Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Республикалық оқу-жаттығуларда дайындық пысықталды - АРҚА АЖАРЫ

Республикалық оқу-жаттығуларда дайындық пысықталды

Екі күнге созылған «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары биыл Көкшетау қаласында ұйымдастырылды. Осыған байланысты командалық-штабтық оқу-жаттығудың республикалық штабы облыс орталығында орналасты. Жедел штабтың іс-қимылын Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісов басқарды.

Мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесі мен халықтың қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларды жою қабілетін арттыру мақсатында өткізілген іс-шарада шұғыл әрекет ету қызметтері мен құрылымдарының дайындығы тексеріліп, пысықталды.

Оқу-жаттығулары бұған дейін жоспарланғанындай, қаланың төрт аумағында өткізілді. Бірі – облыс орталығының әлеуметтік маңызы жоғары, тіршілікті қамтамасыз ету көзі болып табылатын №2 аудандық қазандық аумағындағы азаматтық қорғау күштері құрылымдарының құтқару операциясы болса, енді бірі – апат салдарынан орын алған автобустың өртенуі мен тұз қышқылының төгілуін жою оқиғасы еді, сонымен бірге, жоғалған адамды іздеу, тұрғын үй секторындағы коммуналдық апатты жою, мұз астына құлаған адамдарды құтқару секілді іс-қимылдар да пысықталды. Оқыс оқиғаларды жоюға облыстық төтенше жағдайлар департаменті, өрт сөндіру және азаматтық қорғау қызметтері, Ұлттық ұлан күштері, полиция қызметкерлері мен жергілікті атқару органдарының қызметшілері, еріктілер қатысты. Операцияда ұшқышсыз ұшу аппараттары, сондай-ақ, адамдарды тікұшақпен құтқару амалдары қолданылды.

Сонымен, жоспар бойынша оқу-жаттығу барысында құтқарушылар №2 аудандық қазандықтағы 800 шаршы метр алаңда орын алған келеңсіз жағдайды жойып, өрттен төрт жұмысшыны дін аман құтқарды. Бұл операцияға 21 техника, соның ішінде МИ-8АМТ тікұшағы және жеке құрамның 70 адамы жұмылдырылды. Сондай-ақ, Қопа көліне балық аулауға келген екі балықшы көлікпен мұздың үстімен жүріп келе жатқанда кенеттен мұз жарылып, суға түсіп кетеді. Құтқару операциясы барысында тікұшақтың көмегімен олар да аман-есен шығарылып, оқиға сәтті аяқталды.

Бұған қоса, жоғарыда атап өткеніміздей, өрт сөндірушілер басқа да шұғыл қызметтермен бірлесіп, қаланың тұрғын үйлерінің біріндегі және «Көкшетау-Омбы» республикалық маңызы бар жолдағы төтенше жағдайларды жойды. Зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуге медициналық қызметкерлер ғана емес, «Қызыл Ай» қоғамының еріктілері де қатысты. Олар зардап шеккендер мен құтқарушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етті.

–Бүгінгі республикалық командалық оқу-жаттығудың орталығы болып Көкшетау қаласы таңдалды. Оқу-жаттығу екі кезеңді құрады. Бірінші кезеңі тактикалық оқу-жаттығу ойындары түрінде республикалық және облыстық азаматтық қорғау қызметтері арасында өткізілді.  Екінші кезеңінде төрт түрлі оқу-тәжірибе бөлігі пысықталды. Бұл шараның маңыздылығы өте жоғары. Жалпы, республика бойынша мұндай 457 оқу-жаттығулары ұйымдастырылып, оларға 12 мың адам қатысуда және 4 мыңға жуық техника жұмылдырылған, –деді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтық қорғау және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Аян Райымбеков.

–«Қызыл Ай» қоғамының волонтерлері түрлі оқу-жаттығуларына, рейдтік іс-шараларға белсенді қатысып отырады. Біз зардап шеккен азаматтарға қол ұшын беріп, ыстық тамақ апарамыз, төтенше жағдайлар кезінде гуманитарлық көмек көрсетеміз. Қазір қорымызда төсек-орын жинақтары, жылы көрпелер мен киім-кешектер бар. Бүгінгі оқу-жаттығу жиынына бізден 7 адам қатысты, – дейді жаттығу барысында «Қызыл Ай» қоғамының облыстық филиалының директоры Асхат Уайысов.

Жалпы, оқу-жаттығудың барлық қатысушылары өз міндеттерін жедел және үйлесімді орындады. Республикалық штаб өкілдері оқу-жаттығудың ұйымдастырылуына және өткізілуіне, сонымен бірге,  оның барысында ақмолалық азаматтық қорғау қызметкерлерінің және басқа да қызметтердің дайындығына жоғары баға берді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар