Kazakh Tourism компаниясы ұйымдастырған «Сапа белгісі» бағдарламасы бойынша Ақмола өңірінің 11 кәсіпорны беделді марапатқа ие болды.
Аталған компания кезекті рет туризм индустриясының жоғары стандарттары мен талаптарына сәйкес келетін туристік сала өкілдеріне «Сапа белгісін» табыс етті. Биылғы жылы бағдарламаға Қазақстанның барлық өңірлері бойынша 89 туристік бизнес субъектісі қатысып, оның ішінде Ақмола облысының 11 кәсіпорны беделді марапатты иеленді.
Атап айтқанда, сервистің деңгейін бағалау нәтижесінде сапа белгісінің «Қонақ үйлер» санатының «Nice» деңгейіндегі наградасын бес нысан иеленді, олар «Rixos Borovoe Hotel», «Wyndham Residences Aqkol», «Riverside Burabay Hotel», «Grand Hotel Burabay» және «Дом у озера» қонақ үйлері. Ал, «Оқжетпес» және «Бурабай» емдеу-сауықтыру кешендеріне «Very nice» деңгейіндегі сапа белгісі берілді. «Демалыс үйлері» санатында «Lake View» нысаны, «Дәмхана» санатында «Dostar Tau» және «Dostar TÖR» мекемелері түрлі сапа белгілеріне ие болды.
Сапа белгісін алу – бұл қызмет көрсету деңгейінің жоғарылығын мойындау ғана емес, сонымен қатар, өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуға қосып жатқан елеулі үлес көрсеткіші. Бұл жетістік клиенттер тарапынан сенімді нығайтуға, сондай-ақ Ақмола облысында туризмнің беделін арттыруға ықпал етеді.
Бұл марапат кәсіпорындардың сапалы қызмет көрсетуге деген құлшынысын және қызметтерді жақсартуға деген үздіксіз ұмтылысын көрсетеді. Сапа белгісін алған әрбір нысан өңір туризмінің дамуына елеулі үлесін қосып келеді әрі олардың жетістіктері басқаларды да ынталандыра түседі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.