2024 жылдың 28 қарашасында біздің әкеміз, соғыс және еңбек ардагері, бұрынғы партия қайраткері Қайырбек Хасеновтың туғанына 100 жыл, бұл дүниеден өткеніне де міне, он жылдың жүзі болып қалды. Толассыз жылдар мен айлар әкеміздің қайтыс болған күнін бізден қанша алыстатса да, жарқын бейнесі балаларының, немерелері мен шөберелерінің мәңгі жадында. Туған-туыстарымыз бен басқа ағайын, ел-жұрт та оны ұмыта қойған жоқ, ұмытпайды да деген ойдамыз.
Біздің әкеміз бұрынғы Көкшетау облысы Қызылту ауданы «Чапаев» кеңшарының 5 декабрь ауылында дүниеге келді. Бұл елді мекен Көкшетау қаласынан бірнеше жүздеген шақырым қашықтықта. Әкесі Хасен өз заманында жылқышы болса, анасы Мақыш үй шаруасымен айналысты.
1942 жылы соғыстың қыза түскен тұсында, әкеміз 18 жасқа толар-толмаста әскер қатарына алынды. Сөйтіп, алыс ауылдағы бұғанасы әлі қата қоймаған жасөспірім, орыс тілін білмесе де, Саратов әскери училищесіне дайындық курсына жіберілді. Екі айдан соң әскер қатарына майданға аттанды. Әкеміз осылайша, Прибалтика майданында 18-ші атқыштар дивизиясының құрамында қолына қару ұстап, неміс-фашист басқыншыларынан Вильнюс, Шауляй және басқа да қалалар мен елді мекендерді азат етуге қатысты.
1944 жылдың аяғына қарай бірнеше қарулас жолдастарымен бірге, майданнан шақыртылып, Саратов әскери училищесіне оқуға жіберіледі. Бұл оқу орны ол кезде КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетіне қараған.
1946 жылы училищені аяқтаған соң әкемізді қайра сол Балтық жағалауына, буржуазиялық ұлтшылдарға қарсы күреске жіберді. Әкеміздің айтуы бойынша, ондай элементтер күндіз мемлекеттік мекемелерде қызмет атқарса, түнде кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізіп, жасырын күреске шығып, үйлерді өртеумен, коммунистерді өлтірумен айналысқан. Арада екі жыл өткенде әкеміз қызмет еткен әскери бөлім Украинаның оңтүстігіне ауыстырылды. Бұл жерде Отанға сатқындық жасаған «бендеровшылармен», Украинаны Кеңес үкіметінен бөліп алу үшін диверсиялар жасағандармен күресті. Осылайша әкеміз бұл әскер құрылымында 1946 жылдан 1950 жылға дейін үздіксіз қызмет етті. 1950 жылдың сәуірінде Әскери басшылықтың алғыс хатымен марапатталып, майдандағы от-жалынның ортасында өткен жылдарын қоса алғанда, араға сегіз жыл салып, капитан шенінде аман-есен туған еліне оралды. Келісімен 1945 жылдан партия мүшесі әрі сауатты жас маман ретінде Қызылту аудандық партия комитетіне аупартком хатшысы Белгібай Айтжановтың көмекшісі болып бірден қызметке қабылданды, кейін шаруашылықтар бойынша нұсқаушы қызметіне ауыстырылды.
1955 жылы аудандық партия комитеті бюросының шешімімен әкеміз Алматы қаласындағы Жоғары партия мектебіне оқуға жолданды. 1959 жылы осы партия мектебінің күндізгі бөлімін ойдағыдай аяқтап, Қызылту ауданының жаңадан құрылып жатқан «Херсон» совхозына партия ұйымының хатшысы болып тағайындалды. Ол кезде тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты бой көтерген бұл шаруашылықтың директоры сол тың эпопеясына келген Социалистік Еңбек Ері А.А.Вагин болған. Сол жылдары жұмыс бабымен осы кеңшарға келгенінде Қызылту аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері А.М.Иванов та біздің үйде жиі болып тұратын. Неге десеңіз, ол кезде ауылдық жерлерде қонақ үйі болмаған, оның үстіне біздің ата-анамыз осы совхоздағы бірден-бір интеллигентті отбасы болып саналатын, папамыз партия қызметкері, анамыз мұғалім, оған қоса, кешегі майдангер ретінде де әкеміздің беделі ауданда зор болатын.
1964 жылы біздің үй ішімізде тағы бір өзгеріс болып, папамызды Қызылту аудандық партия комитетіне насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындады. Ол кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы тағы бір Социалистік Еңбек Ері В.А.Окунев еді. Бұл кісімен, яғни, өз қызмет бабындағы үшінші ЕңбекЕрімен де әкеміз қоян-қолтық, ынтымақты жұмыс істеді.
1973 жылы араға тоғыз жыл салып, біздің отбасымызғаөздері орнығып, үйреніп қалған жерлерінен тағы да жаңа жерге қоныс аударуларына тура келді. Ол кездепартия қайда жіберсе, сонда бару өмірдің заңы болатын. Бұл жолы әкемізді Көкшетау облысында жаңадан ашылған Уәлиханов ауданында да тынымсыз жұмыстар күтіп тұрған еді. Қазақтың төрт түлік малына толы болған осы өңірде де әкеміз аудандық партия комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі қызметінде сегіз жыл адал еңбек етіп, 1985 жылы құрметті зейнет демалысына шықты.
Осылайша, әкеміз Қайырбек Хасенов екі ауданда, өзіне сеніп тапсырылған үш лауазымдық қызметте бойындағы бар күш-қайратын, білімі мен біліктілігін туған еліне сыйлап, өз заманының жарқын болашаққа сенген адал бір перзенті болды. Қай жерде, қай қызметте де оның бірінші басшылары жоғарыда айтқанымдай,Социалистік Еңбек Ерлері болды. Бұл да болса, әкеміздің сол айтулы адамдардың сенімінен шыға білген жоғары кәсіби деңгейінің арқасы. Кеңестер Одағында идеологиялық жұмыс әрқашан бірінші кезектегі жұмыс буыны болып саналып, зор маңызымен ерекшеленген. Осы еңбегі ақталып, «Уәлиханов ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленді.
Енді әкеміздің мінез-құлқына келсек, өте адал, әділ,мәдениетті, көп оқып-тоқыған жан. Адамның басты байлығы білімі деп санайтын. Сондықтан,бастауыш сыныптарда біздің үй тапсырмаларымызды өзі қадағалап, күнделігімізді тексеріп, бір күн де осы жағын назардан тыс қалдырмайтын. Кейін мектеп бітіріп, университет пен институтқа оқуға түскенімізде де, сынақ кітапшаларымызды қарап отыратын. Бала күннен есімізде қалғаны, кешке біздерге дауыстап кітап оқып беретін, солай бізді кітап оқуға ынталандыратын. Біздерге әкемізден екі мың данадан астам кітаптар жинағы мұрағат ретінде қалды. Онда қандай кітап жоқ дейсіз?! Қазақ, орыс және шетел классиктерінің туындылары, энциклопедиялар, ғылыми әдебиеттер. Қай жерлерде тұрсақ та, үйімізде әрдайым бір бөлме «кітапхана» деп аталатын. Жылда бес-алты газетке, қызығушылығымыз бойынша бірнеше журналға жазылу, мерзімдік баспасөзді екі тілде бірдей алып тұру біздің үй үшін бұлжымас дәстүр еді. Біз есейгесін де, әкеміз сол газет-журналдардан бізге оқысын деп тартымды материалдарды іріктеп, тақырыптарының астын сызып немесе біз сол материалды көретіндей, көзімізге түсетіндей етіп бетін жайып, дайындап қоятын.
Әкеміздің музыкалық дарындылығын айта кетсек, өзі домбыра тартуды үйреніп, бізге сонау 1965 жылы сатып әперген пианино аспабында да ойнайтын. Қазір сол пианинода шөбересі ойнайды. Сондай-ақ, үйде қазақ тіліндегі опералар мен ариялардан және әндерден тұратын күйтабақтар жиынтығы бар болатын. Кешкісін бәріміз оларды «Латвия» радиоласына қойып, отбасы болып тыңдайтынбыз. Ол кезде, қазіргідей цифрландырудың болмағаны өкінішті-ақ. Мүмкін, ол болса, қазір солар сақталып қалар ма еді. Бұлай дейтінім, ол күйтабақтарды кезінде әкеміз Уәлиханов аудандық мәдениет үйіне сыйлық ретінде табыс етті. Сол күйтабақтардың одан арғы тарихы белгісіз, өйткені, кейін аудан таратылып, жабылды. Біз бәріміз Қызылтудағы балалар музыкалық мектебінде оқыдық. Әкеміз біздің спортпен шұғылдануымызға да көңіл бөлетін, өзі әсіресе, бильярдты жақсы ойнайтын. Біздің бәріміздің спорт секцияларына баруымызды жөн көруінің арқасында баскетбол,волейбол, үстел теннисінен жасөспірімдерге берілетін разрядтарымыз бар. Әрқашан үйімізде шаңғы, коньки, велосипед бар болатын.
Үй ішіміздің есігі кімге болсын, ашық, нан-тұзымыз дайын тұрушы еді. Аудан орталығында тұрғандықтан «Чапаев», «Қайрат» кеңшарлары мен басқа да жерлерден ағайындарымыз, туыстарымыз, таныс кісілер бірнеше күндеп, тіпті апталап, қона жатып жүретін. Соған қарап, біз, туысымыз көп екен деп ойлайтынбыз. Тек өскенде ғана әкеміз бір үйдің жалғыз ұлы екендігін білдік, ал, келіп жататын қонақтар көбіне-көп жерлестеріміз, Қыпшақ руының өкілдері екендігін түсіндік.
1951 жылы әкеміз әскерден келген соң ата-аналарымыз отбасын құрды. Анамыз Аяғанова Бәтима сұлу, жастайынан қоғамдық жұмыстарда белсенді болатын. Мектепте мұғалім болып істеген кезде, Қазақстан комсомолының V съезіне делегат болып қатысты. Ата-анамыз 63 жыл бірге бақытты өмір сүрді. Жыл сайынғы еңбек демалыстарында Кисловодск, Ялта, Железноводск, Гагра санаторийлерінде емделіп, денсаулықтарын түзейтін. Санаторийден қайтып келе жатқанда, бірнеше күнге Мәскеуде аялдап, музей, театрларына баратын.
Төртінші сыныпта мен бірінші рет әкеммен Мәскеуге бардым. Онда Александров бағында, Қызыл алаңда, В.И.Лениннің мавзолейінде, Кремльдің Грановитті палатасында, тарихи музейінде болып, құрметті қарауылдың ауысқанын тамашаладық. Идеология саласының қызметкері ретінде әкемізді кейде туристік топтардың жетекшісі етіп, шет елдерге де жіберетін. Әкеміздің арқасында біз де социалистік лагерьдің барлық елдерінде, Болгария, Польша, Чехославакия, Венгрия, Германия, Румыния, тағы басқаларында болдық. Бұл біздің әкемізбен ең бақытты сәттеріміз еді.
Әкеміздің тағы бір қасиеті, немерелері мен шөберелері дегенде жанын беретін, оларды өте жақсы көретін. Барлығын бірінші сыныпқа өзі апарып, сабақтарына қатысатын, іс-шараларынан да қалмайтын. Балалар лагерьде демалып жатқан кездерінде де барып тұратын. Аттестаттар, дипломдар тапсыру салтанаттарына да қатысатын. Алғашқы шөбересінің есімін Асанәлі деп өзі қойды. Зейнетке шыққаннан кейін өзге майдангерлермен бірге, жаудан қорғаған барлық «Батыр-қалаларды» аралап шықты. Бұған елімізде соғыс ардагерлеріне жеңілдіктердің болуы көп көмектесті.
Ұлы Отан соғысындағы ерлігі және бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегі үшін әкеміздің қол жеткізген марапаттары көп. Екінші дәрежелі«Отан соғысы»,«Құрмет Белгісі» ордендері және «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медальдары,тағы басқа 21 медаль омырауын көркейтіп тұратын. Солардың ішінде әсіресе, «Гвардия» жауынгерлік белгісін де ерекше қастер тұтатын.
Біз, ұрпақтары, әкеміз, атамыз, ұлы атамыз Қайырбек Хасенұлын ерекше мақтан тұтамыз. Әкеміздің өмірі біздер үшін зор өнеге, Отанға, елге, туған жерге қалтқысыз қызмет етудің нағыз үлгісі деп білеміз. Қазір де біз ойша әкемізбен іштей көп сырласамыз. Әке махаббаты мен сүйіспеншілігінің сөнбес сәулесі біздің бәрімізді бүгінгі күні де, алда да өз шапағатына бөлей беретініне сенеміз. Біз әкемізді есімізде мәңгі сақтаймыз және шексіз сүйеміз!
Жанат ХАСЕНОВА,
білім саласының ардагері.
Көкшетау қаласы.