Старый Колутон ауылында заманауи дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Ол ауыл тұрғындары үшін денсаулық сақтау жүйесіндегі асыға күткен маңызды нысан.
Іске қосылғаннан кейін медициналық мекеме 1 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді деп күтілуде.
–Ауылда жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылу мүмкіндігі жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Бұл нысан тұрғындардың барлық санатына, балаларға, қарттарға, отбасылар мен еңбекке қабілетті азаматтарға сапалы медициналық көмек көрсететін болады. Іске қосылғаннан кейін тұрғындарға базалық медициналық көмек алу үшін шалғайдағы елді мекендерге немесе аудан орталығына барып, уақыт пен қаражат жұмсаудың қажеті болмайды, –деп атап өтті аудан әкімі Талғат Ерсейітов.
Қазіргі уақытта болашақ медициналық мекеменің аумағында учаскені геодезиялық бөлу және уақытша қоршау орнату, іргетасты жайластыру және жабын плиталарды монтаждау жұмыстары аяқталған.
Дәрігерлік амбулатория құрылысын аяқтау және нысанды іске қосу 2025 жылға жоспарланып отыр. Сондай-ақ, елді мекенде көктемгі су тасқынынан кейінгі көлік инфрақұрылымы қалпына келтіріліп, Старый Колутон ауылы арқылы Колутон ауылына апаратын жолға орташа жөндеу жүргізілген. Ұзындығы 3,9 шақырым учаске толығымен қалпына келтірілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Астрахан ауданы.