Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл бизнес форумға Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасының сарапшылары, Степногорск қаласының әкімі Гайдар Қасенов, қалалық прокуратура, мемлекеттік органдар, қаржы институттары, қоғам, бизнес субъектілерінің өкілдері қатысты.
Форум мақсаты – билік пен бизнес өкілдері арасындағы диалогты нығайту, кәсіпкерліктің өзекті мәселелерін қарау, оларды шешу жолдарын іздеу. Іс-шара барысында өңірдегі шағын және орта бизнестің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, мемлекеттік бағдарламалар, даму институттары шеңберінде кәсіпкерлерді қолдау жолдары талқыланды.
Гайдар Қасенов өзінің алғы сөзінде кәсіпкерлердің қала экономикасын дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, бүгінде Степногорск инвестиция мен инновацияларды тарту орталығына айналғанын атап өтті. Айта кетейік, қуаттылығы жылына 7,5 мың тоннаға дейін марганец («SARECO» ЖШС) және жалпы құны шамамен 10 миллиард теңгені құрайтын металл конструкцияларын («Целингормаш» ЖШС) өндіру бойынша екі инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған.
Шағын және орта бизнес белсенді дамып келеді. Оны қолдау мен дамытудың бірыңғай кешенді бағдарламасы шеңберінде 937 миллион теңгеден астам сомаға 35 жоба субсидияланады. Бөлшек тауар айналымының көлемі 7 миллиард теңгеден асты. Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының Степногорск филиалы бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы байланыстырушы буын. Оның алаңында өңірлік кәсіпкерлер кеңесі, іскер әйелдер кеңесінің отырыстары, кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар, қаржы институттарының өкілдерімен кездесулер, бизнесті ұйымдастыру және дамыту мәселелері, заңнамадағы жаңалықтарды және басқа да мәселелерді талқылау шаралары өткізіледі.
Филиал директоры Олжас Баймақовтың айтуынша, биыл бизнес субъектілері тарапынан халыққа 768 қызмет көрсетілді. Кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен жалпы сомасы 917 миллион теңгеге 34 жоба қаржыландырылды.
Өз кезегінде Өңірлік кәсіпкерлер палатасының (ӨКП) директоры Ерқанат Мұсылманбек атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Бүгінгі таңда ӨКП атына бизнесті қорғау желісі бойынша 168 өтініш келіп түсті, оның 94-інде оң нәтижеге қол жеткізілді, бұл – 62,4 пайыздық көрсеткіш. Қорғалған құқық сомасы 148 миллион теңгеден асты. Қорғау желісі бойынша өтініштердің мазмұны түрлі, бірақ, бұрынғыдай жер қатынастары саласы көш бастап тұр.
–Бізге келіп түскен өтініштер мемлекеттік органдар тарапынан репрессиялық сипат сақталатынын көрсетеді. Аталған проблемалардың көпшілігі мемлекеттік органдар, аудандық әкімдіктердің салалық бөлімшелері тарапынан өзара ынтымақтастық және осыған белсенді қатысқан және ұмтылған жағдайда жедел шешілуі мүмкін. Бұл тұрғыда жергілікті атқарушы органның көмегі өте маңызды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, форум қатысушыларына бүгінгі таңда кәсіпкерлер алдында тұрған өзекті мәселелерді шешудегі ынтымақтастығы үшін, сондай-ақ, бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған күш-жігері үшін алғыс айтамыз, – деп атап өтті ӨКП директоры Ерқанат Мұсылманбек.
Кездесу соңында кәсіпкерлер еркін микрофон форматында өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға жауап ала алды. Бірқатар кәсіпкерлер қала және облыс экономикасының дамуына қосқан үлесі және қоғамдық өмірге белсенді қатысқаны үшін Алғыс хаттармен марапатталды.
Сондай-ақ, форум аясында жергілікті өндірушілердің көрмесі өтті. Онда өнімдердің дәмін татуға, тұсаукесер шараларына қатысуға, делдалдарсыз тауарлар мен қызметтер бойынша кеңес алуға мүмкіндік жасалды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.