Ақмола облысында 331 мың адам дене шынықтыру және спортпен айналысады. Бұл тұрғылықты халықтың 42 пайызын құрайды. Осы мақсатта өңірде 1836 спорт ғимараты жұмыс істейді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендин айтып өтті.
– Биыл Есіл және Қосшы қалаларында 2 заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта екі кешен де толық қуатында жұмыс істеп тұр. Және де Бурабай ауданының Мәдениет ауылындағы спорт кешенінің құрылысы аяқталды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тағы 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Олар Жақсы, Қорғалжын аудандарының орталықтарындағы, Шортанды ауданының Бозайғыр ауылы, Целиноград ауданы Родина ауылындағы кешендер. Сондай-ақ, облыстық бюджет қаражаты есебінен Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр ауылы мен Степногорск қаласының Бестөбе ауылында 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласында спорт сарайының құрылысы жүргізілуде. Спорт объектілерінің желісін ұлғайтуға бюджеттен тыс қаражат та тартылады. Мысалы, «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен Степногорск қаласында жылдам салынатын спорт кешені, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының есебінен Целиноград ауданы Қажымұқан ауылында спорт кешені салынуда. Қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін спорт ұйымдарының базасы оқу-жаттығу процесінен бос уақытта ересек тұрғындарға да ұсынылады, – деді өз сөзінде Ардақ Болатұлы.
Сонымен бірге, басқарма басшысы атап өткеніндей, облыста ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін «Мерген» спорт клубы бар. Онда спорттың жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, үстел теннисі, армрестлинг, ату, жүзу, еркін күрес, шаңғы жарысы, грек-рим күресі, шағын футбол, бадминтонсияқты 11 түрі қамтылған. Облыс бойынша бұл спорт түрлерімен 14,1 мың адам айналысады. «Үйірменің табысты жұмысы студенттердің екі олимпиадалық циклдегі жоғары нәтижелерімен расталады.Алдияр Балташев Рио-де-Жанейро қаласында өткен саңыраулар арасындағы 24-ші Жазғы Олимпиада ойындарында грек-рим күресінен қола медаль жеңіп алса, Давид Дегтярев пара пауэрлифтинг бойынша Жазғы Паралимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы атанды. Еркін Ғаббасов пневматикалық винтовкадан атудан Жазғы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері болса, Әмір Мұратбеков Жазғы Паралимпиада ойындарында 100 метрге брасс әдісімен жүзуден іріктеу турнирінде сәтті өнер көрсетіп, 8-ші орынға ие болды. Жалпы, облыс бойынша бұл санатқа тартылғандар саны 2454 адамды құрайды. 2021 жылдан бастап «Ерекше қажеттіліктері бар және аз қозғалатын топтардың спорт залына қолжетімділікті қамтамасыз ету жобасын ұйымдастыру» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша көрсетілетін қызмет 524 адамды қамтиды. Оның 96-сы балалар. Қызмет көрсететін спорт нысандарының мекенжайлары: «Дарын 1» спорт кешені, Көкшетау қаласы, Васильковский шағын ауданы, 4Б; «Дарын 2» спорт кешені Көкшетау қаласы, Бауыржан Момышұлы көшесі, 85. Осы қызметті көрсетуге жергілікті бюджеттен 62 миллион теңге сомасында қаржы бөлінді. Жобаға логопед, психолог, дефектолог, емдік дене шынықтыру бойынша жаттықтырушылар, тәрбиешілер сияқты мамандар тартылды, – деп Ардақ Төлендин бұл бағыттағы жұмыстарға дажеке тоқталып өтті.
Әртүрлі спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларына өңірдің 560 спортшысы кіреді. Олардың 24-і ұлттық спорт түрлерімен қамтылған. Қазіргі уақытта облыста кәсіби спорт саласында Қазақстан Республикасының чемпионаттарында өнер көрсететін 5 команда бар. Олар, шайбалы хоккейден «Арлан», футболдан «Оқжетпес» (ерлер мен әйелдер), баскетболдан «Оқжетпес (әйелдер), волейболдан «Ұшқын Көкшетау» ерлер командалары. Солардың ішінен «Арлан» хоккейшілері биыл да турнир кестесінде алдыңғы қатарда келе жатса, «Оқжетпес» клубы бірінші лигада чемпион атануымен бірге, жоғары топқа берілетін жолдаманы жеңіп алды.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.