Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сабыр Біләлұлы НИЯЗБЕКОВ: «Мен екі дүниеде өмір сүргендей болдым» - АРҚА АЖАРЫ

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сабыр Біләлұлы НИЯЗБЕКОВ: «Мен екі дүниеде өмір сүргендей болдым»

Сабыр Біләлұлы НИЯЗБЕКОВ 1912 жылы 15 желтоқсанда Ақмола облысы Астрахан ауданындағы Өрнек ауылында туған. 1963-1964 жылдары Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болды.

1930-1931 жылдары Орал кеңес-партия мектебінде оқып, онан соң  1931-1932 жылдары Қарағанды облысы, Нұра аудандық комсомол комитетінің хатшысы, Семей облыстық атқару комитетінің жастар жөніндегі инспекторы, 1933-1937 жылдары Семей және Ақмола облыстарында шаруашылық басшысы қызметінде, Қызыл Армия қатарында болды. 1938-1941 жылдары Қарағанды облысы баспасөзде мемлекеттік құпияны қорғау жөніндегі  бөлімінің редакторы және бастығы, 1941-1943 жылдары Қарағанды облыстық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болды.

1943-1945 және 1954-1956 жылдары Мәскеудегі Жоғары партия мектебінде оқыды. 1945-1954 жылдары Қостанай облыстық партия комитетінің хатшысы, Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, 1956-1965 жылдары Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Тың өлкелік комитетінің екінші хатшысы, Целиноград облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды.

1965-1978 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары болды. Республиканың көптеген облыстарының экономикасының дамуына басшылық жасап, 1960-1970 жылдардағы Қазақстанның саяси, мәдени өміріне белсене араласты. Екі мәрте Ленин, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. 1989 жылы 26 тамызда Алматы қаласында қайтыс болды.

Біз бүгін «Арқа ажары» газетінің оқырмандарын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Сабыр Біләлұлы Ниязбековтың жеке архивіндегі қолжазбаларынан қазақ тіліне аударылып, ұсынылып отырған Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Білім тарихы» музейінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының магистрі, қырғыз халықаралық қатынастар университетінің докторанты, белгілі ниязбековтанушы Сымбат Ахметованың мақаласымен таныстырып отырмыз.

Мен өмір сүрген кезең барлық «сұлулық» пен қайшылықтарға толы шынайы әлем болды. Гео-империялық объективті заңдарға бағынып, қызмет ету оңай болған жоқ. Бірақ, менің бала күнімдегі қиялым арқылы жасалған болашақтағы өміріме бағытталған барлық мақсатым қанағат пен бақыттың айналасында шоғырланып, арманымның  нысанасына айналған үмітім әрқашан өмірімнің мәні болды.

                                                                                               Сабыр Ниязбеков.

 Анамның айтуынша, мен өмірге 1912 жылдың соңғы желтоқсан айында келіппін. Ол кездерде қазақ ауылдарында баланың тууы мен адамдардың өмірден өткен уақыты арнайы тіркелмегендіктен, әр адамның туған күні мен айын нақты айту мүмкіндігі болмаған. Баланың ата-анасы мен отбасының үлкендері ғана тек бала туылған жылдың атын, аптаның күнін ғана есте тұтып, сол бойынша жасын анықтап келген-ді.

1927 жылы комсомол қатарына қабылданғанда анкетада туған күнімді толық көрсетуім керек болды. Тышқан жылында туғанымды білетінмін, бірақ қай айда, қай күні екені маған беймәлім болатын. Бұл ретте, анам мен туған кездегі басқа оқиғаларды еске ала отырып, мен туған мезгілдің ай-күнін шамалауға көмектесті. Анамның айтуы бойынша, мен туғанда, біздің әулет соғымға бір қара бие сойып жатқан, екіншіден, осыдан сәл бұрын, қыстың басында Ниязмұхамбет атам қайтыс болып, «саршұнақ» аяз күні жерленген кезі екен. Әгәрки, жылқыны соғымға аяз басталған кезде соятынын ескерсек, менің туған күнімді желтоқсанның орта кезімен пара-пар келтіре шамалап, 1912 жылдың 15 желтоқсаны деп тіркеу қисынға келеді. Алайда, менің нақты туған күнім осы датаның айналасындағы 10-15 күн не кейін, не ілгері болуы да ықтимал.

Атам Ниязмұхамбет екі әйел алған. Бірінші әйелі – менің әжем Ақыш, қазіргі Целиноград облысы, Қорғалжын ауданының тумасы, Алтай руының ауқатты отбасынан шыққан. Ағасы Көбенов Қуаныш болыс болған, ол 1916 жылы патшаның қазақтарды тыл жұмыстарына жұмылдыру туралы жарлығын орындамай әрі көтерілісшілерге жанашырлық танытқаны үшін патшалық әскери басқармасының әскери сот үкімі бойынша ату жазасына кесілген.  Атамның бірінші некесінен менің әкем Біләл мен ағам Мирхайдар (Мықыш) туған. Ақыш әжем жас кезінде қайтыс болып, соңында осы екі ұлы қалды. Мирхайдар ағамыз 1932 жылы қартайған шағында қайтыс болды. Соңында ұрпақ қалмады. Бірінші әйелі Ақыш әжем қайтыс болғаннан кейін атам Жайықбайдың шөбересі Шойынбаева Хапизаға екінші рет үйленді. Ниязмұхамбет те (Ниязбек) Жайықбайға шөбере болып келеді. Атамыздың соңғы некесінен Шайза, Фаиза, Зайха, атты үш қызы мен Файзрахман деген ұлы болды. Файзрахман жастай қайтыс болды, қыздары бой жетіп, тұрмыс құрып, үйлі-баранды болды.

Мен ата-анам туралы, балалық шағым өткен отбасылық өміріміз туралы аздап айтқым келеді. Әкемнен ерте айырылғаныма қарамастан, оның келбеті есімде жақсы сақталып қалды. Оның тек сыртқы келбеті ғана емес, жан дүниесі де әдемі еді.

Менің әкем табиғатынан сабырлы да салмақты, шыншыл да әділ адам еді. Ол бізді – балаларын өте жақсы көретін, біз де оны бәріміз жақсы көретінбіз. Ол ешқайсымызға ұрсып-зекірмесе де, айғайламаса да, біз әкемізден қорқатынбыз. Анамның кейбір кездегі күңкілін әзілге бұрып жіберетін. Олардың бір-бірін өзара тез түсінуі ғажап еді, бұл менің ойымша, отбасындағы ынтымақты ортаның орнауына ықпал етті. Біз айрандай ұйыған беймарал ұядан едік. Әкем қалың қаба сақалды, дене бітімі мықты, шымыр адам болатын. Ол барлық діни рәсімдерді орындайтын өте тақуа, намазын уақытылы мұқият оқитын еді. Ол «барлық нәрсе Құдайдың қалауымен болады және адам Құдайдың бұйырғанын өзгерте алмайды, сондықтан адамның тағдыры толығымен Құдайға байланысты, ол жоғарыдан алдын ала белгіленген» деген пікірді берік ұстанды. Әкемнің дене бітімі мықты, қайратты, еңбекқор, барлық шаруаға икемді еді: мал бақты, жер жыртып, егін егіп, астық орып, шөп те шабатын. Ол кезде бізде барлық саны отыздан асатын жылқы, түйе, сиыр, қой-ешкі болғанын айтсақ та жеткілікті. Шаруашылығы үлкен үй болдық. Үлкен ұлы Рахмет жеңіл жұмысқа көмектескенімен, барлық ауыр жұмысты өзі атқарды. Ал пішен жинау, оны тазалау, тасымалдау жұмысы ең қызып тұрған кезеңде екі сиыры мен бір жылқысы ғана бар, тұрмысы нашар Мирхайдар ағай көмекке келетін. Ол балық аулаумен айналысатын. Өзен арналарына бұтақтардан тоқылған ау қойып, күн сайын таңертең ауға түскен балықтарды Петровкаға апарып, нанға, картопқа, бұршаққа немесе ескі киімге айырбастайтын. Мирхайдар аға 1932 жылы дүниеден өтті.

Әкем сауатты, араб әліпбиінде оқып, жаза білетін, орысша аздап сөйлейтін. Ол кезде ауылда орысша сөйлейтін жалғыз адам еді. Мен оның орыс тілін қайдан, қалай үйренгенін білмеймін және қаншалықты білетінін де айту қиын. Орысша сөйлейтінін 1921 жылы Самара губерниясынан екі орыс отбасы біздің ауылға уақытша қоныстанған кезде білдім. Олар үй сатып алып, бізбен көрші тұрды. Бізге Шодыр (Федор) мен Микайля (Михайло) жиі келетін. Олар әкемізбен ұзақ әңгіме-дүкен құрып отыратын. Бірақ, кейбір сөздер есімде, мысалы: «Марта красивай», «скотина птирал» (мал жоғалды), «гость приходи баран кушать будем» (қонаққа кел, қой етін жейміз), тағы басқалары. Сол кезде қарапайым ауызекі тілді білгендігі де үлкен жетістік болып саналатын.

Мынадай қызықты оқиғаны еске түсіретін бір эпизод есімде. Бір күні түстен кейін біз шай ішіп отырғанымызда Федордың әйелі Шура келіп, анамнан кір жуатын леген сұрады. Бірақ, оның не сұрағанын ешқайсымыз түсінбедік. Ол жан-жағына қарады, бірақ, асүйден қажет нәрсені таппады. Анам оқтауды, жез шәугімді, қайшыны, инені, жіпті, тігін машинасын, тағы басқа заттарды көрсетті. Бірақ, Шура тәтей басын шайқап, «бұл емес» дегенді білдірді. Сөйтіп ол бос қолмен кетті. Тек кешке қарай әкем үйге келгенде Шура тәтейдің кір жуатын үлкен мыс легенімізді сұрағанын білдік.

Ауыл тұрғындарының арасында әкем де кіршіксіз адал, шыншыл адам ретінде құрметке де, беделге де ие болды. Ол өз пікіріне берік болды. Айлакер, екіжүзді адамдарды жек көрді және аулақ жүретін. Әкемнің осындай ерекше келбеті мен ғадеттері есімде жақсы сақталып қалды.

Иә, балалық шақ күнделікті күйбең тірліктен ада, адам өміріндегі ең бір тамаша кезең. Дүниеде не болып жатқанын білмей, ертеңгі күнді ойлап өзімді мазаламай, балалық шағымның қарапайым өмірінде кәдімгідей достарыммен бірге өстім.

Айналадағы табиғаттың әсемдігі, ата-анамның, үлкендердің қамқорлығы бізге айтып жеткізгісіз қуаныш пен ләззат сыйлады. Табиғат аясында өткізген барлық уақыт, әсіресе, жазда еркіндіктің не екенін сезіндіретіндей еді. Жалаңаяқ жүгірдік, секірдік, домалап шөпке құладық, балалық шақтың еш алаңсыз кезінде жердің, жасыл шөптің, дала гүлдерінің және жаңа жусанның иісін ләззат ала жұтатынбыз.

Аптап ыстықта өзенге шомылып, судағы балықтай жүздік. Ол кезде үлкен қалалар, зәулім үйлер, зәулім сарайлар, электр жарығы, кино, радио, ұшақ, темір жол, автомобильдер туралы ойлаған да жоқпыз. Біз үй жануарларын жақсы көретінбіз: ешкі, құлын, қозы, лақ, ит, мысық.

Ер балалар атқұмар болдық. Үнемі үлкендерге малдарды суаруға, жем беруге, тазалауға көмектесетінбіз. Кішкентай кезімде әкем атқа мініп келе жатса, алдынан жүгіретінмін. Ол мені ат үстінен еңкейе қолын созып, көтеріп алдына отырғызатын. Бала кезімнен атқа мінуге құмармын. 6-7 жасымда атқа міндім. Олар маған сенді. Рас, мен аттан бірнеше рет құладым, бірақ, жеңіл жарақатпен аман қалдым…

Ата-анам маған абайсызда басымды жарып алуым мүмкін екендігін үнемі ескертіп отырды. Ершікке нық отыруды үйренбейінше, қорқыныш сезімін ояту оңай. Бірақ, мен ешқандай қорқынышты сезінбедім.  Тағы да жекпе-жекке шығуға асыққан қатты нокаут алған боксшыдай мен де қайта-қайта атқа мінуден жалықпадым.

Жүйрік аттың шабысы маған әрдайым рахат сезім сыйлады. Кейін бұл ерке әдет бойыма сіңіп, 10-11 жасымда үлкен жарыстарға қатысуыма жетеледі. 1922 жылдың жазында ауданымызда белгілі бай Ибраев Рақымжан үлкен той ұйымдастырды. Бұл екі аптаға созылған той оның ұлының үйленуіне байланысты ма, әлде қызын ұзату тойы ма, есімде жоқ. Бұл тойда жүлделі ат жарысы өтетіні хабарланды. Оған қатысқысы келетіндер мереке басталғанға дейін екі аптадан кешіктірмей жазылуы керек еді. Туысқанымыз Нұртазин Құстай аттың бағын сынап көрмек болды. Ол өзінің атын осы бәйгеге дайындағанда, мені де соған жаттықтырды, өйткені, атқа салмағы жеңіл ұлдарды отырғызатын. Оған бір айға жуық дайындалдық. Бір айдың ішінде атын жақсы баптағаны сонша, белі жіңішке бойжеткендей көз тартты. Алдын ала мені өзімен бірге ертіп жүріп, маршрутпен таныстырды. Ол маған қай жерде аттың басын тарту керек, қай жерде жылдамдықты арттыру керек және аттың басын қай кезде еркіне жіберу керек болатын жерлерді белгілеп берді. Жарыс алдында, ол тағы да мұқият нұсқау берді. «Бастапқыда кідіріп, ортада сәл жылдамдатып, мәреге дейін 18 шақырым қалғанда бар жылдамдықпен шап» деді. Әрі қарай келесі ережелерді қатаң сақтау қажет болды: басып озу кезінде ең қолайлы жағдайды таңдап, басып озатын атқа жақындамауды ескертті. Мен барлық нұсқауларды дәл орындадым. Жарыс оңай болған жоқ, бірақ, мен сенімді де нық отырдым. Менің қасиетті тұлпарым – күшті, төзімді, денесі ұзын, шабандозға жақсы бағынатын, есті жануар еді.

Ат иесі дұрыс айтыпты. Шамамен маршруттың ортасына жеткенше ат өзінің күшін сақтай білді, орта шеңберден аса менің атым сонша созылып, жебедей ұшты. Мен алға шыққан бәсекелестерді бірінен соң бірін басып оздым. Бес шақырымдай уақыт қалды, мен бүйірден шулаған адамдарды көрдім, «Айда, Сабыр, айда!» деп айқайлаған адамның даусын естідім. Менің атым бар күшін салып шапты. Аттың шабысын тездету үшін қамшының көмегіне жүгінуді қажетсіз деп санадым. Мен атын қамшылап келе жатқан баланы байқадым, бірақ оның аты бұрынғыдан тезірек шаба алмағандай сезілді. Көп ұзамай ол басып озды, мен артта қалдым. Сонымен, бұл ат жарысы менің атымның үшінші болып, жүлде алуымен аяқталды.

Ат иесі риза болып, мені мақтады. Төбем көкке жеткендей болдым. Мен: «ержеткенде мен де, міндетті түрде жақсы жылқы сатып аламын» дедім. Бірақ, тағдыр басқаша шешті. Соған қарамастан, бұл хоббиім бекер болған жоқ, кейін мен жақсы шабандоз болдым. Ауылдық кеңестің, аудандық атқару комитетінің, аудандық комсомол комитетінің хатшысы болып жүріп, соғыс жылдарында да жауапты қызметте жүргенде, іссапарлар кезінде атпен ел аралаған кездерім көп болды…

Әкемнің көзі тірісінде біздің әулет жыл сайын бір «десятина» бидай егіп отырды. Әкем қайтыс болғаннан кейінгі алғашқы көктемде бізде тұқым да, егін саларлық жағдай да болмады… Анам Сүлейменова Жібекті небәрі 16 жасында ата-анасы өзінен он жас үлкен әкеме (Біләлға) ұзатқан. Анамның әке-шешесі дәулетті болмаса да, текті отбасынан шыққан. Нағашы атам Сүлеймен атақты аға сұлтан Ыбырай Жайықбаевтың немересі болған. Сөйтіп, әке жағынан да, ана жағынан да ортақ Жайықбай атадан тараймыз, мен оның бесінші ұрпағымын.

Үй шаруасының бәрі анамның мойнында болатын. Анам үй жұмысына бекем: үнемшіл, парасатты, үйді таза ұстайтын, ластық пен тәртіпсіздікке жол бермейтін,  барлығымызға өзі киім пішіп, тігетін шебер отанасы еді. Өзі де талғаммен киінетін және тағамды да дәмді пісіретін. Жылына екі рет бөлмелердің ішкі қабырғалары мен төбелерін Бөгембай шатқалында 50-60 сантиметр тереңдіктен алынатын ақ балшықпен әктейтін. Еден топырақ болды. Ол ылғалданып, немесе көгеріп кетпеуі үшін саз балшықпен мұқият сылап қоятын және үнемі қадағалап отыратын. Бізде кілемдер болмады. Жерге киіз төселетін. Қонақ бөлмеге кірер алдында алдыңғы бөлмедегі дәлізде аяқ киімді шешу арқылы бөлме тазалығы сақталды. Самауыр, шәйнек, ыдыс-аяқтарды жуып-сүртіп отыратын. Бұл көзге көрінбейтін күнделікті жұмыс оның көп уақытын алатын. Оған қоса су тасып, пеш жағып, күлін шығару, тамақты дайындау сиыр сауу, сүттен қажетті өнімдер жасау сияқты тағы басқа үй тірлігі бар. Осының бәріне Зауха апай тұрмысқа шыққанша көмектесті.

Анам оқымаса да оның табиғи қабілеті – ақылдылығы, парасаттылығы және тұрмыстағы тәжірибесі күнделікті мәселелердің барлығында көрініс тапты. Ол қарапайым, сыпайы болғанымен, еңсесін түсірмейтін. Кез келген ортада өзін бекзат ұстай білді. Біреуді ренжітуден немесе біреуге ашуланудан бойын аулақ ұстады.  Нағашыларымның арасында бай, бірақ сараң, дүниеқоңыз адамдар болды. Анам, байлық адамгершілікте деп білетін. Сондықтан да, әке-шешем біздің тәрбиемізде ең бастысы, адамгершілік қағидаларын ескерді. Олар әрқашан бала тәрбиесіне көп көңіл бөліп, балағат сөздерге жол бермей, үлкенді сыйлауды, бөтеннің жанында, үлкендердің көзінше өзімізді дұрыс  ұстауды үйретіп, түрлі жаман үлгілерден сақтады. Біз анамыздың әкесіне немесе туыстарымызға барғанымызда, олар бізге әрқашан әдепті болуды ескертетін.

Біз мамыражай ортада көңілді де еркін өскенімізбен, әке-шешеміздің талаптарына  мойынсұнуға тырыстық, бірақ, мен кейде еркелік те жасадым. Анам мені қылықтарым үшін жазалағанда, қырсығып, бұрышта немесе үйдің сыртында «аштан өлсем де бармаймын», – деп қырсығып қалатынмын. Үйден біреу келіп, әдейілеп тамаққа шақырмайынша сол орнымда сіресіп отырып алатынмын.

Әкем қайтыс болған соң, анам Жібек қазақтың әмеңгерлік жолымен қайнысына (Ниязмұхамбеттің інісінің ұлы) тұрмыс құрды. Мен он үш жасымнан бастап ағам Рахметпен бірге Петровкадағы эстон кулагының сиырын бақтық…

…Сонымен менің өмірімде жаңа кезең – балалық шақтан жасөспірімдікке өту кезеңі басталды. Жасөспірімдік деп аталатын бұл романтикалық аралық жас (12-16 жас) әдетте болашақ тұлғаның қалыптасуының басы болып табылады. Балалардың айналадағы құбылыстарға саналы қызығушылығы, білімге құштарлығы оянса, олардың өмірге деген көзқарастары өзгереді. Мен үшін бұл шақ дағдарыс кезеңімен тұспа-тұс келді және катализатор ретінде менің дүниетанымдағы бүкіл процесті қозғады. Барлық ойым мен үшін ең маңызды үнемі бір сұрақтың төңірегінде болды. Ол – менің бүгінім мен ертеңім туралы еді. Мен туыстарыма ұзақ уақыт тәуелді болмайтынымды анық түсіндім. Ешкімге «масыл» болғым келмеді. Мектепті бітірген соң кәмелетке толғанша қайда барамын, не істеймін деген сұрақтар үнемі санамнан шықпады. Бұл сұрақтарымның ешқайсысына қанағаттанарлық жауап таппадым. Мамандық таңдау мәселесімен де бетпе-бет келген жоқпын, себебі, оған мүмкіндік те болған жоқ. Тек қана неге сенуге болады және неден үміттенуге болады деген сауалдар ғана санамды билеп алған еді.

Мен болашағым үшін көп ойланатынмын, өз өмірімді түрліше елестетіп, ойша сараптайтынмын. Олардың ішіндегі ең шынайысы жалдамалы жұмысшы болу еді. Өмірдің дәл осы шынайы тұсы жанымды жегідей жеп, біреуге тәуелді болу қиямет сезімін сеуіп, көңіліме мұң ұялататын. Әсілінде, адамның арман-тілегі өзінен-өзі «сиқырланып» орындала бермейді ғой. Арманның өзегін тек өмір ұсынуы мүмкін.

Ел ішінде экономикалық күйреуді бастан өткеріп, азамат соғысы әлі жүріп жатқан кезде оқу мәселесі қиындай түсті. Ауылда арнайы мектеп ғимараты жоқ болғандықтан, мұғалімдерді де табу қиын болды. Оқу құралдарының тапшылығына қарамастан, қысқа мерзімді курстар медреселерде білім алған жастарды оқытты.

Оларды оқыту үшін жеке үйлердің жиһазы жоқ кеңдеу бөлмелерін пайдалану қарастырылатын. Жаңаша оқытатын «мұғалімдердің» арасында «ескіше» оқыған діни көзқарастарын сол заманның ағымына сәйкес өзгерткендер де болушы еді. Бір күні балаларды жаңаша «Төте жазумен» оқытатын мұғалім келетін болыпты деген хабар бүкіл ауылды «дүр» еткізді. Қыркүйектің тамаша күндерінің бірінде күткен адам да келді. Ұстаздың ауылымызға келуі шынымен де үлкен оқиға болды. Ауылдық кеңес басшысы елді жиналысқа шақырып, оған ауылдың үлкен-кіші, ерлер мен әйелдер, «тайлысы мен таяқтысы» түгел жиналды. Жергілікті биліктің бұйрығы осылай болды. Бұны өте қиын кездердегі табандылықпен және дәйектілікпен жүзеге асырылған Кеңес үкіметінің ең ірі, нағыз революциялық оқиғасының бір көрінісі деп қабылдаса да болады. Бұл жаңа оқыту әдісі дегеннің не екенін ешкім білмеді.

Біреулер бұл Құдайға және ислам дініне қайшы ілім десе, енді біреулері балаларды оқу мен жазуға оңай үйретеді екен,–десті. Көп ұзамай бәрі анық болды. Ашық аспан астында өткен жиында ауылға келген мұғалім,  болашақ ұстаз сөз сөйледі. Қағазға қарамай ұзақ сөйледі, бірақ, сөзі тәтті, түсінікті болды. Ол партия мен Кеңес өкіметінің саясаты туралы айтты. Мен оның сөйлеген сөзінің мазмұнын енді жаңғырта алмаймын, тек оның Ленин есімі мен «революция», «социализм», «Кеңес өкіметі» және тағы басқа сөздерін жиі қайталағаны есімде. Жұрт оны зор ықыласпен тыңдады. Бәлкім, бұл ауыл тұрғындарының бұрын-соңды тыңдаған саяси тақырыптағы алғашқы қызықты баяндамасы болса керек-ті. Баяндамашы сөз соңында биліктің мектеп ашу туралы қаулысын парақтап, бұдан былай 7-16 жас аралығындағы балалардың барлығы оқу оқуға міндетті екендігін айтты. Мұғалім мен жұрт арасында байланыс тез орнады. Олар Ленин қайда тұрады, сіз Ленинді көрдіңіз бе, Николай патша қайда, Коренский қайда, Ленинді атқан әйелге не болды? Социализм кезінде елдің бәрінде бірдей малы болады, бір қазаннан тамақ ішеді, балалары туғаннан кейін бірден әкетілетін ортақ үйде бөлек тұрады екен деген рас па? Бәрінен де ата-аналар балаларына мұғалімдік не үйрететінін, мектеп бітірген соң Құдайсыз болып қалмай ма немесе осыған ұқсас, бұрын медреседе сауат ашқан балалар қалай оқиды деген тағы басқа сұрақтарды қойды. Мұғалім барлық сұрақтарға әзілмен жауап беріп, жиналғандарды ара-арасында күлдіріп отырды. Ақсақалдар бұрын медреседе оқыған балалардың бұрынғы оқуларын да жалғастыра беруі керек екендігі жөнінде талап қойды. Мұғалім болса, бұл шәкірттер таңертең мектепке келіп жаңа оқуды оқып, түстен кейін молдадан оқи берулеріне келісуге мәжбүр болды. Бірақ, одан ештеңе шықпады. Көп ұзамай молда ауылымыздан көшіп кетті. Ауылдағы ең жақсы үйлердің біріндегі үлкен қонақ бөлме мектепке айналды. Үлкен ағаш үй жайлы болды. Парта жоқ, шәкірттер еденде отырды. Әр оқушының қасында ағаштан жасалған жиналмалы кітап сөрелері мен шағын жазу үстелдері болды. Мұғалімнің үлкен үстелінде глобус пен кітаптар тұратын. Оның жанына тақта қойылды. Мектептің барлық құрал-жабдықтары осылар болатын.

Өз армандарының үлгісін құрастырмас бұрын, әркім өзі таңдаған жолдың бұралаң-қалтарыстарын шындықтың көрінісі ретінде сезіне отырып, болашағын алдын ала елестету кезеңінен өтуі керек. Әркім өз өміріндегі көрген-білген, түйген тәжірибесін пайдаланып харекет етеді.

Алайда, болашақты армандау арқылы адам қайраттанады, нақ осы тұстағы қайғылы да келеңсіз көріністерді оптимистік мінезбен жеңеді екен.

Кейде қиял жетегінде кетіп, әуедегі зәулім сарайлардағы шат-шадыман өмірде өзімді әртүрлі рөлде, бақытты адам ретінде елестететінмін. Дегенмен, мен үшін ең құрметтісі мұғалім болу болатын. Бірте-бірте менің өзіме сенімім оянып, мұғалім болуға шындап бет бұрдым. Бұл таңдауым кездейсоқ емес еді.

Өйткені, өздеріңіз білетіндей, бірде-бір тілек, бірде-бір арман, тіпті қиялдағы ең ғажайып арман да бекерден бекер тумайды. Бәрі айналадағы шындықтан бастау алады. Ол кезде ауылды жерлерде дәрігер, агроном, мал дәрігері, механизатор деген мамандықтың иелері тіптен болмайтын. Зиялы қауым өкілі тек мұғалім болатын. Заман ағымына қарай адам өмірден көргенімен немесе оқыған кітабындағы оқиғалармен қиялына қанат жалғайды. Осы орайда, алдымдағы арманымда қолыма қалам ұстатқан алғашқы ұстазым Тілеуғабылов пен кейіннен оқуымды жалғастырған кездегі мұғалімім Тауфиковтың жан дүниесі ерекше әсер етті. Мен оның үйінде тұрып оқыдым. Ол маған нағыз ұстаздың шынайы үлгісін көрсетті. Әдептілігін, сабақ беруін, оқушыларға қалай қарайтынын зерттедім, тіпті каллиграфиясына дейін еліктеп, араб қарпімен әдемі жазуды үйрендім. Мен ұстазымның ұстанымын, мінез-құлқын, мектепте де, үйде де өзін қалай ұстайтынын, сабақты қалай түсіндіретінін, оқушылардан лайықты тәртіпті қалай талап ететінін көріп жүріп, оның бар болмысын өзіме мұқият үлгі тұттым…

Ауылда өндіріс құралдары мен малға жеке меншік сақталды. Халық арасында экономикалық теңсіздік күрт байқалды. Кедейлердің, әсіресе, жарлы-жақыбайлардың өмірі қиындап кетті. Кейбіреулер малшылыққа жалданып жұмыс істеді, кейбірі мәңгілік мұқтаждықта азапты өмір сүруге мәжбүр болды. Мен бұл екі қатарға да ілікпеудің жолын іздедім. Өндірістік кооперативтер немесе құрылыс кәсіпорындары жоқ ауылдар тек тосқауылдар мен тұйыққа тірелген жолдар сияқты еді.

Осындай жағдайда жетім баладан есейіп келе жатқан менің бойымда адамның туа біткен таңғажайып қасиеттерінің бірі – дұрыс ой ойлай білу және кез келген қиын жағдайда бақытқа жетуге болады деген өмірге құштарлық бар еді. Кім біледі, бәлкім, 10-15 жылдан кейін дүниеге келсем, мүмкін әлемге, болашағыма басқаша қарайтын ба едім? Менің «Мұғалім боламын» деген жалынды тілегім орындалмаса да, өмірімнің барлық тұстарындағы еңбек еткен жолымда пайдалы рөл атқарды.

1930 жылдарда ел өміріндегі елеулі өзгерістер болды. Партиялық ұйымдардың саны өте аз болды, олар жер-жерде жұмысшы кедейлер мен шаруаларды жұмылдыру үшін көп жұмыс атқарды. Бұқара арасында жаппай үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін көзі ашық, сауаты барлар таңдалды. Қиындықтар көпшіліктің сауатсыз немесе мүлде сауатсыз болуымен қатар жалдамалы жұмыста күн көргендіктен қанаушылардың күшті ықпалында болғандығынан туындайтын. Саясатты түсіну деңгейлері төмен болды. Коммунистер үшін тез арада барлық жерде пайда бола бастаған комсомолдық ұяшықтар үлкен қолдау көрсетті. Жастар жаңашылдыққа барынша бейім, қоғамның ең белсенді бөлігі ретінде партия үндеуіне лезде үн қосып, комсомол қатарына кең лекпен қабылданып, белсене араласты. Қысқасы, сол кездегі ауылдағы саяси жағдай былай болды: бір жағынан, партиялық ұяшықтармен бірге Кеңес өкіметін нығайтудың қарқынды процесі болды. Феодалдардың, байлардың және олардың «атқамінерлерінің» зорлық-зомбылығына қарсы халықтың аз қамтылған топтарын біріктіру үшін көп жұмыс жүргізді; партия мен Кеңес үкіметінің саяси құқықтарды қорғау саясатын түсіндірді; өз өмірін жақсарту туралы; мәдени артта қалуды жою туралы; ерлер мен әйелдердің тең құқықтары; партиялық-феодалдық қалдықтармен күрес туралы және тағы басқалары.

Еңбек жолымды 1927 жылы ауылдық кеңестен бастадым. Мені бірінші рет хатшылыққа №7 ауылға жіберген еді, ол ауылдық кеңестің төрағасы бұрынғы шаруа, шала сауатты адам болатын-ды. Біз тіл табысып, бірге жұмыс істей алмадық, өйткені, ол заңға бағынбайтын, кез келген қағазға өз қолындағы мөрін қойса болды, ол заңды бекітілген болып шығады деп есептейтін еді. Наурыз айында атқару комитетінің шешімімен №4 ауылдық кеңеске ауыстырылдым. Онда ол ауылдық кеңестің бастығы Рамазан Сүлейменовпен тату-тәтті, өзара түсіністікте бір жарым жыл жұмыс істеп, 1929 жылы 17 жасымда Ақмола облысы Ақмола уездік кеңесінің жауапты хатшысы болып, 1929-1930 жылдары осы округті басқардым.

Алғашқы әріптестерім Ержанов Ғаббас, Ынтықбаев Ахметқали, Нұрланов Қоғаш, Балтабаев Рақымжан, Жүсіпов Қажымолда, Төрин Ғабиден, Қаражанов Әбдірахман, Жұмаділов Әбілқас, Бейсембаев Жұмабай, Нұғыманов Дүйсен, Сүлейменов Рамазан деген ағалар болды. Бұл кісілердің көбі 1937 жылы репрессияның құрбаны болды.

Ержанов Ғаббас өзі Атығай руынан болғанымен, бізге туыс еді, оның бақилық болған анасы әкемнің әпкесі болатын, сондықтан да болар, ол маған мейіріммен қарап, алға жылжуыма көмектесті. Бастапқыда бастауыш сынып мұғалімі, кейінірек ауылдық кеңестің хатшысы, МТС кәсіподақ комитетінің төрағасы болды. Колхоз төрағасы болып жұмыс жасап жүргенде 1937 жылғы репрессия оны да айналып өтпеді. Ол мені болыс билігімен таныстырған жақсыларымның бірі болды.

Жүсіпов Қажымолда ауқатты отбасынан шыққан, болыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, өз ісін жақсы білетін, сауатты қаржыгер,  қандай мейірімді адам еді. Өзін қарапайым ұстады. Тамаша жан. Ол маған ресми нұсқау берген бірінші басшы болды.

Балтабаев Рақымжан – болыстық комсомол хатшысы. Ерекше мейірімді, жанашыр және парасатты адам еді, ол менің жан дүниемді тереңдете түсті. Жастық шағымның тұманды кезеңінде өзінің қарапайымдылығымен және шынайылығымен маған қатты әсер еткен Рақымжан аға туралы тек жақсы естелікті жадымда сақтап қалдым.

Дегенмен, шынайы өмір барлық сүйкімділігімен қоса, қарама-қайшы қатал заңдылықтарға толы екендігін түсінген сайын мен кейде армандар әлемінен шегінетін кездерім де болатын. Ондайда, бүкіл әлемде жалғыз қалғандай күй кешетін кездерім аз болған жоқ.

Сымбат АХМЕТОВА,
 Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Білім тарихы» музейінің меңгерушісі,
тарих ғылымдарының магистрі,
Қырғыз халықаралық қатынастар университетінің докторанты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар