Бүгінгі таңда мемлекеттік саясаттың бір бағыты болып отырған ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруда ұрпақ тәрбиесінің маңызы зор. Өйткені, сол болмысты балабақша, мектеп, кейін жоғары білім ордаларынан бойларына сіңіре аламыз.
Әрине, бұл жолда ұстаздар қауымының еңбегі мен білімі бірінші орынға шығады. Ал, жаңа болмысты бәсекеге қабілетті, заманауи технологияны меңгерген, жаһандану тенденциясына сай болу десек, ұлт үшін өзінің ана тілін, түп тамырын, тарихын білу олардан да бағалы болуы тиіс. Рухы оянған еліміз бұл қасиеттерді дарытудан да кем қалмай, сан ғасырлық мәдениетімізді зерттеу жұмыстарын үздіксіз жалғастырып келеді. Осы орайда, өңірімізде тарихи мұраны зерттеумен айналысатын мектеп жайлы айтпақпыз. Әуелі осы жұмыстардың бастамашысы және идеясының авторы, Жақсы ауданы білім бөлімінің Запорожье ауылы жалпы білім беретін мектебінің директоры Ерлан Байдүйсенов туралы тоқталайын.
Ерлан Рашитұлы 1963 жылы 12 қыркүйекте Ақмола облысы, Жақсы ауданы, Амангелді ауылында дүниеге келген. 1986 жылы КСРО-ның 50 жылдығы атындағы Қостанай педагогикалық институтын тарих және педагогика мамандығы бойынша бітіріп, тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі және тәрбие жұмысының әдіскері біліктілігін алады. Ұстаздық жолын Қима ауылындағы №2 орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1986-1993 жылдары осы мектептің директоры болса, 1994-тен 2009 жылға дейін Ғ.Абдрахманов атындағы Жаңа Қима орта мектебінің тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі болып сүбелі еңбек етеді. 2009 жылдан бастап Запорожье ауылыжалпы білім беретін мектебінің директоры қызметін абыроймен атқарып келеді.Оның жетекшілігімен мектеп оқу үрдісінде үлкен жетістіктерге жетіп, түлектері соңғы жылдары «Алтын белгі» иегерлері атанып, үздік аттестатқа ие болуда. Дәстүр бойынша мектеп оқушылары аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі пәндік олимпиадаларда, зияткерлік сайыстарда тұрақтытүрде жетістіктерге жетіп жүр. Мектептің педагогикалық ұжымы үнемі кәсіби деңгейлерін көтеріп, мұғалімдер өз тәжірибелерімен бөлісіп, аудан және облыстағы әріптестеріне семинарлар, коучингтер, ашық сабақтар өткізеді.
Белсенділік пен бастамашылдыққа жаны жақын, оны барынша іске асыруға деген ұмтылыспен демократиялық басқару стиліне басымдық берген Ерлан Рашитұлының өзі ғылыми және өлкетану жұмыстарымен белсенді айналысады. Мектеп директорының айтуынша, 2004 жылдан бастап жыл сайын археологиялық қазбаларға шыға бастаған. Жұмысты Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Кемал Ақышев атындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Хабдулина басқарып, Бозоқ елді мекенінен бастайды. 2012 жылдың өзінде мектеп базасында қызығушылық танытқан оқушылар мен тарих пәнінің мұғалімдері арасынан «Nomad» клубы ұйымдастырылады. Айтпақшы, клуб ашылғанға дейін мектепте мұражай болған.
– Біз жоғары оқу орындарымен және мәдениет мекемелерімен ынтымақтастамыз. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайымен меморандумға отырдық, археологиялық қазба жұмыстарына қатысу үшін Кемал Ақышев атындағы ғылыми-зерттеу институтымен тығыз байланыс орнатуды жалғастырудамыз. Сондай-ақ, біз Қазақстан Республикасының Ұлттық музейімен де бірлескен зерттеулер жүргіземіз. Біздің мақсатымыз – өлкетануды дамыту, оны кеңінен насихаттау, тарихи ескерткіштерді іздестіру, зерттеу, сақтау және мәдени айналымға енгізуге ықпал ету, – дейді өз сөзінде Ерлан Байдүйсенов.
Осы жылдар көлемінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы археология ғылыми-зерттеу институтымен бірге шәкірттері біраз жылдар бойы Есіл стационарлық археологиялық экспедициясының белсенді қатысушылары болды. Еуразия даласындағы бірегей археологиялық ескерткіш, – көне Бозоқ қалашығын зерттеуге қатысу ұжымды алға жетелейді. Жыл сайын «Nomad» археологиялық клубының қатысушылары археологиялық экспедицияларға шығып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, мұражай қорын құнды жәдігерлермен толықтырады.Бұл жұмыстардың қорытындысы бойынша оқушыларға арналған облыстық ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздары осы мектептен шығуда. Олар Саят Абсадықов «Ұлы дала елі», Р.Серікпаев пен М.Сарханов «Археологиялық экспедиция» (2017), Иван Алешин «Тарих, өлкетану және этномәдениет» (2019,2022) қатарлы ғылыми байқауларының жеңімпаздары болған. Оған қоса, мектептің екі түлегі – Алтынбек Қайыржанов пен Ілияс Аштаев тарих білімін алып, бүгінде өздері білім алған оқу орнында тарих пәнінен сабақ береді. Алтынбек Қайыржанов Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген соң 2016 жылы осы мектепке жұмысқа орналасты. Қазір ол мектепте мұражайды басқарады.
Сондай-ақ, Ерлан Рашитұлының бастамасымен мектепте «Nomad» клубы мүшелерінің археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлері бар тарихи-өлкетану мұражайы ашылған. Қазіргі уақытта мектеп мұражайында 350-ден астам экспонат бар. Мұнда экспедициялардан әкелінген тас құралдарды, қырғыштарды, сүйектер мен темір жебелердің ұштарын және басқа да жәдігерлерді көруге болады. Көбі ежелгі заманға тиесілі экспонаттар. Олардың ішінде макролиттер: әр түрлі тастан, тасты қаптау әдісімен қиыршық тастардан жасалған қарабайыр адамдардың тас құралдары бар. Кейбір қарудың ұзындығы 20 сантиметрге жетіп, салмағы бір келіден асады. Қола жебелер архаикалық пішінді екі жүзді ұштары гауһар тәрізді, ұзын жапырақ қауырсынмен сапталған. Мұндай бұйымдар біздің дәуірімізге дейінгі 6-7 ғасырлардағы кешендерде даланың шығыс аймағында кеңінен таралған скифтерге дейінгі формаларға жатады.
Сонымен бірге, бүгінде мектептің археологиялық ұжымы алға тың жоспар құруда. Оларалдағы жылы Шығыс Қазақстанға экспедицияға қатысуға шақырту алған.
–Біз Зайсан, Тарбағатай аудандарын аралауды жоспарлап отырмыз. Ақмола облысының білім басқармасы, аудан басшылары, білім бөлімі, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы тарапынан қолдау бар, –деп атап өтті Ерлан Рашитұлы.
Оның айтуынша, экспедицияларға қатысуды жалғастырып, Берел, Түркістан мен Отырар, Ұлытау жерлерін аралау арқылы мол тәжірибе мен құнды жәдігерлер жинауды жалғастыру маңызды. Экспонаттар қатары әліде толықса, мұражайды жаңадан қайта құру жоспарланған.
–Макеттері қазірдің өзінде дайындалды. Біз де ауылымызға жақын жерде қазақтың қыстауын қайта жасағымыз келеді. Ата-бабаларымыз қалай өмір сүргенін көрсеткіміз келеді. Біздің міндет жұмысты жалғастыру әрі мүмкіндігінше басқа мектептердің балалары мен оқушыларын тарих пәніне көбірек тарту. Сонымен қатар, мұражайды кеңейту, – деп қорытындылады өз сөзін Ерлан Байдүйсенов.
Міне осылайша, Запорожье ауылының оқушылары мектеп қабырғасында білім мен өнерді, тәрбиені бойға сіңірудің сыртында өзінің туған елі мен жерінің ежелгітөл тарихымен танысуда. Яғни, археологиялық зерттеу жұмыстарымен айналысуда. Оқушы кездерінен басталған бұл сара жол оларды еліміздің білікті археолог, өлкетанушыларының қатарына қосары да даусыз. Бұлда бұрмаланған тарихымызды қалпына келтіруге үлкен септігін тигізетін игі істің басы. Осы жұмыстардың артында басқарушылық қабілеті мен талабы жоғары, тәжірибелі басшы Ерлан Байдүйсеновтің тұрғанын айта кеткен жөн. Алғаш ұстаздық жолдан бастап бүгінге дейінгі 40 жылға жуық қызметінде талай еңбекпен үлгілі істер жатқаны белгілі. Әрине, еңбегі бағаланбай қалмады. Маңдай тері ақталып, бірқатар кәсіби жетістіктерге жетті. Сөзіміз дәлелсіз болмас үшін бірқатарын атап өтейін «Қазақстандағы ауыл мектебінің мұғалімі -2005» конкурсының жеңімпазынан бастап, «Инновациялық идеялар панорамасы» (2006), «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Білім мәдениеті: ғылыми-зерттеу қызметінің негіздері» жобасы (2017), «Жаңғырту мен тарихи сананы қалыптастыру бірлігі» облыстық тарих мұғалімдерінің форумы (2017), облыстық «Табысты менеджер-2018», «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық байқауы (2020) секілді ірі байқауларда бақ сынап, өзінің үздік тәжірибесін, ізденімпаздығын ортаға сала білді. Оған қоса елеулі еңбегін бағалаған облыс, аудан басшылары және бейінді министрлік пен басқарма басшыларының Алғыс хаттары және 2020 жылы Қазақстан Республикасы білім қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасы мен 2022 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталып отыр.
Қазіргі уақытта Ерлан Рашитұлы мектеп жұмысымен шектелмей, Жақсы аудандық мәслихатының депутаты ретінде белсенді қоғамдық жұмыстарды жүргізіп, өз ауылының, өңірінің дамуына септігін тигізіп келеді. «Туған жерге туыңды тік», дегендей өскен өлкесінің тұрғындарымен үнемі байланыста болып, қажеттілігін өтеуге бар күш-жігерін жұмсауда. Ағымдағы жылы депутаттық қызметіндегі белсенділігі үшін «Қазақстан Республикасы мәслихаттарына 30 жыл» мерекелік және «Әлеуметтік ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Сөз соңында мектеп ұжымын білімге, оқушыларын археологиялық ғылымға жетелеген Ерлан Байдүйсеновтің біліктілігімен өз ұлтына деген құрметі бүгінгі жас буын үшін үлгі десек, артық емес.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Жақсы ауданы.