Ақмола облысының өнеркәсіп секторы облыс экономикасының үштен бірін құрайды. Облыста ірі, орта, шағын және қосалқы өнеркәсіптерді қосқанда 1300-ге жуық өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Олар жыл сайын 1,7 триллион теңгеден астам тауарлық өнім шығарады. Негізгі салалары – металлургия, машина жасау, тамақ өндірісі, құрылыс индустриясы. Бұл туралы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында өткен кезекті брифингте Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов айтып берді.
– Биылғы жылы облыс экономикасына 397 миллиард теңге инвестиция құйылды. Барлық салаларда жеке инвестициялар арқылы жалпы инвестиция көлемі жүз алпыс миллиард теңгеден асатын екі жүз жеті жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. 1,8 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда, 684 жұмыс орнын құрумен инвестиция көлемі алпыс үш миллиард теңгеге жуық 115 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша «AQMOLA INVEST» инвестициялық даму орталығы құрылды. Оның функцияларына инвесторларды жоспарлау кезеңінен бастап іске қосуға дейін қолдау көрсету кіреді. Инвесторлармен өзара іс-қимыл «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторларға мемлекеттік қызметтерді, басқа институттар көрсететін басқа да қызметтерді алуда қолдау көрсету, өңірдің қолайлы инвестициялық имиджін құру және ілгерілету бөлігінде жүзеге асырылады. «AQMOLA INVEST» Астана қаласында орналасқан. Бүгінгі күні орталықта инвесторлармен 50-ден астам кездесу өткізілді. Оның ішінде отыз бір кездесу Қытай, Венгрия, Ресей, Түркия, Тәжікстан, Австралия, Германия, Швейцария, Англия, Иордания, Украина қатарлы шетелдіктермен болды. Осы нәтижелердің барлығы біздің облысымыздың индустриялық-инвестициялық орталық ретіндегі позициясын нығайтып қана қоймай, жаңа міндеттер мен мүмкіндіктерге белсенді түрде дайындалып жатқанын көрсетеді, – дейді өз сөзінде Ернар Серікбайұлы.
Сонымен бірге, шағын және орта бизнес (ШОБ) біздің облыс экономикасының тірегі болып табылады. Бүгінде, бұл салада 145 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Бұл облыстың барлық экономикалық белсенді халқының үштен бірін құрайды. Ағымдағы жылдың он айында ШОБ секторындағы өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда он төрт пайызға артып, сегіз жүз бес миллиард теңгеге жеткен. «Сауда да тұрақты өсім көрсетіп отыр. Он айда тауар айналымы бір триллион теңгеден асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,2 пайызға артық. Облыста инфляция 8,3 пайызға дейін төмендеді. Бұл да республикалық көрсеткіштен төмен. Азық-түлік бағасының өсуін тежеу үшін біз тұрақтандыру қорын және «айналмалы схема» тетігін белсенді түрде пайдаланып жатырмыз. Бұл мақсаттарға үш миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. 2024 жылғы өнімнен 5,7 мың тонна картоп пен көкөніс сатып алынып, таратылды. Бұл бағаның күрт өсуіне жол бермеу мақсатында маусымаралық кезеңде әлеуметтік павильондар арқылы сатылды. Тұрақтандыру қорының тауарлары негізінен «KOKSHE MARKET» сауда желісінің төрт әлеуметтік павильонында және басқа да дүкендерде ұсынылған. Бұл павильондар тұтынушылар арасында өте танымал», – деп тоқталды облыс әкімінің орынбасары.
Өңірімізде ауыл шаруашылығы мен ауылды дамыту – негізгі жұмыс бағыттарының бірі екені белгілі. Ауылдар тек ауыл шаруашылығы өндірісінің орталығы ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін халық тұратын жер екенін түсінеміз. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында соңғы жылдары жалпы құны 42 миллиард теңгеден асатын 323 жоба жүзеге асырылған. Жүз жиырма ауылда мектептер, ауруханалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары салынып, жолдар жаңартылған. Бұл жобалар 230 мың адамның өмір сүру сапасын жақсартып, 1,5 мың жұмыс орнын ашқан. Биыл сексен бір ауылдың инфрақұрылымын жаңғыртуға жиырма миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінуде. Бұл қаражат әлеуметтік нысандарды, су құбырлары мен жолдарды салуға және жөндеуге жұмсалады. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы ауылдық жерлердегі кадр тапшылығы мәселесін шешуге септігін тигізіп, 2024 жылы сексен төрт маман тұрғын үй алуға жеңілдікпен несие алса, 626 адам жәрдемақы алған. Бұл білікті мамандарды тартумен қатар, ауыл тұрғындарына қызмет көрсету сапасын арттыруға септігін тигізеді.
– Өткен айларда облысымызға 800 мыңнан астам адам келген. Туристік қызметтен түскен кіріс өткен жылмен салыстырғанда отыз үш пайызға артып, 11,6 миллиард теңгені құраған. Мемлекет басшысы биылғы жылғы 13 маусымдағы туризмді дамыту мәселелеріне арналған кеңесте бірқатар перспективалы бағыттарға тоқталып, туристік аймақтарды дамыту қажеттігін атап өтті. «Бурабай» шипажайы Алматы және Маңғыстау облыстарының курорттық аймақтарымен қатар еліміздегі туризмді дамытатын үш орталықтың бірі ретінде айқындалған. Кешенді жоспар жобасына енгізілген Бурабай курорттық аймағындағы қырық бес инженерлік-көліктік инфрақұрылымдық жобаларға басымдық белгіленді. Қазіргі уақытта жоспар салалық министрліктің мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында. Сонымен қатар, өткен жылы туризм саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерді субсидиялау бағдарламасы қолдау тапты. Ал, осы жылы туристік бизнесті қолдауға жүз он миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Өңірдегі туризмді одан әрі дамыту үшін туристік нысандарды жаңғыртуға байланысты бизнесті несиелендіруді көздейтін «Aqmola Tourism» жобасы әзірленді. Келесі жылы курорттық аймақта шағын авиацияны дамыту жоспарлануда, – дейді Ернар Жаркешов.
Айта кетейік, Ақмола облысында алты жүз бес елді мекен бар. Оның ішінде үш жүз отыз үш елді мекені талшықты-оптикалық байланыс желісіне (ТОБЖ) қосылған. «Қолжетімді интернет» жобасы аясында 2027 жылға дейін 243 ауылдық елді мекенді талшықты-оптикалық желіге қосу, сондай-ақ, Көкшетау қаласында 5G стандартындағы елу алты базалық станцияны іске қосу бойынша іс-шара жоспарланған. Қазіргі уақытта он бір базалық станция орнатылған.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.