Әйтеке би Бәйбекұлы – 380
Көкшетау қалалық қазақ үлгілі кітапханасында қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Әйтеке би Бәйбекұлының 380 жылдығына орай, «Бірлікті ту еткен озық ойлы кемеңгер» атты танымдық сағат ұйымдастырылды.
Танымдық шара өз заманында елді бірлікке үндеу мен әділдіктің жарқын үлгісін көрсеткен осы бір тарихи тұлғаның жарқын бейнесін, артында қалған әдеби мұрасын жас ұрпаққа насихаттап, келер ұрпақтың өз елін, жерін сүюімен сабақтастыру, туған халқының ұлттық болмысына бойлауына ықпал етуді мақсат тұтты.
Әйтеке Байбекұлы – ұлтымыздың бірлігін нығайтуға үлес қосқан қазақ халқының атақты үш биінің бірі, мемлекет қайраткері. Әйтеке бидің шын есімі – Айтық. Оның шешендік қасиетінің ашылуына әкесі мен Қосуақ бидің ықпалы тиеді. Жеті жасынан бастап Әйтеке Жалаңтөс батыр мен атасы Ақша ханның тәрбиесінде болады. Ол алғаш Ұлықбек медресесінде, кейін Жалаңтөс салдырған әйгілі «Тіллә-кари» (Алтынмен апталған), «Шердор» (Арыстанды) медресесінде дін, құқық, аспан әлемі, тарих, математика пәндерінен дәріс алып, араб, парсы, шағатай, өзбек тілдерін меңгеріп шыққан. Медресені тәмамдаған Әйтеке еліне оралып, әкесімен ел басқару істеріне араласа бастайды. Ол жиырма бір жасында Бұқара мен Самарқан төңірегіндегі қазақ, өзбек, қарақалпақтардың бас биі болады. Ал, жиырма бес жасында Кіші жүз халқы оны бас би етіп сайлайды.
1680 жылы Салқам Жәңгірдің ұлы Тәукені хан етіп сайлауға айрықша атсалысады. Кейін Тәуке хан «Хан кеңесін» сайлап, Әйтеке бабамыз Кіші жүз атынан осы кеңестің мүшесі болып сайланған. Осы кезеңде Тәуке хан, Әнет баба, Соқыр Абыз, Майлы, Төле, Қазыбек, тағы басқа билердің қатысуымен 1684 жылы атақты «Жеті жарғы» қабылданады. Бұл заңдар жинағы қазақ қоғамында маңызды рөл атқарды. «Жеті Жарғыға» Әйтекенің ұсынысымен «Сүйек құны», «Өнер құны» баптары енгізіледі.
Шара барысында оқырмандарға ел бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан мемлекет қайраткері Әйтеке бидің өмір жолы, өскен ортасы және атқарған қызметі жайлы айтылды. Жиналғандарға «Әйтеке бидің ақ жолы» атты деректі фильм көрсетіліп, оған қоса, оқырман назарына «Билер сөзі – нақылдың көзі» атты кітап көрмесі ұсынылды. «Әйтеке би айтыпты» деген оның жиырма жеті ғақлия сөздерінен үзінділер жатқа оқылды.
Би-шешендеріміздің ел тыныштығы, халқымыздың бақытты келешегі, тәуелсіздігі үшін қауіп-қатерді елемей, бастарын бәйгеге тіккен осы бір шынайы отаншыл сезімі, қазақ халқын бір мақсатқа жұмылдырған ынтымақ-бірлігі келер ұрпаққа қашанда үлгі. Бүгінгі бақытты өміріміз осындай данагөй билеріміз бен батыр бабаларымыздың арқасы екенін жасұрпақ ешқашан ұмытпауы қажет. Сол үшін де тағылымдық, танымдық жағына баса мән берілген шара кітапхана оқырмандары мен студент жастардың қызығушылығын туғызып, көңілдегідей мәресіне жетті.
Жанар АЙТҚОЖИНА,
Көкшетау қалалық қазақ үлгілі кітапханасының меңгерушісі.