Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Заңдылық пен тұрақтылықты қадағалау – басты міндетіміз - АРҚА АЖАРЫ

Заңдылық пен тұрақтылықты қадағалау – басты міндетіміз

6 желтоқсан – Прокуратура қызметкерлері күні

Еліміздегі тұрақтылық пен азаматтардың қалыпты өмір сүруі прокуратура органдарының қызметінің тиімділігіне байланысты. Прокурорлық қадағалау қоғам өмірінің барлық маңызды саласын қамтиды, ал, тиімді құқық қорғаушылық мақсат пен заң үстемдігі оның қызметінің негізгі мазмұны болып табылады.

Ақмола облыстық прокуратурасының биылғы жылғы жұмыс барысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының алдымызға қойған міндеттерін бұлжытпай орындауға бағытталып отыр. Еліміздің басшысы айтқандай, кез келген қоғамда, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік пен қауіпсіздік. Осы мақсатта өңірдегі заңдылық пен құқықтарды, азаматтардың еркіндігін қадағалап бақылаушы орган ретінде қоғамды мазалаудағы жүйелі проблемаларды түпкілікті шеше бастадық. Мәселен, Целиноград ауданы Қоянды ауылындағы проблемалық мәселелерді шешу үшін уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс атқардық.

Бүгінгі күні Қоянды елді мекенінде «бір терезе» қағидаты негізінде 1 мыңға жуық үйлерді заңдастыру жұмыстары жүргізілді, бұл ондағы заңсыз салынған ғимараттардың жалпы санының 60 пайызы десек болады. Онда 350 учаскеге мекен-жайлар берілді, 286 сәулет-жоспарлау тапсырмасы жасалды, тұрғындарға 360 цифрлық кілт берілді, 528 заңдастырылмаған үйлер бойынша соттарға талап-арыздардың жобасын әзірлеуге көмек көрсетілді. Нәтижесінде халыққа қызмет көрсету орталығы ашылып, жұмыс істеуде.

Өңірдегі криминогендік жағдайға ойыссам, биылғы жылы қылмыс саны 6,6 пайызға артып отыр. Оның өсуінің басты себебі – алаяқтық қылмыстардың көбеюі. Жалпы, еліміз бойынша Интернет алаяқтығы азаймай тұр. Олардың айла-тәсілдері күн сайын үдеп, халықты қалай да өз қақпандарына түсіруде. Көрсеткіштерге көз жүгіртсек, жыл басынан бері өңірдің 900-ден астам тұрғыны алаяқтардың құрығына ілініп, 1,8 миллиард теңгеден астам сомаға шығынға ұшыраған. Мұндай қылмыстарды ашу қиын. Бүгінгі күні алаяқтар адамдарды алдап, қаражатын алу үшін жасанды интеллект, заманауи ақпараттық технологияларды қолдана бастады. Алайда, біздің тұрғындар әлі күнге дейін қарапайым тәсілдер – интернет арқылы сауда-саттық жасаудың, құқық қорғау органдарының, банктердің жалған қызметкерлері болып өздерін таныстырған алаяқтардың құрбаны болуда. Мысалы, «Н.» есімді азамат «Instagram» әлеуметтік желісінде «тиімді» инвестициялардың жарнамасына ілініп, 15 миллион теңге қаражатын алаяқтарға берген, осындай мысалдар аз емес. Прокурорлар алаяқтардың түрлі айлаларын әшкерелеп, тұрғындарды олардың алдауына түспеу туралы түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізеді, алайда, азаматтар өздері сақтық танытуы қажет. Себебі, алаяқтардың құрбаны болғандардың, жалпы қаражатының бүгінде небары 15 миллион теңгесі ғана өтелді, 64 дропперден 84 миллион теңгеден астам ақша өндіріп алу жұмыстары жүргізілуде. Сол сияқты қаржы пирамидаларын әшкерелеу бойынша да жұмыс қарқынды жүргізілуде. Әлеуметтік желілерді бақылау кезінде қаржы пирамидасына шақыратын «Лайм академия» компаниясының күдікті жармасы анықталып, тексеру нәтижесінде 2 адамға қатысты қаржы пирамидасын құру және оның жұмыс істеуі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Прокуратура органдары алаяқтардың неғұрлым кең таралған тәсілдері туралы бейнероликтер әзірлеп, 1 миллионға жуық пайдаланушыны қамтитын әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге орналастырды, 250 мың абонентке СМС-ескерту жіберді. Сол тәрізді облыстық телеарнада арнайы «Ақиқат жолы» атты алаяқтықтың жаңа түрлері туралы айтылатын түсіндірмелік бағдарлама көрсетіліп тұрады.

Мемлекет басшысы биыл құқық қорғау органдарына тағы бір маңызды міндетті жүктеді. Ол есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл бағытта да жұмыс жоспарлы түрде ұйымдастырылуда. Биылғы 9 айдың жұмыс нәтижесінде есірткі қылмысын анықтау бойынша көрсеткіш 13,5 пайызға артты. Былтыр 223 қылмыс анықталса, биыл 253-ке жетті.  Жалпы, барлығы 340 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, оның ішінде 97 іс сотқа жіберілді, 166 іс әлі де тергелуде, 87-сі есептен шығарылып, тоқтатылды. Айналымнан 488,4 келі есірткі алынды, оның 129 келісі синтетикалық, 359 келісі өсімдік тектес есірткі. Трансұлттық қылмыстық топты құру және басқару фактісі бойынша қомақты көлемде есірткі сатумен айналысқан 3 шетелдік азамат ұсталып, сот үкімімен олар 21 жылдан 23 жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. Бұл орайда, «Атамекен» алаңында көлік компанияларымен есірткі трафигіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кездесу өткізіп, ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Сол тәрізді, «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы аясында прокуратура жұртшылықты тарта отырып, есірткі контенті бар 61 графикалық жарнаманы тіркеп, жойды. Бұл ретте, халыққа есірткі құралдарын насихаттағаны немесе заңсыз жарнамалағаны үшін 6 жылға дейін бас бостандықтарынан айыру туралы қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын жеткізгім келеді. Облыстың Прокуратура мен басқа да құқық қорғау органдары есірткі қылмысына және мұндай қылмыстың ұйымдасқан түріне қарсы күресті қатал жүргізетінін еске саламын.

Өңір тұрғындарын мазалайтын маңызды жағдайдың бірі – жер мәселесі. Осы бағытта істеліп жатқан жұмыстар аз емес, дегенмен әлі де шешімін таппаған мәселелер жеткілікті. Бұл жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Себебі, Мемлекет басшысының бұл бағыттағы нақтылы тапсырмасы бар. Биыл  прокуратура енгізген 5 қадағалау актісі бойынша уәкілетті органмен заңсыз берілген немесе мақсатсыз пайдаланылып жатқан 300 мың гектардан астам жерді мемлекетке қайтару бойынша сотқа талап-арыздар дайындалуда. Бұдан бөлек, прокурорлар тағы да пайдаланылмай жатқан 200 мың гектардан астам жерді қайтару жөнінде де қажетті жұмыстарды қолға алды. Бұл жерде бір атап өтерлігі, жерлерді қайтару процедурасы шамамен 1,5 жылдай уақытты талап етеді. Бұған дейін 2023 жылы жарты миллион гектарға жуық жайылым тапшылығы 236 мың гектарға дейін азайтылды. Мысалы, прокуратураның актісіне сәйкес, Ақкөл ауданында инвестициялық жобаларды желеу етіп заңсыз берілген 4160 гектарды құрайтын 3 жер учаскесі қайтарылды.

Президенттің тапсырмасы бойынша прокуратура органдары ел үшін маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша да нәтижелі жұмыс жүргізуде. Мәселен, өңірде 190 миллиард теңгенің жобаларын жүзеге асыруды қолға алған 24 инвестордың проблемалық мәселелері шешілді. 5 мың кәсіпкердің құқығы қорғалды, қадағалау актілері бойынша 27 адам тәртіптік жауапкершілікке, 3 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Инвесторлар мемлекет, оның ішінде прокуратура органдары тарапынан қолдауды сезініп отырғанын атап өткім келеді.

Сонымен бірге, мемлекеттік сатып алу саласы бойынша облыс прокуратурасы 7 миллиард теңгеден астам сомаға заң бұзушылықтарды анықтаған. Бұл орайда, прокурорлық қадағалау актілері бойынша 1 заңсыз шарт бұзылып, 17 конкурс тоқтатылды. Мемлекеттік бюджетке келтірілген 1 миллиард теңге шығын өндірілсе, 500 миллион теңгенің мүлкі қайтарылды. Мысалы, Атбасар ауданында лауазымды тұлғалардың су тасқыны салдарын жоюға бөлінген қаржының 236 миллион теңгесін ұрлау фактісі анықталды, қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, мемлекет мүддесін қорғау мақсатында арнайы прокурорлар маңызды 3 қылмыстық іс бойынша тергеу амалдарын аяқтады. Тағы бір мысал, сот үкімімен мемлекетке мүліктік шығын келтірген Целиноград ауданының автомобиль жолдары бөлімінің басшысы 2 жылға сотталды. Осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында мемлекетке 1,3 миллиард теңгеге жуық шығын нақты өтелді. Айта кетсем, ағымдағы жылы арнайы прокурорлар жалпы су тасқынынан зардап шеккендерге үй салуға бөлінген 460 миллион теңге бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтады.

Сонымен бірге, облыс прокуратурасы балалардың құқықтарын қорғау аясында «ҰРПАҚ» жобасын іске асыруда. Оның аясында телеграмм мессенджерінде осы аттас бот жұмыс істейді. Әр бала өзін біреу қорқытса немесе оған қатысты құқық бұзушылық жасаса және де көмек қажет болса сол ботқа жазуына болады. Аталған боттың жұмысы нәтижесінде балалардың құқығын бұзған 450 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, буллингтің 10 фактісінің жолы кесілді, 4 отбасына әлеуметтік, 30 адамға психологиялық көмек көрсетілді, 25 отбасы профилактикалық есепке алынды.

Тәуелсіздік жылдарында прокуратура органдары өзінің қалыптасу жолынан өтті. Бүгінде прокуратураның беделі еселеп өсіп, оның әлеуметтік маңыздылығы арта түскен. Мемлекет басшысы қойып отырған маңызды міндеттерді орындай отырып, прокуратура заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі мемлекеттің сенімді тірегіне айналды. Прокурорлардың күш-жігері қоғамдағы әлеуметтік-саяси тұрақтылықты нығайтудың, азаматтардың еңбек және экономикалық құқықтарын қорғаудың ең маңызды бағыттарына шоғырландырылған. Прокуратура қызметкерлері өздерінің кәсіби шеберліктерін дәлелдеп және таңдап алған кәсіптеріне адалдық таныта отырып, қадағалау органдарының қалыптасу шежіресіне өз үлестерін қосып келеді.

Құрметті прокуратура органдарының ардагерлері мен қызметкерлері, кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын. Сіздерге және отбастарыңызға мықты денсаулық, бақыт және толайым табыс тілеймін. Заңдылықты нығайту жолындағы алдымызда тұрған жауапкершілігі зор міндеттерді орындауда және егемен Қазақстанның одан әрі қалыптасуына арналған жасампаз еңбек жолында мол жетістіктерге жетіңіздер.

Руфат ҚҰТТЫҚОВ,
Ақмола облысының прокуроры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар