Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Артында өшпес із қалдырған ардагер - АРҚА АЖАРЫ

Артында өшпес із қалдырған ардагер

Тағзым

Он жеті жасында зұлым жаумен бетпе-бет шайқаста өжеттігімен, бейбіт өмірде іскерлік қабілетімен танылған Жанайдар Рамазанов – артында өшпес із қалдырған қазыналы қария, ел ағасы. Партия, совет, кәсіподақ органдарында атқарған белсенді қызметіне қоса, ол майдангерлер жайлы «Боздақтар» кітабын шығаруға атсалысып, ұрпаққа мұра ретінде шежіре де жазды. Төмендегі топтама Жанайдар ағаның бір ғасырлық ғибратты ғұмырына арналады.

Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы

 Шұңғырша мен Жаулыбай әулеті ежелден ынтымағы жарасқан ағайын болғандықан, екі елдің игі жақсылары сыйластық жақсы қарым-қатынаста болды. Алпысыншы жылдары колхоздар біріктіріліп, «Бұлақ» совхозы құрылғанда байланысымыз онан әрі жарасымдылық тапты. Бертіндері өзім де билікке ерте араласып, аудандық партия комитетінің бөлімі меңгерушісі болғанымда көнекөз қария Жәкеңмен жиі араласып тұрдым.

Жинақы жүріс-тұрысымен көпшіліктің назарын аударып, бірбеткей қатаң мінезімен жастарға үлгі-өнеге бола білген Жанайдар Рамазанұлы Көкшетау аудандық халықтық бақылау комитетін басқаруға Красноармеец аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарғаннан кейін келді. Ақыл-парасаты мен тәжірибесі толысқан осындай зиялы жандармен үзеңгілес жүру, біздер үшін үлкен өмір мектебіне айналды. Себебі, ауданымыздың бірінші басшысы Азнабай Әбілмәжіновтен бастап, әр шаруашылықта Жанайдар аға сияқты сұрапыл соғысты бастан кешірген тәжірибелі мамандар көптеп істеді.

Қос майданның ардагері Жанайдар ақсақалдың ғибратты ғұмырынан сыр шерткенде, алдымен, оның белсенді қоғамдық қызметі және руханиятқа, ел тарихына қосқан үлесін айрықша атағым келеді. Мәселен, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің бастамасымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне бұрынғы «Боздақтар» кітабына қоса, «Ақмола облысының «Зерде» кітабы шығарылғанда да осы игілікті істің басы-қасында майдангер, қоғам қайраткері Жанайдар қария болды.

Шығармашылық топ мүшелерімен бірлесіп, аудандар бойынша  әр майдангер жайлы ақпаратты толық сараптаудан өткізді. Осындай ыждаһаттылықтың нәтижесі бойынша кітаптың он томына ұрыс даласында қаза тапқандардың, хабарсыз кеткендердің, бейбіт өмірде қайтыс болғандармен бірге көзі тірілердің де есімдері енгізілді. Алайда, ауқымды жұмыс атқарылғанымен, барлық деректерді қамту мүмкін болмады. Тіпті, басылым жарық көргеннен кейін де мәліметтер толассыз түсіп жатты. Сөйтіп, көпшіліктің өтініш-тіліктері ескеріліп, «Зерде» кітабының он бірінші томын шығару жөнінде шешім қабылданды.

Иә, соғыс тақырыбы күн тәртібінен түспейтін, ұрпақ санасынан өшпейтін, жастарды отаншылдық сезімге бөлейтін киелі ұғым. 2025 жылы ашық аспан астында еңбек етуімізге, ұрпақ сүйіп, бақытты өмір сүруімізге мүмкіндік берген Ұлы Жеңіске 80 жыл толады. Ендеше, бұл мерекені кеудесін оққа тосып, әлемді фашизмнен құтқарған аға ұрпақтың ерлігін айдай әлемге паш ететіндей сән-салтанатымен өткізу – біздің басты парызымыз. Кеңес Одағының Батыры атағын алған 43жерлесіміз бен ұрыс даласында шәйіт болған 80 мыңнан астам ақмолалық боздақтардыңқасиетті есімдері тарих төрінен мәңгілікке орын алатындай етіліп ұлықталуға тиіс.Облыс әкімі Марат Ахметжановтың бастамасымен қос жерлесіміз – Қазақстанның Тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов пен Рейстагқа Жеңіс туын тіккен  Рақымжан  Қошқарбаевқа туған ауданында еңселі ескерткіш орнатылғанын, бұл шараға көкшелік ардагерлердің де қатысқанын мақтанышпен айтқым келеді.

Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі «Ғасыр жасаған есіл ерлерім» танымдық жобасын ұсынып, былтырдан бері Көкше топырағынан майданға қатысқан партия, совет қызметінің ардагерлері, бейбіт өмірдің қаһармандары Азнабай Әбілмәжінов, Алпысбай Жақыпов, Көкен Шәкеев, Бәйкен Иманғожиннің 100 жасқа толуына арналған салтанатты жиналыс, бәйге, айтыс, қазақ күресінен жарыс өткізіліп, жеке кітапша шығардық. Құдай қаласа, қараша-желтоқсан айларында қос боздағымыз – Жанайдар Рамазанов пен Бүркітбай Батырхановтың да бір ғасырлық мерейтойлары аталып өтпекші.

Жанайдар ақсақалдың руханиятқа, ел тарихына қосқан құнды үлесі –  шежіре арқылы бағалы мәлімет беруі. Әкесі Рамазанның «Ас тұзбен дәмді, су мұзбен дәмді, ал адамзат салиқалы, саналы сөзімен сәнді», – деп айтқан ұлағатты сөзін зердесіне тоқи отырып, ол «Тегінді де білу тектілік» шежіре кітабын зиялы қауымға, жас ұрпаққа базарлық ретінде ұсынды. Жасы сексенге таяп қалғанда тынымсыз ізденісті талап ететін мұндай жауапты жұмысты абыроймен атқарып шығуы үлкен ерлік дер едім.

Жанайдар ағаның өзі және әулеті жайлы жеке естелігі де жарияланып отырғандықтан ойымды қысқаша тұжырымдай келе айтпағым, оның отбасымен де достығымыз жарасымды болды. Өмірлік қосағы Жәмила Жантөреқызы ерімен тізе қосып, бірдей қызмет істегенде отбасының мәртебесін сақтап, ұл-қыздарын ізгілікке тәрбиелей білген ару ана.  Өкінішке орай, жеңгеміз ерте дүние салған соң, Жанайдар әкенің тағдыры ұлы Ұлан мен келіні Клараның қолында болды. Кіші жүздің ерке қызы Клара қарындасымыз атасымен барлық мәдени шараларға бірге барып, жанынан қалмайтын. Осындай тәрбиелі, инабатты жанға қалайша риза болмассың. Қос қарияның бауырында өскен Айжан немересі қазір үлкен шаңырақтың иесі атанып, әке-шешесімен Астанада бірге тұрады.

Көкшетау-Еленовка тасжолының бойындағы жасыл-желекке бөленген Жанауыл елді мекені айтулы тұлғалармен де әйгілі. Еңбекшілдер аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, майдангер ағамыз Алпысбай Жақыпов, Социалистік Еңбек Ері Сартай Жұмағалиев, қарымды қаламгер, ақын Айдархан Кәріпханов, Ленин орденді бригадир Қапез Махметов, танымал журналист Бауыржан Бектасовты жерлестері ғана емес, Көкше елі де мақтан етеді. Осынау қасиетті атамекеннен түлеп ұшқан ержүрек майдангер, ел ағасы, ардақты әке Жанайдар Рамазановтың аруағы жебеп, ата дәстүріне адал ұрпақтарына күш-қуат берсін!

 Әулет шежіресінен сыр ақтарғанда

 Қос майданның ардагері Жанайдар Рамазанов қолы бос сәттерде халқымыздың інжу-маржаны саналатын шежіре тарқатумен де айналасып, өскелең ұрпаққа көне мұра ретінде кітап етіп те шығарды. «Тегіңді де білу тектілік» деп аталатын кітапшадағы шыққан тегі жайлы жазған естелігін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Бұдан 240-250 жыл бұрын Абылай хан нөкерлерімен біздің қонысымызды Көкшетау қаласының батысына қарай, Бұқпа тауының іргесінен Қопа көлінің арғы бетіне, 20-30 шақырымдай жерге ығыстырды. Сөйтіп, басып алған жерге  ханның туыстары орын тепті. Шамамен жүз жылдан соң ата-бабамыздың зираты қалған ескі жұртты орыстар жаулап, хан әулетін Елікті тауына қарай көшірді. Бос қалған жерге қала сала бастады.

Менің атам Жұман Шоңайұлы 1837 жылы қазіргі Жанауыл елді мекенінде дүниеге келіпті. Үш жасына дейін жүрмегендіктен «мешел» атанып кеткен. Сол себептен оның балалары «Мешелов» болып жазылды. Әкесі Шоңайдан енші алып, отау болып шыққан Жұман кедейлеу болғандықтан, Алтыбайға жалданып, 3 мың жылқысын бағады. Он шақты жыл мінсіз қызмет еткені үшін бай Жұманға әр үйірдің ішінен таңдай жүріп, жалпақ құйрық, кеудесі кең, қарақасқа айғырды сыйға тартып, алдына мал салып, өз еркіне босатады.

Жұман (Мешел) атамыздың бірінші әйелі Тиыштық Керейт руынан екен. Әжеміз алты құрсақ көтерген, балалары – Бәтима, Шотаяқ, Сақып, Сағила, Жаналы, Рамазан. О кісі дүние салғаннан кейін Жұман атамыз Мұсақызы Күлжәмилаға үйленеді. Одан Баялы, Ерәлі, Рабиға, Шарбан туады.

Жұман өте денелі, бойы биік, өжет болса керек. Басына үнемі папақ киіп, беліне қылыш тағып жүреді екен. Оның себебі, бұл тұс ел ішінде барымташылық тым етек алған кез болатын. Тіпті, біреулердің атастырып қойған қызын, жесір келіншегін алып қашса, екіншілері мал ұрлауды кәсіп еткен. Бұзақыларды тезге салу үшін би-болыстар, ілдің игі жақсылары аузында аталы сөзі, білегінде әлі бар қайсар, епті жігіттерден топ жасақтаған. Жұман атамыз болса кез-келген мәселені әділ шешіп, ел арасында үлкен құрметке бөленеді.

Азнабай байдың баласы Мақыш болыс болып сайланғаннан кейін ел аралап, Бегім байдың үйіне түседі. Алдына тартылған қойдың тістері алынбағанын байқаған ол үй иесі Бегімге 25 сом айып салып, асты ішпестен жүріп кетеді. Бұдан кейін болыс бастаған меймандар Қойлыекең атаның үйіне келгенде, тағы да қой сойылады. Көрші ауылдағы кикілжінді естіген қария қасапшы жігіттерге: «Бар пәле бастан шығып жатқан көрінеді. Мына қойдың басын кесте шидің артына лақтыр», – дейді. Оны естіген Мақыш болыс асқа  қарамай долданып тағы да кетіп қалады.

Мақыш болыстың өрескел бұл қылығы жайлы Көкшетау қаласындағы Сентябрь базарына келген адамдар билерге шағым жасайды. Дереу Мақышты билер сотына әкелуді Мешел батырға тапсырады. Сөйтіп, жұртшылықтың өтініші бойынша Мақыш болыс осы жиында биліктен аластатылыпты.

Шұңғырша-Шөбек баласы Бегәлі қажының жүйрік атының жоғалуының анық-қанығын Мешел білуге тиісті деген қауесет тарайды. Арада біраз уақыт өткеннен кейін әлгі сәйгүлікті Атығай руынан Зілқара сұлтанның қарақшылары ұрлағаны белгілі болады. Аға сұлтанның бес қаруы сай елу нөкерінен тайсалмастан атты әкелуге Мешел жалғыз барады. Міне, атамыз осындай айбынды, ел қамын жеген адал адам болған.

Мешелдің елу жасында өмірге келген ұлы Жаналы 1920 жылдары Зеренді болысполкомының төрағасы болып істейді. Өкінішке орай, өмірі қысқа болды. Төтеден келген науқастан 39 жасында дүние салды. Ол үйдегі Рәзия әжемізді Әйе дейтінбіз.

Мешел мен Тиыштықтың кенжесі – менің әкем Рамазан 1929 жылы кедейлердің басын қосып, 15 үйден артель, кейін колхоз құрып, жиырма төрт жыл басқарма төрағасы болды. Әкейдің жетекшілігімен «Жанауыл» колхозы Көкшетау ауданындағы дамыған мықты шаруашылық болды.

1931-1933 жылдардағы аштықта біздің ауылдан бір адам тамақ іздеп, тентіреп жан-жаққа шұбырған жоқ. Егіні жақсы шыққан «Киров», «Қиялы» совхоздарына барып, масақ теру үшін ауылдың әлді адамдарынан бригада құрды. Олар жиған масақты ауылға жіберіп отырды. Басқа елдерден зәбірлік, қуғын көріп, біздің ауылға келген татарлар, немістер шешен-ингуштарға үй салып, жұмыс берді. Сөйтіп, олар да жергілікті тұрғындармен біте қайнасып кетті. Колхоз төрағасы Рамазан әкем жетім-жесірлерді дұрыс өмір жолына салып, тәрбие беруді азаматтық парызы санады.

Рамазан өте шешен, айтқыр, ешнәрседен  тайсалмайтын алғыр адам болды. Тарих пен шежірені көп оқитын. Адамдармен бұл тақырыпта пікір алмасқанда, өзінің білімдарлығымен танқалдыратын. Әкем бала мен келінді қатар тәрбиеледі. «Адамды қараламай, басындағы кемшілігін жоюға көмектессең ғана, сенің кісілігің осында»,–деген әке қағидасын біз де жадымыздан шығармауға тырыстық.

Әкем үш рет үйленген. Мен бірінші әйелі, Қарлыкөл ауылының тумасы Бегімқызы Гүлсімнен тудым. Бегім нағашым әлді шаруа болатын, руы – Жолдыбай. Анам Гүлсімнің төрт перзентінен тірі қалғаны мен ғана. Ол 1937 жылы жінішке аурудан дүние салды. Өте ақылды, кішіпейіл, қолы ашық, келген қонақтарға іле қазан көтеріп, дастархан жайып бәйек болатын.

Мен 1924 жылғы 14 қазанда, Ақмола губерниясы Көкшетау уезі, №17 ауылда тудым. Көкшетау қаласындағы қазақ орта мектебін тәмамдап, 1943 жылдың басында Ұлы Отан соғысына аттандым. Ташкенттің жанындағы Шыршық қаласында екі айдай соғыс әдістерін, артиллериядан оқ атуды үйрендік. Бұдан кейін Бірінші Беларуссия майданындағы ұрыстарға артиллерия бөлімшесінің командирі ретінде қатыстым.

Елге жеңіспен оралған соң, Зеренді ауданының Қостомар ауылындағы Қапанов Жантөренің сұлу қызы Жәмилаға үйленіп, төрт нәресте сүйдік. Ұлым Ұлан 1948 жылдың 5 желтоқсанында өмірге келді. Онан кейінгі екі қызым ерте шетінеп кетті. Кенжеміз Жанат Алматы қыздар мемлекеттік институтын бітіріп, сол қалада тұрмысқа шықты.

1946 жылдың наурызынан Жаңатілек жеті жылдық мектебінде мұғалім болып істеп жүргенімде, Көкшетау аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығына сайланып, 1947 жылдың желтоқсанында Чкалов ауданының комсомол ұйымын басқардым. Іскерлігіммен көзге түсіп, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, 1953 жылдың тамызында Күсеп МТС-ның саяси бөлімінің бастығы болдым.

Басшылық қызметтің қыр-сырын тез меңгеру үшін оқу керектігін жақсы түсіндім. Алматы жоғарғы партия мектебін бітіргеннен кейін, алдымнан даңғыл жол ашылды. Әуелі обкомның нұсқаушысы, 1963-1978 жылдар аралығында Красноармеец аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы, облыстық астық дайындау инспекциясының бастығы, Көкшетау аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, ал зейнеткерлікке шыққанша облыстық деңгейдегі кәсіподақ ұйымдарының төрағасы болдым. 1986 жылғы 28 сәуірде 61 жасымда құрметті демалысқа шыққанда маған республикалық дәрежедегі зейнетақы тағайындалды.

Қажырлы еңбегім жоғары бағаланып, үш орденмен, тоғыз медальмен марапатталдым. 1947 жылдан партия мүшесімін. Екі рет облыстық советке, он рет аудандық советке депутат болып сайландым. 2000 жылы «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» деген мәртебелі атқа ие болдым.Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйғарымымен Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды еске қалдыру мақсатында төрт томдық «Боздақтар» естелік кітабын құрастырып, шығардым.

Өмірге шынайы көзқарас ерлі-зайыптылардың рухани жақындығын шыңдай түссе керек. Менің ұзақ жыл басшы қызметтер атқаруыма зайыбым Жәмила Жантөреқызының септігі көп тиді. Ол жанұяны рухани жылылыққа бөлеп, ұл-қыздарына тағылымды тәлім-тәрбие берді. Ата-ана өнегесін зердесіне тоқи білген перзенттеріміз өздеріне жүктелген жұмысты абыроймен атқаруда. Мәскеулік құрылысшылар 1991 жылы Сергеевкадан Көкшетауға тартылған су құбырының 10 шақырымын аяқтамай, тастап кетті. «Казнефтегазстрой»  фирмасын басқарған Ұлан балам бұл  шаруаны әрі қарай жалғастырып, қаланы сумен қамтамасыз етті.

«Ана жүрегін сезе біл, оның жанарындағы шапағат пен тыныштықты, бақыт пен қуанышты, алаңдаушылық пен мазасыздықты, абыржу мен ренішті көре біл. Әкеңе де, Анаңа да шыншыл бол», – деген үнді нақылын әрдайымда жадымда ұстаймын. Өйткені, туған анам  ерте дүние салды да, біз өгей шешейдің тәрбиесінде өстік. Алайда, Айтжан Жалмағанбетқызының аялы алақаны, жүрегінің жомарттығы, парасаттылығы жарына, балаларына адал махаббаты әкейдің ұзақ жылдар жемісті еңбек етуіне ал біздің өмірден өз орнымызды табуымызға жігерлендірді.

(«Тегіңді де білу тектілік» кітабынан алынды. 2001 жыл).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар