Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Береке адал еңбек және маңдай терімен бітеді - АРҚА АЖАРЫ

Береке адал еңбек және маңдай терімен бітеді

«Казгер құс» серіктестігі жылына 300 миллион данадан астам жұмыртқа өндіреді. Құс саны 1 миллион 200 мың төңірегінде. Кәсіпорын мемлекеттің қолдауының арқасында қанатын кеңге жайып келеді.

2008 жылы алғашқы өнімін тұтынушыларға ұсынған. Сол жылы банктен небары 4 пайызбен несие алған. Еңселерін көтерген де осы демеу. Қазір бір алаңда миллионға жуық тауық бағылады. 2015 жылы тағы да жеңілдетілген несие алып, екінші алаңды іске қосқан. Қолдаудың арқасында көкжиегі кеңи түскен. Бүгінде құс фабрикасында 500-ге жуық адам еңбек етеді. Орташа жалақы 300 мың теңгені құрайды. Бір жақсысы,  кәсіпорында жұмыс істейтін адамдардың дені, нақтырақ айтсақ, 99 пайызы іргедегі Степняк елді мекенінің тұрғындары.

Өндірген өнімдері іркіліп сөреде көрген емес. Алматы, Астана қалаларында сегіз жылдан бері өздерінің сауда үйлері жұмыс істейді. Сапалы өнімнен ауыз тиіп көрген тұтынушылар жарнаманы өздері-ақ жасап жатыр. Облысты да жұмыртқамен, құс етімен қамтамасыз етуде.

Құс шаруашылығындағы күрделі мәселенің бірі – азық-түлігі. Кәсіпорын басшылары тығырықтан шығар оңтайлы жолды тапқан. Өздерімен ұзақ жыл байланыс орнатқан сенімді ауыл шаруашылығы құрылымы бар. Дәнді дақылдың бағасы қай уақытта түсіп, қай уақытта көтерілетінін күні бұрын болжап отырады. Бизнестің басты шарты да осы. Әйтсе де, құс фабрикасының қоймаларында бір айлық қор болуы керек екен. Жалғыз азығы ғана емес, дәрі-дәрмегі де, қыл аяғы жұмыртқа салатын қораптары да. Міне, осындай ыждаһаттылықтың арқасында үзіліссіз, тұрақты жұмыс істеуде.

Бажайлап қарасаңыз, құс шаруашылығының көсегесін көгерту үшін көп нәрсе істелуі керек екен. Ең бастысы, өңірде құс шаруашылығы мамандарын даярлайтын жоғары, орта арнаулы оқу орындары жоқ. Өндірісті өрге сүйрейтін негізгі саланың бірі бола тұра, неге көңіл бөлінбей отырғаны түсініксіз. Шынтуайтында шаруашылықтың бұл саласы электр қуатын көп тұтынатын, қаржы айналымы белсенді әрі мол сала.

Бүгінгі күні кәсіпорын зоотехник, технолог, ветеринарларға сусап отыр. Ниет білдіріп жұмыс істегісі келетіндер жеткілікті. Ынта-ықылас болғанымен, шаруашылықтың қыр-сырын жете білмеген соң нәтижелі еңбек ету қиынның қиыны. Кәсіпорын басшылығының айтуына қарағанда, құс шаруашылығына қажетті мамандарды мал мамандарын оқытатын оқу орындарында дайындауға болар еді.

–Ресейде бірнеше жоғары оқу орны бар, – дейді кәсіпорын басшысы Борис Оздоев, – Қатаркөлде ауыл шаруашылығы колледжі бар. Колледж басшылығына құс шаруашылығы мамандығын енгізсеңіздер, өзім-ақ лекция оқып, көмектесер едім. Тіпті, көмегіме ақы да сұрамаймын. Ал, тәжірибеден өткізу үшін біздің кәсіпорынды әбден пайдалануға болады ғой.

Кәсіпорын болашақ мамандарды дайындауға өздері де үлес қосады екен. Колледждегі білім алушыларды өндірістік тәжірибеден өткізеді. Әйтсе де айналдырған жиырма күннің ішінде жан-жақты білімді маман даярлауға бола ма? Бір жақсысы, кәсіпорында жұмыс істейтін ветеринар дәрігер, инженер тәрізді мамандардың тәжірибесі мол, білігі өте жоғары. Кәсіпорын басшысы айтып отырғанындай, маман даярлаудың төте жолы бірлесіп жұмыс істеу тәрізді.

Ендігі бір мәселе – субсидия. Соңғы екі-үш жыл көлемінде кәсіпорын мемлекеттен субсидия алып көрген емес. Сондықтан да, өнімдерін әлеуметтік бағамен сата алмайды.

–Мемлекет субсидия бермегендіктен төмен бағаға сатыңдар деп талап қоя алмайды ғой, – дейді кәсіпорын директоры, – сырттай қарағанда, кәсіпорын табысты көрінуі мүмкін. Бірақ, біз жыл соңында 5-6 пайыз ғана табыс табамыз. Соның өзіне қуанамыз. Бұл көп қаражат емес. Маған банктердің пайыздық үстемесі мүлде түсініксіз. Жылдық 20-22 пайыз өсіммен қалай жұмыс істеуге болады?

Өзіндік құнының қалыптасуын да есептеп көрдік. Шынтуайтында шығын шаш-етектен. Несиелерін төлеу өз алдына, құсқа қажетті дәруменді шет елден сатып алуға мәжбүр. Қазақстанда мұндай дәрумендер өндірілмейді. Басқасын былай қойғанда, дәруменнің сапасын анықтайтын зертхана да жоқ. Валюта бағамы өзгерген сайын дәруменнің де бағасы өзгеріп тұрады.

–Қазақстанда 35 жұмыртқа фабрикасы бар. Еліміздің ішкі нарығында әрине, бәсекелестік бар, – дейді Борис Оздоев, – әйтсе де, сырттан келетін өнімнің әсері үлкен. Ресейде өнімнің бұл түрі арзан. Шекаралас аймақта ресейлік құс фабрикасының сегізі жұмыс істеп тұр. Міне, бұл жай да біздің нарыққа әсер етеді.

Тағы бір елең еткізерлік жаңалық, әншейінде ешкімге қажеті жоқ болып көрінетін құс саңғырығы. Кәсіпорын тәулігіне 100-120 тонна құс саңғырығын шығарады. Қазір жаңалыққа жаны құмар кәсіпорын басшылары құс саңғырығынан тыңайтқыш жасаудың жолын тапқан. Бес жылғы ізденіс зая кетпепті. Әуелі технологиясын іздеген. Құс саңғырығын сақтайтын орын әзірлепті. Жаңалықты тіркеткеннен кейін неміс құрылғысын, арнаулы аспапты сатып алған. Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық универсиетінің ғалымдарымен байланыс орнатқан. Ақыр соңында тыңайтқышты өздерінің егістік алқаптарына сіңірген.

–Биылғы жылы ылғал мол болды, астық та жақсы шықты, – дейді кәсіпорын басшысы, – бізге құс азығын дайындап беретін ауыл шаруашылығы құрылымы мен бес-алты жыл тәжірибе өткіздік. Нәтижесін биыл көріп отырмыз. Комбайншы дестені бастырған кезде түсірілген бейнебаянды маған жіберіп отырады. Шығымдылығы адам айтса нанғысыз. Гектар берекесі 60 центнерден айналуда. Бұл бұрын-соңды болып көрмеген жетістік қой. Соңғы бес-алты жыл құрғақшылық болды да, біздің ойлап тапқан тыңайтқышымыз айта қаларлықтай нәтиже бере қойған жоқ. Шын қуатын енді көрсетіп отыр.

Кәсіпорын басшыларының есептеуіне қарағанда, құс саңғырығынан тапқан пайданың өзі шығынның жартысын жабуға жетіп жатыр.  Тек бір қиыны, тыңайтқышты түйнектеп, жұмырлау. Әйтпесе, ұнтақ күйінде тасымалдау қиын. Қазір Қытай, Ресей мен Еуропаның осы тараптағы жетістігін зерттеу үстінде.

Ендігі бір мәселе, жеңілдетілген несиеге ие болу. Құс фабрикасындағы қажетті құрылғылар Голландия, Германиянікі. Жұмыстың бәрі автоматтандырылған. Жұмыртқаға ешкім қол тигізбейді. Лента арқылы жылжып отырып, іріктейтін құрылғыға жеткен соң өңделеді. Бүгінде бір миллионнан астам тауық бағып отырған фабрикадағы құстың дені немістің  суперник тұқымы екен. Бұл тұқымның артықшылығы, азық-түлігі, дәрумені талапқа сай болса, жұмыртқаны да молынан береді. Мерзімі жеткен соң тауықтар етке өткізіледі. Келісі 200 теңгенің көлемінде ғана.

Сөз соңында кәсіпорын жұмысшыларына жасалып отырған жағдай туралы да айта кетелік. Мұнда жұмысшылар тегін тамақтанады. Егер отау құрып жатса, 350 мың теңге көлемінде бір мезгілдік көмек көрсетіледі. Қайғы-қасіретте де солай. Ағымдағы жылы жас мамандарға арналған 20 пәтерлік жайлы жатақхана салыныпты. «Мектепке жол» акциясына үзбей қатысады. Жұмысшыларға сыйақы беріледі. Соңғы төрт жыл бойы еңбекақы көлемі үзбей көтеріліп келеді.

Іскер адамдардың арқасында бой көтеріп, нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын азық-түлік молшылығын жасауға өз үлестерін қосуда.

Б.ҚАЙЫРЛЫҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар