Осындай тақырыпта Көкшетау қаласындағы «Достық» үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен республикалық форум болып өтті. Жер-жерден жиналған тіл жанашырлары алдында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова сөз сөйлеп, форумның ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Анастасия Щегорцова, Қазақстан Респбуликасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Элина Масагутова, Ассамблея өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясы «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасының амбассадорлары, ғылыми-академиялық қоғамдастық өкілдері қатысты. Тағылымы мол іс-шараға өңірдегі мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдері қатысып, қазақ тілін меңгерудегі жаңа әдістерімен бөлісті.
Аталған форум мемлекеттік тілді этносаралық қатынас тілі ретінде насихаттау және оның қолдану аясын кеңейтуге ықпал ету мақсатында ашық интерактивті алаң форматында өтті. – Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызды бағыттарының бірі –мемлекеттік тілді үйрену. Бұл форумды жүйелі өткізу дәстүрге айналып отыр. Осындай келелі жиындарда қазақ тілін үйренуге қандай жағдайлар жасалып жатқанын талқылауға зор мүмкіндік туады. Себебі, бұл жерде мемлекеттік тілді жетік меңгерген түрлі этнос өкілдері, филология, тіл білімі, мемлекеттік тілді дамыту бойынша әдістемелік материалдар жазумен айналысатын сарапшылар жиналып, өз ойларын ортаға салады.
Бүгін де осындай ашық пікір алмасу орын алады деген үміттемін, – деді Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Элина Масагутова. Форумда тарих ғылымдарының докторы Нұрбек Шаяхмет, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Өтегенов, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі, этномедиация кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатов және «Қазақстан» телерадио корпоррациясының тележүргізушісі Алла Гаврина қазақ тілін меңгерудің үздік тәжірибелерімен бөлісті.
Филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының тіл тарихы және түркология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Гүлжихан Қобденова тарих және филология бойынша мемлекеттік тілде ақпаратты қайдан алуға болатынын айтып берді. Қоғам қайраткері, «Ситуациялық қазақ тілі» әдістемесінің авторы Қанат Тасыбеков және «Kaz_uroki» бағдарламасының авторы Сергей Хван шеберлік сабақтарын өткізді. Іс-шара соңында форум қатысушылары үшін Көкшетау қаласының көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.