Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Таразының екі басы тең ұсталуы тиіс - АРҚА АЖАРЫ

Таразының екі басы тең ұсталуы тиіс

Ақмола облыстық кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Оның жұмысына агробизнес субъектілері, прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, салалық мемлекеттік органдар басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Ақмола облысы агроөнеркәсіп саласында жерді пайдалану шарттарын жарамсыз деп тану жөніндегі талаптарды жою бойынша шешімдер қабылдауда алғашқылардың бірі болды. Бұл мәселе бүгінгі таңда ең өзекті мәселелердің бірі. Проблема түрлі деңгейде бірнеше рет талқыланды. Биыл 18 қарашада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы алаңында Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Жер ресурстарын басқару комитеті, өңірлік кәсіпкерлер палаталары өкілдерінің қатысуымен Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін кәсібін адал жүргізетін жер пайдаланушыларға беру туралы шешімдерінің күшін жою тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша кеңес өткен еді. 20 қарашада бұл мәселе Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте қаралды. Оның қорытындысы бойынша осы жылғы 17 желтоқсанға дейін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары ескеріле отырып, шаруа немесе фермер қожалықтарына, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жер учаскелерінің адал меншік иелері мен жер пайдаланушыларын айқындау жөніндегі өңірлік комиссияның үлгілік ережесін бекітуді қамтамасыз ету тапсырылды.

Үлгілік ереже бекітілгенге дейін жер ресурстарын басқару департаменттері,  сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар департаменттердің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне құқық белгілейтін құжаттардың жарамсыздығы туралы ұсынысы бойынша берген талап-арыздарды қайтаруды қамтамасыз етуі қажет.

26 қарашада Бас прокуратура облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және Астананың прокурорларына, сол сияқты, Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы хаттамалық шешімді орындау жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі туралы хат жолдады. Кейінгі екі жыл ішінде Ақмола облысының жер ресурстарын басқару департаментінің талаптары негізінде соттардың шешімі бойынша 180-ге жуық шаруа жер учаскелерінсіз қалғаны белгілі. Сонымен қатар, мемлекеттік орган өз ұйғарымдарында жер учаскесін жалдау және уақытша өтеусіз жер пайдалану шарттарын аудандық және қалалық жер қатынастары бөлімдеріне жарамсыз деп тану туралы соттарға талап-арыз беру жөніндегі функцияны жүктейді. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің осы жылғы 15 ақпандағы №199 «Талап-арыз жұмысын жүргізу тәртібін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес мәмілені жарамсыз деп тану туралы талапты мүдделі тұлғалар, тиісті мемлекеттік орган не прокурор қоя алады.

–Бүгінгі таңда соттарда жер ресурстары департаментінің екі талабы қаралуда. Бұл Біржан сал, Ақкөл, Бұланды, Зеренді, Қорғалжын және Целиноград аудандарына қатысты, – дейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Гүлден Сахаева.

Осы уақытта фермерлер үлкен экономикалық шығынға ұшырайды. Мемлекеттік органдар өз бизнесін қалыптастыру үшін аграршылардың қомақты қаржы қаражатын инвестициялағаны, уақытша және басқа да ресурстар жұмсағаны фактілерін назарға ала  бермейді.

–Биыл қыркүйекте бізден жер учаскесін алып қою туралы сот шешімі шықты. Ал, Біржан сал ауданының жер қатынастары бөлімі тарапынан сотқа дейінгі талап болған жоқ. Біз өз кезегімізде ЖАО-ның әрекетін заңсыз деп тану үшін сотқа жүгіндік. 25 қарашада жер қатынастары бөліміне талап қою мерзімінің аяқталуына байланысты талап қоюдан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылды. Алайда, бізде бұл оқиғаға қатысты проблема жоқ па деген қорқыныш пайда болды, – деп мұң шағады «Сапфир beef» ЖШС құрылтайшысы Жасұлан Қожанов.

Оның айтуынша, мемлекеттік орган өз іс-әрекетін облыстық құрылымдардың қысымымен ынталандырған. Ауданда осы жылдың соңына дейін 40 мың гектарға жуық жерді алып қою туралы жоспар іске қосылды. Айта кетейік, «Сапфир beef» ЖШС-іне жер учаскесі 2014 жылы аналық мал басын өсіру жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру үшін берілген. Бүгінгі таңда аграршы өз міндеттемелерін орындай отырып, жобаны адал жүзеге асыруда.

–Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің облыстық департаментіне ӘҚБтК-нің 175-бабы бойынша кәсіпкерді сотқа  тартқан Біржан сал ауданының жер қатынастары бөлімінің лауазымды тұлғаларын әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдау мәселесін қарауды ұсынамыз. Кеңес мүшелері бұл істі назарға алып, біз осындай бұзушылықтардың жолын кесуіміз керек. Мұнда кәсіпкерлік қызметке араласу және адал агробизнес субъектісінің құқығына қысым жасау бар, – деп атап өтті өз сөзінде Өңірлік палата директорының орынбасары Расул Сыздықов.

Өз кезегінде Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов мемлекеттік органдардың қолданыстағы заңнама шеңберіндегі өкілеттіктер шеңберінен шығуға құқығы жоқ екенін айтты. Әйтпесе, лауазымды тұлғаларға қатысты шаралар қабылдануы мүмкін.

Мұндай мысалдар көп. «АСКОП» ЖШС тұқым шаруашылығын қоса алғанда, дәнді дақылдарды өсіре отырып, жиырма жылға жуық ауыл шаруашылығы өндірісімен тиімді айналысады. Компания өзіне алған міндеттемелерді орындау кезінде адалдық қағидатын сақтай отырып, барлық қажетті агротехникалық іс-шараларды тұрақты негізде жүргізеді. Кәсіпорын кейінгі жылдары 16 миллиард теңгеден астам инвестиция салды, өткен жылы бюджетке аударымдар 1 миллиард теңгеден асты.

Осындай проблемаға «Нұралин» шаруа қожалығы да тап болды. Оған қатысты Біржан сал ауданының жер қатынастары бөлімі жер учаскесін жалдау шартын жарамсыз деп тану туралы талап арыз берді. 50 жылға жуық жалға алынған жер фермерге 2015 жылы мал шаруашылығына бөлінген. Осы уақыт ішінде фермер үлкен жұмыс атқарды, мал шаруашылығы саласы үшін күрделі ғимараттар, қызметкерлерге арналған үй салынды, коммуникациялар жүргізілді, көлік, арнайы ауыл шаруашылығы жабдықтары мен техникасы, 25 бас жылқы, 20 бас асыл тұқымды ірі қара мал, 65 бас ұсақ мал сатып алынды.

– Адалдық дегеніміз жер учаскесін нақты мақсатта пайдалану және оны агробизнес субъектісінің дамуына тартуды білдіреді. Мен бірден атап өтейін, пайдаланылмаған жер учаскелері бойынша талап-арыздар қайтарылмайды. Жерді пайдаланудың заңдылығына қатысты арнайы комиссия бекітілгенге дейін жер ресурстары департаментінің  талаптарын тоқтата тұру қажет, – деп атап өтті Ақмола облысы прокурорының орынбасары Марат Бақтыбекұлы.

Талқылау қорытындысы бойынша кеңес мүшелері мынадай бірыңғай пікірге келді. Аудандар, Көкшетау, Степногорск және Қосшы қалаларының әкімдіктері арнайы комиссияның ережесі бекітілгенге дейін жер ресурстарын басқару департаменті, сондай-ақ, аудандық жер қатынастары бөлімдері жер учаскелеріне құқық белгілейтін құжаттардың жарамсыздығы туралы жер ресурстары департаментінің ұсынысы бойынша берген талап-арыздарды қайтаруды қамтамасыз ету тиіс.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар