Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1 қаңтардан бастап қазақстандықтардың зейнетақы алу барысының өзгерістерін хабарлады.
«2025 жылы ұлғайғаннан кейін зейнетақының ең төменгі мөлшері базалық зейнетақыны қоса алғанда (32 360 теңге) 95 131 теңгені, ал, ең жоғары мөлшері 213 046 теңгені (оның ішіне 50 851 теңге базалық зейнетақы қосылады) құрайды», – делінген ведомствоның баспасөз қызметінің хабарламасында.
Тамыз айының соңында 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы жалпыхалықтық талқылауға шығарылды. Заң жобасына сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда зейнетақы 8,5 пайызға өседі. «Жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне жұмсалатын қаражат 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап олардың мөлшерлерін 8,5 пайызға көтеру ескеріле отырып көзделген деп белгіленсін», – делінген заң жобасында. Сондай-ақ, заң жобасында негізгі қаржы-экономикалық көрсеткіштер 2025 жылы қандай болатыны жазылған.
«Қазіргі таңда базалық зейнетақы төлемінің орташа мөлшері болжам бойынша 42 мыңға жуықтаса, келесі жылдан бастап индекстеу кезінде базалық зейнетақы төлемі 44 мыңды, индекстеуді ескере отырып, бұл көрсеткіштер ұлғайтылады», – деп түсіндірді Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.
Сонымен қатар, 2025 жылғы атаулы әлеуметтік көмек (АЕК) мөлшеріндегі айлық есептiк көрсеткiш – 3 932 теңге болады.
Қаржы министрлігі Ашық НҚА порталында 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қоғамдық талқыға шығарды. Ондағы Заң жобасында 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап негізгі экономикалық көрсеткіштер қандай мәнге ие болатыны жазылған. Сондай-ақ, заң жобасынан адам жасына байланысты зейнетақы төлемдері және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері 8,5 пайызға артатыны белгілі болды.
«2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленуге жататын, мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарының мөлшері мемлекет жарналарын есептеу объектісінің 2 пайызы болып белгiленсiн. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап әскери қызметшілерге (мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшілерден басқа) және арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлеріне тұрғынжайды күтіп-ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ақшалай өтемақының айлық мөлшерi 3 739 теңге сомасында белгiленсiн», – делінген заң жобасында.
Ықшамдап дайындаған Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.