанда, Жақсы ауданындағы «ТНК агрофирмасының» бас директоры Батырбек Уәлиев екінші дәрежелі «Барыс» орденінің иегері атанды. Мемлекет басшысы «Родина» агрофирмасының» бас директоры Иван Сауэрдіңауыл шаруашылығы саласының ірі өкілі екендігін, өз туған жеріне деген жасап отырған қамқорлығын ерекше атап өтті. Бұл біз үшін үлкен мерей, – деді сөйлеген сөзінде аймақ басшысы.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің республикалық форумында Ақмола облысын үлгі ете келе: «Бұл аймақ елорданың «азық-түлік белдеуі» деген атқа лайық екенін дәлелдеді. Биыл облыстың ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі екі есеге өскен. Бұл – өте жақсы нәтиже» деген болатын. Сөзімізге дәлел болсын, Ақмола облысынан Астанаға күн сайын шамамен 80 тонна ет және ет өнімдері, 320 тонна сүт өнімдері, 700 мың тоннаға жуық жұмыртқа және 25 тонна ұн жеткізіледі. Өңірдің 125-тен астам кәсіпорны өз өнімдерін Астанадағы 44 ірі сауда орталықтарына, базарларға тұрақты түрде жеткізіп тұрады.
Өңір басшысының мәлімдеуінше, биыл облыста ауыл шаруашылығына қажетті техникалық база да біршама жақсарған. Дала жұмыстарына соңғы үлгідегі 16 мың техника жұмылдырылған екен. Сонымен бірге, форум барысында ауыл шаруашылығын жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу, аграршыларға қолдау көрсету мәселелеріне алда ерекше назар аударылатыны, аграрлық секторды дамыту үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасатыны айтылып, мемлекеттік қолдауды кеңейту, инфрақұрылымды жаңарту, мамандарды оқыту жағына ерекше мән берілетіндігі айтылды.
Облыстың ауыл шаруашылығы өндірушілері мен саланың дамуы барысында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы жан-жақты баяндамадан соң, облыс әкімі салтанатты марапатты бастады. Онда ауыл шаруашылығы саласына зор еңбегі сіңген бірнеше азамат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медальдерін кеуделеріне тақты.
Атап айтсақ, экономиканы, әлеуметтік саланы дамытуға сіңірген еңбегі және белсенді қоғамдық қызметі үшін «Құрмет» орденімен Жақсы ауданының «Запорожье Агро» ЖШС-нің атқарушы директоры Жұмаш Нұрғалиев, Ақкөл ауданының «Еңбек» ЖШС-нің бас инжинері Бақтыгелді Тығынбаев, Бурабай ауданының «AF Burabay-2007 GSK» ЖШС-нің40 жылдық еңбек өтілі бар механизатор-комбайншысы Мырзахмет Аймурзиевнаградталса, «Ерен еңбегі үшін» медалі 4150 тонна астық бастырған сандықтаулық механизатор-комбайншы, Сергей Гришиннің, бурабайлық «KazBeef» Processing» ЖШС ет өңдеу цехының шебері Асылжан Қанжаровтың кеудесінде жарқырады. Сонымен бірге, бір топ еңбек адамы «Еңбек ардагері», «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгілеріне ие болды. Алғаш рет бірқатар аграршылар «Ақмола – еңбек озаты» төсбелгісімен марапатталды. Олардың қатарында Социалистік Еңбек Ерлері – Есілбай Қадырәлин мен Валентин Щербаков, Біржан сал ауданының құрметті азаматы Алтынай Базылова,қарапайым жұмысшылар, механизаторлар Дүйсембай Ысқақов, Владимир Герасимов пен Валерий Мурашов бар. Сондай-ақ, марапаттау барысында бірқатар өндіріс үздіктері – сауыншылар, механизаторлар, агрономдар, жүргізушілер мен құс өсушілер және тағы да басқа еңбек озаттары арнайы аталымдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды. Жалпы, биыл 200-ден астам ақмолалық Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай түрлі марапаттарға ие болды.
Облыстың ауыл шаруашылығы саласында үлгі тұтарлық еңбек әулеттері жетерлік. Олар ауылдардағы шаруа қожалықтарында талай жылдардан бері қажымай-талмай жұмыс істеп, ұрпақтарынаадал еңбек етудің үлгісін көрсетіп келеді. Биыл осындай үш еңбек әулетіне ерекше құрмет көрсетіліп, облыс әкімі жаңа автокөліктердің кілттерін табыс етті. Мәселен, осы кілттердің бірін алған Целиноград ауданының тұрғыны Городецкий әулетінің агрофирмадағы жалпы еңбек өтілі 452 жылды құрайды екен. Сол сияқты,мұндай автокөлікті Жақсы ауданының тұрғыны Сергей Райскийдің, Бурабай ауданының механизаторлар әулеті Бейбіт Каспиевтің отбасылары иеленді. «Еңбегіне қарай – өнбегі» деген осы шығар.
Марапаттау барысында Социалистік Еңбек Ері Есілбай Қадырәлин, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр сөз сөйлеп, елдің экономикалық даму жолына елеулі үлес қосып жүрген аграршыларды биылғы нәтижелі жетістіктерімен құттықтадыәрі облыс әкіміне ізгі тілектерін жеткізді.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Тіпті, салтанатты шараның тізгінін ұстауға Елорда төрінен белгілі кино және театр актері, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Әлімжанов пен «Хабар» агенттігінің жүргізушісі, ҚР Бұқаралық ақпарат құралдарының үздігі Лаура Жақыпова шақырылып, аграршылардың көңілін бір марқайтып тастады. Форумнан кейінгі мерекелік концертте көкшетаулық өнерпаздармен бірге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Нұрлан Өнербаев та өнер көрсетті.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.