Жуырда Ақмола облысының жастар-ресурстық орталығы жастарға арналған жыл сайынғы «BASTAU Talks» қоғамдық дәрісін өткізді. Қоғамдық дәрістің негізгі мақсаты жастарды елімізде бизнес жүргізу мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру және ынталандыру болып табылады.
Сондай-ақ, дәстүрлі «Bastau Talks» қоғамдық дәрісін өткізудің өзектілігі біздің еліміздің стратегиялық міндеттеріне байланысты. Атап айтқанда, ол міндет – әлемнің бәсекеге барынша қабілетті дамыған елдердің қатарына кіру, нарықтық экономиканы дамыту. Аталған шараға спикер ретінде жеке кәсіпкер, «Шұғыла сән әлемінің» негізін қалаушысы және жетекшісі Самал Костанова мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының Ақмола облысы бойынша өңірлік филиалының қаржылай қолдау бағдарламаларын ілгерілету жөніндегі бас менеджері Ботагөз Хасенова және өзге де жас кәсіпкерлер шақырылды. Оған қоса, дәріске жоғары оқу орындарының, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Сонымен бірге, дәріс барысында кәсіпкерлер өздерінің бизнес бастаудағы жолдарын, қызықты сәттерін айтып, кәсіп ашуға қызығатын жастарға кейбір ұсыныстарын да айтып өтті. Мысалы, «Romantic» гүлдер орталығы франшизасының иесі Арман Сыздықовтың айтуынша, бизнеспен айналысу үшін ең алдымен өзіңе сенімді түрдетәуекелділікке бел буып, ештеңеден қорықпай, тек алға қарай ұмтылу керек. Ал, жарқайындық жас кәсіпкер Дарья Панькова өзінің кәсібін декреттік демалысы кезінде бастағанын әңгімеледі. «Басында бойымда қорқыныш орнады. Ең бірінші, 2022 жылдың желтоқсан айында фотостудиядан бастадым. Өмірлік жарым мені қолдап, бойыма сенім орнатты. Сол кезде бәсекелестіктен жаман қорқатын едім. Бірақ өз-өзімді қолыма алып, жаңа жыл кезінде фото түсірумен айналысып, кәсібімнің қаржылай нәтижесі белсенді түрде өсті. Уақыт өте келе, полиграфиялық кеңсе ашуды жөн көрдім. Әрине оңай болған жоқ. Алдымда қиындықтар көп болғанына қарамастан, оларға төтеп бере бастауды үйрендім», – дейді ол.
– Жастарға арналған бұл дәріс жұмыссыздықпен күрес және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша тиімді құрал болып табылады. Барлық алға қойылған міндеттерге қол жеткізу және ел экономикасының тұрақты дамуы үшін жас кәсіпкерлерді қолдау есте болуы қажет. Себебі, жастарелдің болашағы саналады, – дейді өз сөзінде шара модераторы, облыстық жастар орталығының бөлім басшысы Мақпал Жанарысова. Айта кетейік, іс-шараның соңында барлық спикерлерге Алғыс хаттар, ал, қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.