Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында БАҚ өкілдерімен кездесіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында әңгіме өрбітіп, өзекті мәселелер төңірегінде қойылған сауалдарға жауаптар берді.
Облыс әкімінің орынбасарының мәлімдегеніндей, Ақмола облысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында міндеттелген тапсырмаларды негізге ала отырып, әлеуметтік-экономикалық даму жолында тиісті шараларды белсенді атқарып келе жатыр. Ең алдымен халықты жұмыспен қамту мәселесіне тоқталған ол өңірде жұмыспен қамту картасының аясында 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылғанын, оның ішінде 24 мыңнан аса адам тұрақты жұмыс орнына орналасқандығын атап өтті. Жаңа мамандықтарды игеру мақсатында 2025 жылға қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жұмыс беру ұйымдарынан 29 өтінім және жұмыс берушілерден 18 өтінім келіп түсіпті.
–Ағымдағы жылы алғаш рет өңірлік деңгейде кадрлар қажеттілігінің 2024-2030 жылдарға арналған орта мерзімді болжамы құрылды. www.enbek.kz. порталында жарияланған осы болжамға сәйкес 2024-2030 жылдары Ақмола облысы бойынша жалдамалы қызметкерлерге сұраныс шамамен 84 мың адамды құрауы ықтимал. 2030 жылға дейінгі болжам бойынша күзетшілер, инкассаторлар, автомобиль жүргізушілері, дүкеншілер және олардың көмекшілері, бухгалтерлер, әлеуметтік ғылымдар бойынша орта мектеп мұғалімдері, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тәрбиешілері, механизаторлар, орта медициналық персонал және тағы сол сияқты кәсіптер аса сұранысқа ие болуы мүмкін, –деді Алтынай Байқадамқызы.
Жалпы, қажеттіліктер мен бос орындар бойынша ағымдағы жағдай күн сайын «Enbek.kz», «Электрондық еңбек биржасы» порталында орналастырылады. Мемлекет басшысының мұқтаж жандарды атаулы әлеуметтік көмек көрсетумен қамтамасыз ету қажеттілігі туралы тапсырмасын орындау шеңберінде 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Отбасының цифрлық картасы іске қосылған болатын. Қазіргі уақытта Ақмола облысында бұл картада шамамен 770 мың адам бар, олар 271 мың отбасына топтастырылған. 2024 жылғы 25 қарашадағы жағдай бойынша облыста аталмыш карта негізінде «дағдарыс» және «шұғыл» санаттарына жататындар үлесі 62 510 отбасыны немесе 134 707 адамды құрап отыр. 2024 жылғы 1 тамыздағы деректерімен салыстырғанда дағдарыс және шұғыл отбасылар саны 5328 отбасына азайыпты.
–Деңсаулық сақтау саласында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керектігіне тоқталған еді. Сонымен қатар, өңірдің деңсаулық сақтау саласын дамыту және медициналық қызметтердің сапасын жақсарту бойынша жұмыстар атқарылып келеді, –деді одан әрі облыс әкімінің орынбасары. – Облыстың барлық медициналық ұйымдары штаттық режимде жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың басынан бастап өңірде дәрілік заттардың таңбалануын қадағалау бойынша тиісті жұмыс жүргізілген. Бүгінгі таңда барлық денсаулық сақтау ұйымдары мен жеке дәріханалар таңбаланған дәрі-дәрмектерді сатуда. Бұл халықты жалған дәрі-дәрмектерден сақтандыру мақсатында қолға алынып отыр. Сондай-ақ, облыс тұрғындарын «әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы дәрілік заттармен қамтамасыз ету жалғасуда. Бүгінгі таңда медициналық ұйымдар 30,5 мыңнан астам адамға электрондық рецепт жазып берген, жоспар бойынша онымен 100 мыңнан астам адам қамтылуы қажет болатын. Бұл бағытта созылмалы науқастардың көбі зейнет жасындағы адамдар болғандықтан, олар Интернетке шыға алмайды немесе гаджеттерді қолдана алмайды, Халықты сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін 28 ауылда медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету нысандарының құрылысы аяқталуда. Бүгінгі таңда Егіндікөл ауданының Бауман ауылындағы ФАП құрылысы бойынша жұмыстар аяқталды. Құрылыс маусымы кезеңінің шектеулі болуына және ақшалай қаражаттың уақытылы түспеуіне байланысты биыл тапсырылуы тиіс 10 нысан, атап айтқанда, Партизанка, Алтынды, Киров, Жарлыкөл, Пригородное ауылдарындағы ФАП-тар, Ескі Колутон, Свободное, Ақсай, Пятигорское, Жаңаесіл дәрігерлік амбулаториялары пайдалануға берілмей қалуы ықтимал.
Медициналық көмекті уақытылы көрсету мақсатында міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне облыс тұрғындарын тіркеу бойынша жұмыс жалғасуда. Бүгінгі таңда халықтың 83 пайызы аталған жүйеге тіркелген. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру денсаулық сақтау саласына ресурстардың түсуіне оң ықпал етуде және оның дамуына оң әсерін тигізуде. Сонымен бірге, жуырда облыс тұрғындары үшін 50 жаңа реанимобиль сатып алынды, олар өңірдің шалғай аймақтарына алғашқы медициналық көмек көрсетуге жіберілмекші.
2025 жылды Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осы орайда, облыс колледждерінде жұмысшы біліктіліктерін арттыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде.
–Ақмола облысы республикадағы негізгі ауыл шаруашылығы өңірлерінің бірі болып табылады және аграрлық индустриялық әлеуеті жоғары. Осыған орай, аймақ экономикасын дамытуда жетекші бағыттар айқындалуда. Индустриялық жобаларды іске асыру бағытында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс салалары бойынша ірі жобалар қарастырылған. Мәселен, Көкшетау қаласында су және кәріз-тазарту құрылыстары, жайлы мектептер салынуда. Осыған байланысты қазіргі уақытта тек педагогикалық кадрларға ғана емес, басқа да қажетті мамандықтарға гранттар бөлу мәселесі пысықталуда. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жолдауы аясында облыста мектептерді жаңарту бойынша үш жылдық жоспар әзірленген. Оған 90 мектеп кіреді. Ағымдағы жылы 113 білім беру нысанында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған мақсаттарға облыстық бюджеттен және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 12 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді, –дей келе, облыс әкімінің орынбасары биыл облыста 8400 орынды құрайтын 7 мектеп іске қосылғанын, барлық бастауыш сынып оқушылары және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар тегін ыстық тамақпен қамтылғанын, мектеп асханаларын жаңғыртуға 400 миллион теңге бөлінгенін де жан-жақты айтып берді.
Жастардың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету, оларды сапалы кәсіптік білім алуға ынталандыру мақсатында 2011 жылдан бастап Ақмола облысы әкімінің атаулы стипендиялары бөлініп жатқаны белгілі. Осы уақытқа дейін атаулы стипендияны 3080 адам алып, белгілі бір мамандық иесі атанған. Биыл бұл атаулы стипендияға ие болған 232 жас білім алып жатқан көрінеді. Олар медициналық, педагогикалық, теологиялық мамандықтар бойынша білім алушылар. Спикердің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта облыс әкімінің атаулы стипендиясын беру шарттарына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылдан бастап стипендиялар негізінен, техникалық мамандықтар бойынша оқитын студенттерді даярлауға бағытталмақшы.
Сондай-ақ, Алтынай Байқадамқызы облыста дене шынықтыру және спорт, мәдениет салаларында атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға тоқталып, халықтың осы салалардағы елеулі рөлі мен белсендігін атап өтті.
Брифингке қатысқан журналистер қауымы облыс әкімінің орынбасарына денсаулық сақтау саласында орын алып жатқан келеңсіздіктер мен халықтың көңілі толмайтын жайларды, ана мен бала өлімі, дәрігерлердің жауапкершіліктен жалтаруы, білім саласы бойынша мектеп асханаларындағы жағдайларды бақылап, қадағалау, жабылғалы тұрған ауылдардағы оқушыларды мектепке тасымалдау, ауылдық мектептердегі кітапханаларды көркем әдебиетпен қамту, бала құқығын қорғау ұйымының жұмысына көңіл толмаушылық секілді сан алуан сауалдарын қойып, өз тараптарынан да ұсыныстарын білдірді. Әр көтерілген мәселе бойынша тиісті жауаптар беріліп, басқарма басшыларына міндеттер жүктелді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.