Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қызылшаға қарсы екпемен 40 мың бала  қамтылды - АРҚА АЖАРЫ

Қызылшаға қарсы екпемен 40 мың бала  қамтылды

Ақмола облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина вакцинамен басқарылатын инфекциялар бойынша эпидемиологиялық ахуалдың жайы туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді. Жыл басынан бері 2023 жылмен салыстырғанда жедел респираторлық аурулармен сырқаттанушылықтың 9 есе өсуі байқалады.

Қызылша ауруы 874 адамда расталды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 16 есе жоғары. Өңірде халықтың нысаналы топтарын вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. Алайда, профилактикалық егулермен қол жеткізілген жалпы қамтуға қарамастан, ауру деңгейі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған көрсеткіштен өскен.

Көкжөтелмен сырқаттанушылықтың 56 расталған жағдайы тіркелді. Оның 53-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында орын алған. Бұл – жалпы көрсеткіштің 95 пайызы.

– Расталған жағдайларды жасына қарай сараласақ, бірінші орында 1 жасқа дейінгі сәбилер – 25 жағдай, екінші орында 1 жастан 4 жасқа дейінгі бүлдіршіндер – 24 жағдай, үшінші орында 5-14 жас аралығындағылар – 6 жағдай, төртінші орында 15 жастан асқан балалар – 1 жағдай. 14 жасқа дейінгі ауырған 53 баланың 48-і вакцинацияланбаған. Статистикаға сүйенсек, Көкшетау қаласында – 22 жағдай, Бурабай қаласында – 18 жағдай, Астрахан, Атбасар, Ерейментау, Зеренді, Сандықтау аудандарында, Степногорск және Қосшы қалаларында 2 жағдайдан тіркелді, – деді өз сөзінде Айнагүл Мусина.

Көкжөтел вакцинамен басқарылатын инфекция, оның алдын-алудың нақты және тиімді шарасы екпе салу болып табылады. Балаларға жоспарлы профилактикалық егулер Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі. Барлық міндетті вакциналар бюджет есебінен тегін жасалады.

Жүргізілген қосымша жаппай иммундаудың арқасында қызылша бойынша жағдай тұрақтанды, қызылшамен сырқаттанушылық ауруының саны биылғы қаңтардағы 229 жағдайдан қазан айында мүлдем байқалмайды. Өйткені, 40 мыңнан астам бала вакцинациямен қамтылды.

Перзентханада сәби өмірінің 1-4 күнінде туберкулезге және В гепатитіне қарсы вакцинация жасалады. 2 айда сәбилерге гепатитке, полиомиелитке, көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге (АКДС) және В типті гемофильді инфекцияға қарсы кешенді егу жүргізіледі, сондай-ақ, пневмококк инфекциясына қарсы вакцина беріледі. 3 айда көкжөтелге, дифтерияға және сіреспеге (АКДС), полиомиелитке және В типті гемофильді инфекцияға қарсы қайталама егулер жасалады. Осылай тиісті екпелер өз кезегімен жалғасып отырады.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстан Республикасында адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинация басталды, иммундау науқаны 11 жастағы қыз балаларды жоспарлы вакцинациялауды және 12-13 жастағы қыз балаларды вакцинациялауды қамтиды. Біздің облысымыздың да барлық аудандарында адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация басталды. Нәтижесінде осы екпемен 2897 қыз бала егілді. Вакцинацияланған жағдайлардың арасында иммундаудан кейін қолайсыз көріністер тіркелген жоқ.

Бүгінде профилактикалық егуден бас тартқандар да бар. Олардың саны 1368. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 30 пайызға кем. Бас тартудың басты себептері жеке және діни сенімдер. Вакцинация – аурудан қорғанудың бірден-бір тиімді жолы, сондықтан, балаларыңыздың уақытында  екпе алуына мүдделі болыңыз.

Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар