Жалтыр ауылының тұрғыны, көп балалы ана Инга Дмитриева табысты бизнес-жобаны қолға алып, сүт өнімдерін өндіруде.
Мемлекеттік қолдау мен жеке бастама адам өмірін өзгерте алатындығына әуелде нәзік жанды кәсіпкер сенбеген. Бірақ, өзі осы істі қолға алғаннан кейін ғана барып, белгілі бір бизнесті бастауға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетініне көзі жетті әрі ауылында осы игі бастаманың иесі өзі болды.
Көп балалы ана грант алу құқығын пайдаланып, «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқудан өткен. Ол кәсіпкерлік негіздерін игеріп, бизнес-жоспарын әзірледі және өзінің «Болашақ фермасы» жобасын сәтті қорғады.
–Менің жобам заманауи технологияларды қолдана отырып, табиғи сапалы сүт өнімдерін өндіруге және оған қол жетімділікті арттыруға бағытталған, –дейді Инга Дмитриеваның өзі.
Астрахан ауылының тұрғыны Серікбол Авдикерим де осы бағдарлама бойынша оқудан өтіп, өзінің бизнес-жобасын іске асыру үшін грант түрінде мемлекеттен көмек алыпты. Оның жобасы ауылдағы фаст-фуд өндірісіне арналған. Бүгінгі таңда қажетті жабдықты да сатып алып, өнім өндіруге және сатуға кіріскен.
Жалпы, ауданда «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан барлығы 40 адам өтті, ал, ағымдағы жылы өз бизнес-идеяларын іске асыруға 7 грант берілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Астрахан ауданы.