Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетау көркейіп, жаңару жолында - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетау көркейіп, жаңару жолында

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов облыс орталығы Көкшетау қаласында  жылдар бойы тұрғын үй кезегін күткен азаматтарға пәтер кілттерін тапсырып, жаңадан салынған жолдарды іске қосты және машина құрастыру кәсіпорынының ашылуына қатысты.  

Жаңа баспана – жаңа өмір бастауы

– Баспаналы болу – кезекте тұрған отбасылар үшін көптен күткен қуанышты оқиға. Мемлекет тарапынан азаматтарды тұрғын үймен қамту бағытында бірқатар тиімді шаралар қабылдануда. Құрылыс жұмыстарын күтпей, компаниялардан жаңа пәтерлерді сатып алып беру тетігі тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін шешуге әжептәуір көмегін тигізіп жатыр, соның арқасында біз көп балалы отбасылардың, мүгедек адамдардың, жетімдердің және басқа да әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың тұрғын үй проблемаларын шешудеміз. Алдағы уақытта заңнама бойынша бұл пәтерлерді жекешелендіруге болады, – деп Марат Ахметжанов Сарыарқа шағын ауданындағы жаңа қоныстанушыларды құттықтап, осы күні баспаналы болған 48 отбасына амандық, саулық, бақ-береке тіледі.

– Шынымды айтқанда, мен көптен бері кезекте тұрғандықтан, осындай баспанаға қол жеткіземін деп ойламаппын. Қоңырау шалып, пәтер кілтін тапсыруға шақырған кезде, мен онша сенбедім, – дейді екі бөлмелі пәтердің иесі атанған Гүлмира Қаймолдинова. Ол 12 жыл бойы жетімдер санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған. – Қазір кеудемді қуаныш кернеп тұр, жұбайым мен балаларым, жалпы отбасымыз сондай бақытқа кенеліп отырмыз. Бүгін жаңа пәтерді көруге барамыз.

Бұл күні 20 жылдай уақыт үй кезегінде тұрған Махаббат Даргинованың да отбасы осындай қуанышқа бөленді.

– Біз өте бақыттымыз. Отбасымызбен бұл күнді ұзақ күткен едік.    Мемлекет бізді назардан тыс қалдырмай, осындай қолдау көрсетіліп жатқаны үшін алғысымды білдіремін,– деді ол баспана кілтін ұстап тұрып.

Облыс әкімінің айтуынша, әкімдік құрылыс компанияларынан пәтерлерді сатып алу кезінде олардың аумағына, әрлеу жұмысының сапасына, тұрғын үй маңының абаттандырылуына аса мән беріледі. Бұл тұрғындар бірден қоныстанып, жайлы өмір бастауларына ыңғайлы болу үшін жасалуда. Әлеуметтік осал топтарға жататын отбасыларға сатып алынған үйлерде «Ақмола құтқарушы» өңірлік бағдарламасы бойынша пәтер алған азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері де тұрады екен.

Қала көшелеріндегі көліктердің жүктемесі азаяды

Қалаға жұмыс сапары аясында облыс әкімі Қопа көлі бойындағы және Застанционный шағын ауданына баратын жаңа жолдарды ашты. Бұған дейін жазғанымыздай, Қопа көлі жағалауының бойымен Кенесары көшесіне жалғасқан жолды «Қазцинк» ЖШС мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салып берді.

«BI Group» мердігер компаниясының өкілі Николай Митрофановтың айтуынша, сапалы салынған жол бойында тротуарлар мен веложол қарастырылып, жарықтандыру жүйесі жұмыс істейді. Бұл аумақта жол құрылысы маусым айында басталып, белгіленген уақыттан сәл ерте аяқталып, тапсырылды. Бірақ жағалауды көкейтуге қатысты құрылыс әлі де жалғасуда. Алдағы уақытта жағалау маңында балалар мен жасөспірімдер алаңдары, демалыс орындары мен орындықтар, кофеханалар мен асханаларға арналған шағын ғимараттар, жүгіру жолы, сахна және әдемі пирс пайда болады. Барлық жұмыс келесі жылдың маусым айының басында аяқталуы керек.

Тағы бір жаңа жол – қаланың Уәлиханов көшесінен «Шанхай» деп аталып кеткен Застанционный шағын ауданына темір жолдың үстімен өтетін көпір арқылы апаратын жолдың ашылуы қазір вокзал маңы ауданы арқылы жүретін жеңіл автокөліктер мен ауыр жүк көліктерінің ағынын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл жол бойындағы жұмыс әлі толық аяқтала қоймаған, бірақ жол облыс әкімінің сапарынан кейін бірден ашылды.

– Біз Застанционный шағын ауданының тұрғындары атынан жаңа жол салып бергендеріңіз үшін алғыс білдіреміз, енді бізге жүріп-тұру өте ыңғайлы болып отыр, – деді облыс басшысына шағын аудан белсендісі Анастасия Аксенова. – Өзенді де тазартып, маңайын нығайтып жатырсыздар. Алдағы көктемде қалаға биылғыдай су кірмейді деп сенемін.

Осы жерде айта кетсек, Қылшақты өзенінің арнасы қазір әжептәуір тазартылып, екі метрге кеңейтіліп, табаны тереңдетілген.

Аймақ үшін тағы бір маңызды кәсіпорын  

Аймақ басшысы бұл күні «Ростсельмаш» компаниясының жаңадан ашылған дилерлік орталығына барды. Орталық ауыл шаруашылығы техникасын шығарады және қызмет көрсетеді. Компания өкілі Дарын Иманмұсаевтың айтуынша, кәсіпорында 50 жұмыс орны құрылған, техниканы құрастыру, сондай-ақ сервистік қызмет көрсету үшін барлық қажетті жағдай жасалған.

– Бүгінде Қазақстанда құрастырылған үш комбайнның екеуі «Ростсельмаш» компаниясынан шығарылады. Айта кету керек, біз тек құрастырумен ғана айналыспаймыз, бізде үлкен локализация бағдарламасы бар. Ұсақтағыштарды, таратқыштарды, жанармай бактарын, бункерлерді, орақтарды жасауды игерудеміз, ал келесі жылы кабиналарды, көлбеу камераларды, қаптамаларды жасай бастауды жоспарлап отырмыз. Бұл 200-ге жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, ал локализация 50 пайыздан асқанда экспортқа шығаратын боламыз, – деді Дарын Иманмұсаев.

– Ақмола облысы бүгінде еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің көшбасшысы. Биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі триллион теңгеге жетеді. Бірақ біз өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын ғана емес, ауыл шаруашылығына қажетті машина жасауды да дамытуымыз керек. Жаңа техника – бұл жаңа мүмкіндіктер, сондықтан негізгі кәсіпорындарға барлық қажетті қолдауды көрсету керек, – деп атап өтті облыс әкімі. Сонымен бірге ол сервистік орталықтарды аудандарда да ашу қажеттігін, бұл жергілікті жерлерде техниканы тез әрі сапалы жөндеуге мүмкіндік беретінін айтты. Ол үшін өңірімізде еңбек және материалдық ресурстары жеткілікті.

– Бұл кәсіпорын аймақ үшін өте маңызды. Біз өз өндірісімізді және басқа да ірі машина жасау компанияларын салуды жоспарлап отырмыз. Біздің облыста агроөнеркәсіп саласы өсуі тиіс, – деді Марат Ахметжанов.

Владислава КОКОРИНА,
Ырысалды ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар