Ынтымақ-бірлікті мерей тұтқан ұжымымызбен 60 жылдық тарихы бар мектебіміздің осы бір мерекелік шарасын жан-жақты атап өттік. Еңселі ғимаратымыз бойын тіктеп, алпыс белесті артта қалдырған атаулы күнді айналамызға кеңінен құлақтандыра отырып, жыл құсындай жылы ұясына айналып соққан түлектерімізбен қайта қауыштық.
Сағымдай өткен, қайта уысқа түспейтін жылдарды сағынышпен еске алып, «ұлық болсаң, кішік бол» дегендей, өмірден үлкен орнын тапқан небір азаматтарымыз бүгінгі күні сексенді алқымдап, тоқсанға жеткен ұстаздарының алдында бас иіп, ыстық лебіздерін білдірді. Өмірдің қайғысы мен қуанышы бірге жүретіні жадымыздан шықпай, бақилық болған мұғалімдері көз алдарына келіп, олардың есімін асқақтата атап өтіп, «Бал-Мырза» мейрамханасының төрінде әзірленген ас та сол арамыздан ажырағандардың разылығы үшін құран бағыштаудан басталды.
Мәжіліс залына жиналған дүйім жұрттың назары алтын ұямыздың 60 жылдық тарихи кезеңіне ауып, мектебіміздің директоры, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Қорғалжын ауданының құрметті азаматы Нұрлан Тәжин шолу жасады. Ол шолуды ел тізгінін ұстап отырған аудан әкімі Берік Жанбаев құттықтау сөзімен жалғастырды. Елінің тарихында есімі алтын әріппен өрнектелген ағамыз, техника ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының академигі Сұлтанбек Қожахметов елдігімізді сақтауға үлкен үлесін қосқан Қазыбек, Әйтеке, Төле билеріміздің суреті бейнеленген портретін бейбітшілігіміздің нышаны ретінде сыйға тартты, ұрпағымыз үшін құнды кітаптармен қорымызды толықтырды.
Әкіміміз «ауданымыздың құрметті азаматы» төсбелгісін табыстады. Шығыс елдері халықаралық архитектура Академиясының академигі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, мектебіміздің түлегі Серік Рүстембеков алтыннан да қымбат уақытын бөліп, биылдан бастап өз отбасының атынан дәстүрлі түрде жалғасын табатын, мектептегі жан-жақты білімді де белсенді оқушылар марапатталатын 100 мың теңгенің сертификатын берді. Атағы дүниенің төрт бұрышына жайыла аңызға айналған сәулетші, ҚР Сәулетшілер одағының президенті, ҚР-ның құрметті құрылысшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана-Бәйтерек» монументінің авторы Ақмырза Рүстембеков бауырының портретін үлгі тұтарлық құрметпен ұсынды. Мектеп мерейін үстем қылған Астана қаласындағы «Базис-А» құрылыс компаниясының басшысы, ҚР-ның Құрметті құрылысшысы Сейітжаппар Әлімжанов және өмірлік жары, Қазақстанның білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин төсбелгісі, «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалінің, «Жоғары оқу саласының үздік қызметкері» атағының иегері Айгүл Біжкенова әкелерінің құнды жазбаларын жарыққа шығарып, заманауи үлгіде жабдықталған кабинетіне сапасы сын көтеретін мультимедиялық тақта тарту ете отырып, аталмаған ұстаздарының есімін толықтыра еске алды. «Елім» деп елжіреген жанашыр ағамыз, «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Файзолла Қаменов, Қазақстан Журналистер одағының және Жамбыл атындағы халықаралық сыйлығының, «Қорғалжын ауданының құрметті азаматы», «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» төсбелгілерінің иегері Бәдуан Имаш, филология ғылымының докторы, қазақ тілінің маманы. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жантас Жақыпов және «Өрлеу» коммуналдық кәсіпорны директоры болып қызмет атқарған Леонид Гейленгер өткен өмірлеріндегі, мектеп қабырғасындағы естеліктерін ортаға сала келе, ішкі жан сырларын сандықтан шыққан алтындай ақтарып, барлық жұрттың көңілін баурап алды.
Мемлекеттік кызметте 30 жылдан астам еңбек еткен еңбек ардагері, Қорғалжын ауданының қоғамдық тарихи-өлкетану музейінің жанашыр бастамашысы, аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Сәуле Нұркенова өз сөзінде Жаңбыршы ағасының тұяғы, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркеновтың әкесінің арманда кеткен аманатын орындауының арқасында құнды мұралары жазылған кітабын мектеп мұражайына алып келгендігін мәлімдеді. Білім ордасынан қанаты қатайған бас агроном, «Құмкөл» совхозының құрылуына атсалысқан Өмірбек Есетов, АІІБ-де қызмет атқарып, ғұмыры жастай қиылған Абай Серікұлы, ҚР-ның Парламент Сенатында, Президент Әкімшілігінің Іс басқармасында, ҚР Сыртқы істер министрлігінің іс басқару қызметтерінде жұмыс атқарған Абылай Серікұлы Нұркеновтер отбасының есімі жаңғырып тұруын мақсат тұтып, математика кабинетіне заманауи тұрғыда жабдықтау сертификатын табыстады. Ұстаздар қауымы тосыннан келген сый-сияпатты естігенде қойнына сыймаған ішкі сезімдерін ду ете қалып, шынайылықпен сыртқа ақтарды. Осыдан 7 жыл бұрын ұрпақтары Біжкенов Ермек Балтабайұлына арнап ашқан кабинеті үлкен қуанышты күйде қалдырған еді. Содан бері ат ізін салған қонақтарымызды бірден құшақ жая қарсы алып, дәстүрлі түрде мектебіміздің ажарын ашатын осы кабинетке апарудан бастаймыз. Айта кететін болсам, бұл кабинетке Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та сүйсінген болатын. Ел ағаларының есімі туғандарының мәрттік ісі арқылы жалғасын тауып тұрса, мұның өзі мәңгілік жанып тұрған шырақтай емес пе?!.
«КСРО Қарулы Күштеріндегі Отанға сіңірген еңбегі үшін» ордені, «Ел қорғаны» медалінің иегері, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің және Төтенше жағдайлар министрлігінің құрметті ардагері Қазбек Дангулов жүрегінің түбінде сақталып қалған неміс тілінен жаттаған үзіндіні оқып, балалық шағын бір шарлап шықты. Ғұмырын әскери салаға арнаған ағамыз «Алғашқы әскери дайындық» пәніне септігі тиер деген сеніммен Отан қорғау ісіндегі іс-тәжірибелері жинақталған қолжазба кітабын ұсынды. 210 ғылыми жұмыстың, тоғыз оқу-әдістемелік құралының авторы, үш ғылыми патенттің иегері, екі кандидаттық және бес магистрлік диссертацияның жетекшісі, төрт PhD докторлық диссертацияның кеңесшісі Динагүл Баешева қасиетті шаңырағымыздың мәртебесі асқақтай берсін деген ниетпен тастармен әшекейленген, ұлтымыз үшін құнды шаңырақ бейнесін тарту етті.
Үлкен тарихымыздың жалғасы іспетті, жүріп өткен жолдарының әр бұрылысындағы қол жеткен жетістіктері бір төбе десе болатындай ардақты аға-апаларымыз жылы ұяларына ыстық ниеттерін осылай білдіре отырып, келесі мектеп мерейтойында да амандықпен жүздесулері үшін тілектерін жаудыра, қимастықпен тарқасты.
Гүлден ДОСЫМОВА,
Қорғалжын ауылы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.