Қазіргі заманда ғылым мен техниканың қарқынды дамуымен қатар, кей мамандық қолданыстан шығып жатса, енді бірі қажеттіліктен жаңадан пайда болып жатыр. Кезінде осындай қажеттіліктен туындаған кәсіптің бірі – адам денсаулығына пайдасы мол массаж жасау кәсібі. Қолдың күшін қажет ететін бұл оңай емес жұмыспен айналысып жүрген шипагерлердің бірі ؎ Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы жанындағы Көкшетау қалалық емханасының массажисі Ақлима Кенжебаева.
Ол бұрынғы Көкшетау облысы, Чкалов ауданы, Жарқайың ауылының тумасы. Сегіз жылдық мектепті бітіргеннен кейін бүгінде Солтүстік Қазақстан облысына қарайтын Тайынша қаласындағы кәсіптік-техникалық училищені аяқтайды. Кейін Бурабай ауыл шаруашылығы техникумын бітірген. 2000 жылы Көкшетау қаласына көшіп келгеннен кейін перзентханаға санитарка болып жұмысқа орналасады. 2019 жылы Көкшетау қаласындағы медициналық колледжді тәмамдап, жалпы тәжірибе медбикесі мамандығын алып шығады. Бес жылдай қаламыздың емханаларында медбике болып жұмыс істейді.
–Көптеген адамдар жұмыссыз екенін айтып, өмірден түңіліп жатады. Бірақ, екі қолға бір күрек табылады ғой. Әрекеті бізден, ал берекетіЖаратушыдан екенін естен шығармаған жөн. Мысалы, түрлі тәттілер, тіл үйірер тағамдар даярлап, оны да кәсіп көзіне айналдыруға болады. Адам жас кезінде бар жұмысты істеп көргені дұрыс. Сонда ғана қартайған шақта бейнеттің зейнетін көреміз. Мен өз бейіміме әрі мамандығыма қатысты болғандықтан, массаж жасауды меңгергенді жөн көрдім. Себебі, жан-дүнием соны қалап тұрды. Яғни, қолым қызып, өзімді бірдеңе жетіспей тұрғандай сезінетінмін. Кейін, адамдарға массаж жасағаннан кейін, өзімді жеңіл әрі жақсы сезіне бастадым. Міне, емханаларда массаж жасап жүргеніме биыл 24 жыл болып қалыпты. Осы уақыт аралығында тек елдің ризашылығына бөленіп келемін, – дейді Ақлима Меңдібайқызы.
Мамандығын жанындай жақсы көретін Ақлима отбасымен қаламыздағы жатақханалардың бірінде тұрады екен. Жолдасы үшінші топтағы мүгедек, 13 жасар ұлы, қолында қайын атасы да бар екен. Көп жыл бойы адамдардың сауығуына өз үлесін қосып жүрген кейіпкеріміз пәтерге қол жеткізе алмай жүрген көрінеді. Бірақ, алдағы жақсылықтан үмітін үзбейді.
Негізінде массаж бірінші кезекте адамның қан айналымын жақсартады. Бұрын адамдар ертеден кешке дейін қозғалыста болғандықтан, оларға массаждың аса қажеттілігі болған жоқ. Ал, қазір қозғалысымыз азайды. Жұмыстың көбін бізден гөрі техника атқарады. Тіпті, жаяу жүретіндер де азайып барады. Яғни, қазіргі адамдарға массаж ауадай қажет-ақ. Оны медицина да дәлелдеуде. Өйткені, дәрігерлер көптеген ауруға массаж алуды кеңес қылады.
–Қан айналымының төмендеуі иммунитетті нашарлатып, ағзада түрлі дерттерді тудырады. Қан қысымының көтерілуі, бас ауруы, жүрек-қан тамыр аурулары, остеохондроз, артроз сынды кеселдер көпті мазалайтыны анық. Инсульттің де пайда болуы содан. Бұл мәселемен уқалау әдісімен ғана күресуге болады. Маман ретінде массаждың емдік қасиеті барын қайталаудан жалықпаймын. Оны бас, мойынға, арқа мен белге, қол-аяққа, алақан-табанға, бетке де жасауға болады. Бірақ, кей кездері массажды мүлдем қолдануға болмайтын да сырқаттар бар. Себебі, ауруыңызды одан әрі асқындырып алуыңыз мүмкін. Өткір безгек ауруы, қан ауруы, туберкулез, іріңді, психикалық аурулар, өкпе, жүрек аурулары байқалса, уқалауға кеңес бермеймін. Қазіргі таңда емдік, классикалық, нүктелімассаждар өте танымал. Мәселен, адам денесінде 365 нүкте және маңызды 12 сызық бар. Бір ғана нүктелі массаждың өзі қан қысымын реттеп, инсулиннің деңгейін қалыпқа келтіріп, ас қорытуды жақсартып, иммундық жүйені реттейді, – дейді кейіпкеріміз уқалаудың қыр-сырымен тереңінен бөлісіп.
Ақлиманың айтуынша, әр істің өзіндік қиындықтары бар. Массаж жасау үшін үлкен ыждаһаттылық пен таусылмас күш-қуат керек. Ол бұл сала күн санап дамып келе жатқандықтан, гигиеналық, косметологиялық, нүктелі, емдік, мануалды массаждың өзге де түрлерін жан-жақты меңгергісі келетінін айта кетті. Яғни, алға қойған мақсаты айқын, жоспары нық.
–Мақсатым –халыққа қызмет көрсету, кішкене болса да елге пайдамды тигізу. Қатты науқас кісілерге, инсульт алған кісілерге емханамыздың оңалту бөлімінде массаж жасаймын. Мен үшін «Сенің массажыңнан кейін жақсы болып қалдым» деген алғыстан артығы жоқ, – дейді Ақлима Кенжебаева.
Кейіпкеріміздің жасап жүрген ісіне қарап-ақ, оның өз ісін сонша жақсы көретінін білдік. Өз ісінің шебері деген сөз осындай жандарға қарап айтылса керек. Несібесін адал еңбекпен тауып, қатарластарына үлгі болып жүрген Ақлиманың жұмысына тек сәттілік тілейміз. Өзіме емес, елге қызмет етемін деген осындайақ ниетті жандардың қатары арта берсе екен.
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Көкшетау қаласы.