Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен кездесіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып берді. Биылғы жылы агроөнеркәсіп саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізілгені, егін және астық жинау науқанының сәтті аяқталғаны шара барысында ерекше атап өтілді.
Мемлекет басшысы Елорда төрінде аграршылардың мерекесіне орай сөйлеген сөзінде, Ақмола облысы еліміздің негізгі аграрлық аумағы, астананың азық-түлік белдеуі деген атаққа лайықты өткеріп келе жатқанын атап өткен болатын. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, аймақта ауыл шаруашылығының негізін құрайтын егіншілік және мал шаруашылығында агротехникалық шаралар толық көлемде орындалып, салаға қажетті барлық жұмыстар уақытылы жүргізілген.
– Ақмола облысы агроөнеркәсіптік кешенін дамытуда айтарлықтай жетістіктерге жетті. Әртараптандыру мен агротехнологияларды енгізу арқылы біз өнімділікті арттырып қана қоймай, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де зор үлес қосып отырмыз, – деді ол.
Биылғы жылы Ақмола облысының егіс алқабы 5,4 миллион гектарды құрап, оның 4,7 миллион гектарына дәнді дақылдар егілді. Биылғы астықтың шығымдылығы да айтарлықтай жоғары болып, рекордтық көрсеткіш – 6,6 миллион тонна астық жиналды, орташа өнімділік 14,1 центнерден айналды. Облыс астығының 60 пайызы үшінші сыныпқа жатады. Бұл астық сапасының жоғарылығын көрсетеді.
– Биыл біз өнімділік пен сапаны арттыруда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Қолданылған агротехнологиялар мен элиталық тұқымдар, минералды тыңайтқыштарды ұтымды пайдалану өнімнің сапасын жақсартты, – деді Мұрат Сағатұлы.
Ауыл шаруашылығын әртараптандыру мақсатында Ақмола облысында майлы дақылдар мен жемшөп дақылдарының егіс алқаптары кеңейтілген. Майлы дақылдар егісінің көлемі 36 пайызға ұлғайтылып, 269 мың гектарға жетті. Ал, жемшөп дақылдары аграрлық сектордың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету үшін арттырылды.
Ақмола облысының мал шаруашылығы саласы да маңызды жетістіктерге жетті. Облыс құс еті мен жұмыртқа өндіру бойынша республикада жетекші орын алады. Сүтті және етті мал шаруашылығын дамыту үшін инвестициялық жобалар іске асырылуда, бұл өндірісті арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
– Мал шаруашылығын дамыту – біздің аймақтағы басты бағыттардың бірі. Жеңілдетілген несиелеу арқылы сүт-тауар фермаларын дамытуға бағытталған жобалар іске асырылуда. Осылайша, біз облыстың сүт өндірісін 40 мың тоннаға арттыруды жоспарлап отырмыз, – деді спикер.
Өңдеу саласында да айтарлықтай өзгерістер бар . Ақмола облысында 67 өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді, олардың арасында астық өңдеу, сүт, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар жетерлік. 2024 жылы өңделген азық-түлік өндірісінің көлемі 208 миллиард теңгеден асты, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға артып отыр.
–Өңдеу саласын дамыту арқылы біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосымша құнын арттырып, өңір экономикасын нығайтуды жалғастырудамыз. Өңделген сүт, ірімшік, өсімдік майы және ұн өндірісінің көлемі артты, –деді облыс әкімінің орынбасары.
Онымен бірге, брифингте Ақмола облысындағы экологияны сақтау бастамалары қалай жүзеге асырылып жатқаны да баяндалды. 2021 жылдан бастап орман қорының көлемін арттыру жұмыстары басталып, осы уақытқа дейін 8 мың гектар жерге 56 миллион ағаш отырғызылған. 2027 жылға дейін тағы 95 миллион ағаш отырғызу жоспарланыпты. Сонымен қатар, су ресурстарын қорғау және су тасқыны қауіпін болдырмау мақсатында өңірде өзен жағалауларын нығайту, арналарды тереңдету және гидротехникалық объектілер салу жұмыстары жалғасып жатқаны сөз етілді.
2025 жылы Ақмола облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін әртараптандыру, сапаны жақсарту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жалғасады. Жер ресурстарын тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
– 2025 жылы ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жұмыстарды жалғастырып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуды, өнімнің сапасын арттыруды және қайта өңдеу саласын дамытуға бар күшімізді саламыз. Биылғы астық ору науқанында жеткен жетістікті де сақтап қалу барысында қазірден бастап тиісті жұмыстар қолға алынған, – деп баяндамасын аяқтады облыс әкімінің орынбасары.
Ақмола облысының агроөнеркәсіптік кешенінде атқарылып жатқан жұмыстар мен қол жеткізілген жетістіктер өңірдің тұрақты дамуына үлкен ықпал ететіні белгілі. Сондықтан журналистер қауымы баяндамашыға аграршылардың жинаған астығын сақтау, оны жүзеге асыру, экспортқа шығару, мал шаруашылығын дамыту бойынша мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау, «Кең дала», «Ауыл аманаты» жобаларының ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге беретін пайдасы секілді сан сауалдар қойып, аграршылардың «Азық-түлік корпорациясына» астық тапсыру бойынша туындап жатқан мәселелері қаншалықты шешімін тауып жатқанын сұрады және өз тараптарынан бірқатар ұсыныстарын айтты.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.