Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде қысқы маусымда облыс аумағындағы жолдарды күтіп ұстау мәселелері мен жұмысшы мамандықтарын даярлау бағытында атқарылуға тиіс жұмыс пысықталды.
Кезекті әкімдік мәжілісі кадрлық ауыс-түйістерді хабарлаудан басталып, «Ақмола облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының жаңадан құрылғаны туралы айтылды. Оның басшысы болып Степногорск қаласының бұрынғы әкімі Алпысбай Қайыржанов тағайындалды. Бұл басқарма төтенше жағдайларды алдын алу, төтенше жағдай кезінде тиісті шараларды ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіріп жүргізетін болады.
Мәжіліске облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихаттың төрағасы, аудан-қала әкімдері, облыстық департаменттер мен басқармалардың, кәсіпорындар мен колледждердің басшылары, бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты. Мәжілістің күн тәртібіне сәйкес облыстағы автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарын аяқтау және оларды қыс маусымында күтіп ұстау бойынша атқарылып жатқан шаралар, Ақмола облысында жұмысшы мамандарын даярлау мен оларды жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша тиісті басқарма басшыларының баяндамалары тыңдалып, талқыланды.
Алғашқы мәселеге тоқталсақ, биыл облыс аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар автокөлік жолдарының құрылысы мен жөндеуіне бөлінген қаржы соңғы он жылда болмаған рекордтық көрсеткішке жетіп, оған қазынадан 106 миллиард теңге бағытталған. Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаковтың мәлімдеуінше, бұл қыруар қаржыға, 800 шақырым жол салынып, кей тұсы жөндеуден өткен. Сөйтіп, ол өңірдегі жолдардың құрылысы мен жөнделуі бойынша қолға алынған 130 жобаның қалай жүзеге асырылып жатқаны, қаншасы аяқталып, қайсылары созбалаңға түскені, қайсыбірі қайта түзетуге жіберілетіні туралы айтып, «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының» жол-құрылыс материалдарын сынау және іріктеу нәтижелеріне сәйкес 31 жоба бойынша өрескел қателіктер мен ескертулер анықталғанын алға тартты. Бұл орайда, облыс әкімі:
–Жүзеге асырылып жатқан жобаларға түзетулер енгізе беру – оны әуелден қате жоспарлау мен тиісті бақылаудың болмағанының нәтижесі, – деп аудан-қала әкімдерін қатты сынға алды. – Әр жоба қолға алынғаннан кейін белгіленген мерзімде сапалы түрде тапсырылуы тиіс. Оны жергілікті әкімдерден бастап, мүдделі органдар қадағалауы қажет.
Облыста қысқы күтіп ұстауға жататын жергілікті маңызы бар жолдың аумағы 12 мың шақырымнан асады. Осы автожолдарды күтіп ұстау мақсатында мүдделі басқарма 11 мердігерлік жол ұйымымен келісім-шарт жасасыпты. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, биылғы қыста облыс жолдарын күтіп ұстауға 200-ден астам қар тазалағыш техникасы жұмылдырылады деп жоспарланған. Жанар жағар май мен инертті материалдардың қажетті қоры да дайын. Атап айтқанда 150 тоннадан астам жанар жағар май, 5 мың текше метрді құрайтын жолға себу материалдары әзір. Сондай-ақ, мердігер ұйымдар техникаларын жол тазалауға уақтылы шығарып отыру үшін жылы гараж, үй-жайларын ретке келтірген.
Барлық аудан-қала әкімдіктері мен жергілікті шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында 300-ден астам меморандум жасалған екен, онда аудандық маңызы бар жолдарды және елді мекендердің көше-жол желісін тазалау шаралары қарастырылған. Жауапты шаруашылық қызметтері статистикалық мәліметтерін толымды етіп бергенімен, елді мекендерде жолдарды тазалау бойынша халық тарапынан жиі көңіл толмаушылық, наразылықтар айтылып жатады. Басқарма басшысының айтуынша, қазірдің өзінде Астана қаласына іргелес елді мекендердің көше-жол желісін уақытылы тазаламау бойынша тұрғындардан арыз-шағымдар түсіп жатыр.
–Қосшы қаласы, Аршалы және Целиноград аудандарының елді мекендері – Жібек Жолы, Тайтөбе, Қараөткел, Қаражар ауылдары секілді қала маңындағы автобус маршруттары тасымалдаушыларынан жолдар жайлы арыз-шағымдары келіп түсуде, –деді Владимир Захарович. Бұл орайда, аудан басшыларына жолдарды қардан уақытында тазалап, халықтың кедергісіз жүріп-тұруын қамтамасыз ету тапсырылды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева өз кезегінде жұмысшы мамандарын даярлау және оларды жұмысқа орналастыру туралы кеңейтілген баяндама жасады. Айтуына қарағанда, өңірде кәсіптік және техникалық білім беруді 29 колледж жүзеге асырып, онда 20 мыңға жуық студент оқиды, олардың 83 пайызы тегін білім алуда. Солардың ішінде 5977 студент жұмысшы мамандықтары бойынша оқып жатыр.
–Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білікті кадрлардың даярлануы, ал колледждер жастар мен жұмыс берушілерді тартудың орталығына айналуы тиіс екенін атап өткен болатын. Осыған байланысты өңірдегі колледждерде мамандарды сапалы даярлауға тиісті көңіл бөлінуде. Кәсіптік-техникалық білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы өңірдің салалық басқармалар, ұйымдар мен кәсіпорындар ұсынатын қажеттілігіне сәйкес қалыптастырылады. Мемлекеттік тапсырыстың 50 пайыздан астамы техникалық және агротехникалық мамандықтарға беріледі. Колледждерден жыл сайын 6 мыңнан астам маман бітіріп шығады. Түлектерді жұмысқа орналастыру үлесі өңір кәсіпорындарында – 72 пайызды құрайды, ал колледж түлектерінің жоғары оқу орындарына түсуін, Қарулы Күштер қатарына шақырылуын ескерсек, жұмысқа орналасу және жұмыспен қамтылу 97 пайыз деп айта аламын, –деді Айнагүл Балташева.
Басқарма басшысының баяндауынша, облыс колледждері бизнес-қоғамдастықтарымен тығыз ынтымақтастықта. Барлық ТжКБ ұйымдарында 700-ден астам кәсіпорынның қатысуымен индустриялық кеңестер жұмыс істейді. Сонымен бірге, колледж — студент — кәсіпорын үшжақты шарт жасасу арқылы нақты кәсіпорындардың өтінімдері бойынша кадрларды мақсатты түрде өздеріне даярлау тиімділігі қарастырылған. Бүгінгі таңда облыста осындай дайындықтан 2 мыңнан астам студент өтіпті. Мамандарды даярлаудың тағы бір тиімді формасы – өндірісте практикалық оқыту уақытын едәуір арттыруға мүмкіндік беретін дуальды оқыту. Бүгінде бұл оқыту түрімен 26 колледжде мемлекеттік тапсырыс аясында 5 мыңнан астам студент қамтылған. Студенттерге өндірісте 600-ден астам тәлімгер тағайындалыпты.
Облыстық білім басқармасының басшысы жалпы осы бағытта атқарылып жатқан жұмысқа жан-жақты тоқтала келе, облыс әкімінен алдағы жұмысшы мамандықтары жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру объектілерін жөндеуге, сондай-ақ оқу-өндірістік жабдықтарын сатып алуға қаржыландыруды ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Сондай-ақ, кадрларды сапалы даярлауға мүдделі өңірдің жетекші кәсіпорындары колледждердің материалдық базасын дамытуға өз үлестерін қосса деген өтінішін жеткізді. Мәжіліске қатысқан «Тыныс» АҚ-ның директоры Мұхтар Керейбаев «Серпін» бағдарламасымен келетін жастарды өңірде ұстап қалу үшін оларға кем деген 3-5 жыл облыс аумағында жұмыс істеуді міндеттеу қажеттігін, студенттерді жұмысшы мамандықтарына оқыту кезінде қызығушылықтары артатындай жағдайлар қарастыру керектігін айтып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Облыс әкімі өз кезегінде жұмысшы мамандықтарының беделін, жастардың қарапайым еңбек адамдарының жетістіктеріне қызығушылығын арттыру үшін өңірдегі «Соцалистік еңбек ері», жуырда қосылған «Ақмола – еңбек озаты» атақтарын алған құрметті азаматтармен кездесулер ұйымдастырып, олардың еңбек жолын насихаттау, сөйтіп жұмысшы мамандығына оқып жүрген жастарға жағдай жасау жолдарын қарастыруды тапсырды.
Мәжіліс соңында облыс әкімі Марат Ахметжанов талай жылдан бері Атбасар ауданын басқарып, оның дамуы мен өркендеуі жолында абыроймен еңбек еткен аудан әкімі Аманбек Қалжановқа игі тілегін айтып, шапан жауып, зейнет демалысына шығарып салды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.