Ақмола облысының денсаулық сақтау жүйесіне 561 нысан қарайды. Биыл оларды күрделі жөндеуден өткізу жөніндегі 20 жобаны жүзеге асыруға 3 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Ахильбеков айтып өтті.
– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 155,2 миллион теңгеге Ерейментау ауданының Тайбай, Олжабай батыр, Өлеңті ауылдарында дәрігерлік амбулаторияларды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Үкімет резервінен осы мақсаттарға 823,8 миллион теңге бөлінді. Осы қаражаттың арқасында Степногорск ауданаралық ауруханасының жансақтау бөлімі мен жұмыс істеп тұрған корпусына да жөндеу жұмыстарын жүргізіп, Атбасар ауданаралық ауруханасының бас корпусын жаңартуға мүмкіндік аламыз. Қазір онда құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінгі таңда 10 жоба бойынша мұндай жұмыстар аяқталды, 3 жоба ағымдағы жылдың желтоқсан айының ортасына дейін, 7 жоба 2025 жылы аяқталады деп жоспарлануда, – дейді өз сөзінде Нұрлан Ахилбеков. Қазіргі уақыттаөңірдің денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі түгелдей дерлік өз деңгейінде емес. Бұл кемшіліктерді толықтыру үшін осыжылы 5,3 миллиард теңге бөлініп отыр.
– Мемлекет басшысы өз сөзінде алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қолжетімділікті жақсарту қажет екенін атап өтті. Осы мақсатта 2023 жылы ауыл тұрғындарының сұранысына бағытталған ұлттық жобаны жүзеге асыру басталды. Бұл – ауылдардағы медициналық көмектің сапасын арттырары сөзсіз. 2023-2024 жылдары облыста 38 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанының құрылысы жүргізілуде. Олар 43 мыңнан астам ақмолалықтарға қызмет көрсететін болады. Алғашқы фельдшерлік-акушерлік пункт Егіндікөл ауданының Бауман ауылында ашылды. Жыл соңына дейін тағы 27 нысан пайдалануға беріледі. Қазір медициналық мекемелерді кезең-кезеңімен пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде, – дей келе, Нұрлан Сәлімұлы қаржылық тапшылықтың да бар екенін жасырмады.
Оның айтуынша, аталған жобалардың тең жарымы осы жылы аяқталса, қалған бөлігін аяқтау келесі жылға қалдырылған. 38 нысан бойынша облыстық бюджеттен 942 миллион теңге қосымша қаржы бөлінгенімен, 2025 жылға қаржы тапшылығы 1,4 миллиард теңгені құраған.Сондай-ақ, облыс әкімі Марат Ахметжановтың қолдауының арқасында биыл медициналық ұйымдардың автокөлік паркі айтарлықтай жаңарған. Өйткені, жергілікті бюджет есебінен қаржылық лизинг аясында 3,7 миллиард теңгеге елу автокөлік сатып алынған. Бұл «В» класындағы жиырма бесжәне «С» класындағы жиырма бесжедел жәрдем көлігі. Соның өзінде облыстың медициналық ұйымдарындағы 583 көліктің 52-сі жарамсыз. Орташа тозу 74,9 пайызды құрайды.
– Ақмола облысында жас мамандарға төленетін жәрдемақы аудандық және облыстық маңызы бар қалалар үшін 1,5 миллион теңгеге, ауылдық жерлерде 2,5 миллион теңгеге дейін өсті. Өткен жылдан бері облысқа барлығы 174 дәрігер келген. Оның ішінде жүз он жас маманға 482 миллион теңгеден астам жәрдемақы төленді. Отыз сегіз дәрігер баспанамен қамтамасыз етілді, қалғандары баспанаға мұқтаж емесжергілікті тұрғындар. Сондай-ақ, жыл сайын резидентурада оқуға отыз бес грант, ал «Жалпы медицина» мамандығы бойынша еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында оқуға елу грант бөлінеді. Ақмола облысы әкімінің және жергілікті атқарушы органдардың гранттары арқасында 400-ге жуық болашақ дәрігер білім алуда. Сондай-ақ, орта буын медицина қызметкерлеріне жергілікті бюджеттен жүз тоқсан грант бөлінеді, – деген басқарма басшысы маман тапшылығын азайту бағытындағы жұмыстарға да тоқталды. Сонда да облысымызда 190 дәрігер жетіспейді. Жыл сайын сонша адам оқып жатыр, келіп жатыр дейміз. Нәтижесі аса байқалмайды.
Соңғы бір-екі жылда айтылып жүргеніндей, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Көкшетау қаласында 630 төсектік жаңа көпсалалы облыстық аурухана салу жоспарланған. Ондағы мақсат –озық технологияларды қолданып, көршілес облыстардың тұрғындарына да медициналық қызмет көрсететін халықаралық деңгейдегі аурухана салу. Осылайша, ескірген төрт көпсалалы аурухананың орнына бірнеше облыстың тұрғындарына қолжетімді, уақытылы және сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ететін жаңа көпсалалы аурухана салынбақ. Аталмыш жобаның құны шамамен 330 миллиард теңге немесе 365 миллион еуроға тең. Жеке инвестиция есебінен Қосшы қаласында да 1000 келушіге арналған емханасы бар көпсалалы аурухана құрылысы жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Жобаның құны 27,8 миллиард теңгені құрайды. Жауапты мердігер – «Виамедис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Іске асыру мерзімі 2024-2026 жылдар аралығында көрінеді.
Соңғы бір мәлімет, облыста жазатайым оқиғалардан, уланудан және жарақаттанудан болатын өлім-жітім 6,0 пайызға төмендесе, АИТВ-инфекциясын жұқтыру көрсеткіші 12,1 пайызға өскен. Жалпы, осы айтылғанның өзінде аймақтың денсаулық сақтау саласында көзге көрінер түйткілді мәселелер мен кемшіліктер аз емес.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.