Италия мемлекетінің астанасы Римде өткен Халықаралық Fibonacci International Robot Olympiad әлемнің түкпір-түкпірінен робототехника әуесқойларының басын қосатын ең ірі жарыстарының бірі болып саналады.
Әлемнің 28 мемлекеті қатысқан осы жарыста Ақмола облысынан Бурабай ауданындағы Қызылағаш ауылы Абылайхан орта мектебінің командасы әлем чемпионы атанғаны баршамыздың да жүрегімізде мақтаныш сезімін туғызарлық ерекше оқиға. Еліміздің намысын осы байрақты бәсекеде аталмыш мектеп оқушылары Жеңіс Дидар, Қаппасов Дидар және Кәдірбай Нұрәлі қорғаған. Олардың жетекшісі – информатика пәнінің мұғалімі Нұржан Әбілжанов.
Жарыс 14 санат бойынша өткізіліп, бір санатқа бір мемлекеттен 5 команда қатыса алды. Нәтижесінде Қазақстаннан келген командалар үш жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде «Lego Line Following» санаты бойынша Бурабай ауданы Абылай хан орта мектебінің командасы 1 орынды жеңіп алды.
– Халықаралық деңгейдегі жарысқа қатысып, ел намысын қорғап, биік жетістіктерге жеткен жерлес ұландарымыз үшін қуаныштымыз және олардың осындай биікке көтерілуіне дәнекер болған ұстаздарына ризашылығымызды білдіреміз! – дейді бурабайлықтар.
Бір кезде үш жүздің басын қосқан Абылай хан бабамыздың құт мекеніне жататын бұл киелі ауылдың оқушылары өздері республика намысын қорғаған Турция мемлекетінің Анталия қаласындағы Азия чемпионатында да үздік нәтиже көрсетіп, осы Рим қаласында өткен әлемдік додаға жолдама алған болатын. Міне, сол қадамдары табысты болып, Италиядан да бас жүлдемен оралып отыр. Ел атын шығарған өрендерімізді ұлы бабаларының аруағы қолдады деп осындайда айтатын шығар!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Бурабай ауданы.