АҚКӨЛ. Биыл ауданда 51 жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 81 шаруа қожалығы егін салды.
Алтын күзде барлығы 156,5 мың гектар дәнді және бұршақ дақылдары орылып, 219,2 мың тонна бастырылды, сөйтіп, астық түсімі орта есеппен гектарына 14,0 центнерден айналды. Оның ішінде, бидай – 189,4 мың тонна, арпа – 26,3 мың тонна, сұлы – 2,4 мың тонна, жасымық 1,1 мың тонна, қарақұмық 0,25 мың тоннаны құрады.
Ағымдағы жылғы орақ науқанына 88 комбайн, оның ішінде 30 шет елдің комбайны, 89 жатка, оның ішінде 12 тіркеме жатка қатысты.
Бір комбайнның орташа жүктемесі 393 гектарды құрады, бұл бекітілген орақ жұмыстары жоспарына сәйкес келеді. Ауданда жиналған астықты құрғатып, тиісті кондицияға жеткізуге 6 астық кептіргішбар. Қазір де олар қажетіне қарай жұмысқа қосылған.
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі мал азығы дақылдарының жеткілікті мөлшерде өсіп-өнуі үшін қолайлы ауа райы жағдайын ескере отырып, екі жылдық қорға тең мөлшерде шөп дайындау жоспарын бекіткен еді. Ауданымызда мал азығын дайындау жұмыстары белсенді жүргізіліп, барлық дайындалған шөп 72,0 мың тоннаны құрады. Бұл – екі жылдың жоспарындағыдай шөп көлемі.
Сүтті және ет бағытындағы малды бордақылау үшін пішендеме дайындау да қолға алынған еді. Бұл жұмысты биыл екі тауарлы-сүт фермасы жүргізді.Сөйтіп, «Еңбек» және «Ақкөл-Агро» серіктестіктерімен барлығы 13,4 мың тонна жасыл балауса жиналды.
2024 жылғы астық жинау науқанына68 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері2592 тонна кепілдендірілген дизель отынымен қамтамасыз етіліп, соның нәтижесінде егін орағы ойдағыдай мәресіне жетті. Қазіргі уақытта жинап алынған астықты дұрыс сату мәселелері күн тәртібінде тұр.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.