Қазақстанда тіл саясаты тәуелсіздік алған сәттен бастап маңызды мәселелердің бірі ретінде күн тәртібінен түспей келеді. Қазақстан 1991 жылы өз тәуелсіздігін жариялаған соң, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алды.
1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде бекітілсе, орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі мәртебесіне ие болды. Қазақстанның тіл саясатының негізгі мақсаты – қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қоғамның барлық салаларында белсенді қолдану және елдегі барлық этностардың тілдеріне қамқорлық таныту.
Сондай-ақ, тілдерді дамытудың бірнеше мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Мысалы, «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту,білім беру, ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар және мемлекеттік қызмет салаларында қолданудың тиімділігін арттыруға бағытталған.Бұдан басқа, «Үш тұғырлы тіл» саясаты шеңберінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерін бірдей дәрежеде дамыту талабы да болғанын білеміз. Өркениетті жастардың тілдік білімін арттыру үшін біраз шаралар жүзеге асырылуда.Тіл саясатының тиімділігі – халықтың тіл меңгерудегі жетістіктерінен көрінеді. Тіл саясаты – тілдік дамуға қоғамның саналы түрде ықпал етуі десек, оның барысында мемлекеттік органдар, ғылыми ұйымдар және азаматтық қоғам бірлесіп, бір терінің пұшпағын илеуі керек. Бұл үйлесім елдегі тілдік жағдайды тұрақтандыруда маңызды қадам болары анық.
Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Ол елде басты қарым-қатынас құралы ретінде қолданылуы тиіс. Соңғы жылдары мемлекеттік тілді дамыту тұрғысында ауқымды шаралар қабылданып келеді. Бірақ, тілдің қолдану аясын кеңейту қажеттілігі әлі де зор болып тұр. Осы орайда, Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығы қазақ, ағылшын тілінің дамуы үшін табанды еңбек етіп келеді.Оқытушылар өз кезектерінде қазақ тілінің өрістеуіне сүбелі үлес қосып жатыр. Орталық күні бүгінге дейін 19415 адамды қазақ тілін білуге оқытып, арнайы сертификат берген. Мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын қаракөз қазақтарымызбен басқа этнос өкілдеріне үш сатылы бағытта дәріс оқып, атап айтқанда, қарапайым, базалық, жоғарғы деңгейлер бойынша тыңдаушыларды тілдік біліммен сусындатып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың кемшін тұсы, көбіне қала тұрғындары арасында орыс тілінің басым болуы қазақ тілінің кеңінен қолданылуына кедергі келтіретіні мәлім. Бәріміз білетіндей, ауылдық елді мекендерде қазақ тілінің қолданысы неғұрлым жоғары.
Қазақ тілінің рөлі қоғамда күннен-күнге артып келеді. «Қазақстан-2050» стратегиясында қазақ тілінің халықаралық мәртебесін арттыруға бағытталған нақты міндеттер қойылды. Ресми статистика көрсеткеніндей, 2019-2023 жылдары қазақ тілін үйренушілер саны 40 пайызға артыпты. Солай болуы керек-ті. Өйткені, қазақ тілі – еліміздің мәдениеті, тарихы мен сәйкестендірілуінің негізі. Қазақ тілінің мәртебесін арттыру, оны дамыту және қоғамда кеңінен қолдану – маңызды міндет. Соңғы жылдары қазақ тілін қолдауға бағытталған шаралар шеңберіндемектептерде қазақ тілінде білім беруді арттыру, мемлекеттік қызметте қазақ тілінде қызмет көрсету сияқты бастамалар қолға алынды. Бұл шаралар қазақ тілінің ресми және қоғамдық өмірдегі рөлін нығайтатыны хақ. Алайда, жастар арасында орыс тілінде сөйлесудің дәстүрі принципі қалыптасып үлгерді.Бұған үлкендер де қосылады, сөйтіп, бұл қазақ тілінде қарым-қатынас жасау пайызын төмендетеді деуге болады. Қазір көшеге шықсаңыз, қоғамдық көлікке отырсаңыз, өкінішке орай, орыс тілі басымдылық алып тұр. Мұндағы айтпағымыз, тек ауылдық жерлерде ғана қазақ тілі кеңінен қолданылып, қалаларда орыс тілі алға озып тұр. Мұндай жағдай қазақ тілінің дамуын тежеп, оның қолдану аясын шектейді.
Қазақ тілінің қоғамдағы рөлін арттыру үшін тұрғындарды тілдік ортаға тартудан бастап, мәдени шаралар мен тіл фестивальдарын ұйымдастыру, қазақ тілінде әдебиет пен өнерді насихаттау, жастар арасында қазақша әндерді, поэзияны және прозаны дамыту жұмыстары жалғаса беруі керек. Елімізде жыл сайын өтетін «Тілдер күні» сияқты шаралар қазақ тілінің маңыздылығы мен оны қолданудың қажеттілігі жайлы ақпарат беруге, жастардың қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді. Аталғандарымен қоса, медиа және интернет кеңістігінде қазақ тіліндегі контенттеркөп болса, нұр үстіне нұр болар еді.
Тек мемлекеттік емес, жеке сектордағы компаниялардың да қазақ тілінде қызмет көрсетуі ләзім. Кәсіпорындар өнімдерін қазақ тілінде жарнамалау, қызмет көрсету барысында қазақ тілін қолдану мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін нығайтуға серпін береді.Бұдан мейрамхана, ойын-сауық орталықтары, базар, дүкендер, шағын кәсіпкерліктер де тыс қалмаса, тұтынушылармен қазақ тілінде сөйлесіп, ақпарат ұсынса, мемлекеттік тілдің күнделікті өмірде қолданылуының айқын көрінісі осы болмақ. Өкінішке орай, бұлда қанағаттанарлық жағдайда болмай келеді. Жалпы алғанда, тілдің қоғамда қанат жайып, кең қолданылуы үшін ең алдымен, мемлекет тарапынан қажетті жағдайлар мен инфрақұрылымды қалыптастыру маңызды қадам. Тек мемлекет емес, әрбір азамат та қазақ тілінің дамуына үлес қосуы тиіс. Қазақ тілінің мәртебесін арттыру, оны дамыту, кеңінен қолдану – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Қазақстанда орыс тілі ұзақ жылдар бойы негізгі қарым-қатынас тілі болып келеді. Кеңес Одағы құрдымға кеткенімен, орыс тілі құламады. Ұлтаралық қатынас тілі ретінде сақталды. Қазіргі уақытта да бұл тіл бизнес, ғылым, білім беру және мәдениет салаларында үстемдік танытып, төрде отыр. Қазақстанның солтүстік аймақтарында және қалаларында орыс тілі әлі де басым. Әсіресе, ірі қалалар мен мемлекеттік құрылымдарда десек, орынды. Қазіргі уақытта орыс тілінде сөйлейтіндердің саны көп. Еліміздегі мемлекеттік қызметтер де негізінен, орыс тілінде жүзеге асырылады.
Бүгінгі таңда, орыс тілімен бірге, елімізде ағылшын тілінің де рөлі артып келеді. Елдің жаһандық экономикаға кіруі, халықаралық қатынастар мен ғылымның дамуы ағылшын тілін білу қажеттілігін туғызды. Елімізде ағылшын тілін оқытуға бағытталған бағдарламалар белсенді түрде жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламалар қазақ, орыс және ағылшын тілдерін бірдей деңгейде дамытуға бағытталған. Мақсаты – жастардың әлемдік стандарттарға сай білім алуына, бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына мүмкіндік беру. Ағылшын тілінің маңыздылығы еліміздегі жаһандық интеграциямен тығыз байланысты. Жастар арасында ағылшын тілін меңгеру деңгейі артуда.2022 жылғы зерттеулердің бірінде жастардың 70 пайызы ағылшын тілін үйренуге қызығушылық танытқан.
Ағылшын тілі – халықаралық коммуникация, ғылыми зерттеулер мен ақпараттық технологиялар саласында негізгі орын алады. Оны білу әлемдік ғылым мен мәдениетке, сондай-ақ, халықаралық бизнес пен саудаға қолжетімділік деген сөз. Ағылшын тілі Қазақстанның әлемдік аренада танымалдығын арттыруға, шетелден инвестицияларды тартуға және туристік ағынды көбейтуге ықпал етеді. Тілді меңгеру жастардың шет ел мәдениетіне деген қызығушылығын оятып, оларды әлемдік қоғамдастықтың белсенді мүшелері ретінде сезіндіреді. Тіл үйрену арқылы жастар халықаралық алаңдарда пікір алмасу, өз идеяларын жеткізу және өзара түсіністік орнату мүмкіндігін алады. Елімізде ағылшын тілін оқытуды жақсарту мақсатында мұғалімдердің біліктілігін арттыру, заманауи оқыту әдістемелерін енгізу, оқу материалдарын жаңарту сияқты шаралар қолға алынуда. Оған қоса, ағылшын тілінің дамуы мәдениетаралық диалогты нығайтады. Қазақстанда ағылшын тілін білетін жастар шетелдік әдебиетті, кино мен музыканы түсініп, халықаралық мәдениетпен таныса алады. Бұл оларға әлемдік трендтер мен идеяларды қабылдауға, өз мәдениетімізді де шет елге кеңінен танытуға мүмкіндік береді. Ағылшын тілін үйрену қазіргі заманғы талаптарға сай болудың, әрі болашақта жақсы мүмкіндіктерге қол жеткізудің кілті ретінде қарастырылады.
Айта кетейік, ағылшын тілін дамытуға Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығы да белсенді әрекеттер жасап, 4295 адамға ағылшын тілін үйретті. Дегенмен, осы орталықтағы біздердің, оқытушылардың жаны алдымен, өзіміздің мемлекеттік тілге ашиды, «өз ана тіліміздің көсегесі көгерсе екен» деген ой бірінші кезекте тұрады. Алдағы уақытта қазақ тілі мәселесіне қазіргіден де кеңірек көңіл бөлініп, сол мақсатқа жетсек, құба-құп.
Рамазан БАУЫРЖАНҰЛЫ,
Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы.