Жуырда Қызылсуат ауылына кіреберіс жолды жарықтандыру жұмыстары аяқталды. Бюджет қаражаты есебінен ұзындығы 1,2 шақырымды құрайтын жол бойына шамдары бар 35 бағана орнатылды.
Жоба құны 10 миллион теңгені құрайтын жұмысты «Метал энерджи» серіктестігі орындады. Жаңа жарықтандыру жүйесі түнгі уақытта ауылдың жалпы келбетін айшықтап, кеш батқан соң жүріп-тұруға ыңғайлы жағдай туғызуда. Сонымен қатар, ауылдағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында 22 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған. Оның үшеуі 3 кіреберіс жолда орнатылды.
Бұған дейін Қызылсуат ауылдық округінде осы Қызылсуат, Шұбар және Аққайың ауылдарында жалпы ұзындығы 3,5 шақырым болатын жол учаскелеріне шамдары бар 99 бағана орнатылған болатын. Сонымен қатар, жақында округте ұялы байланыс операторының базалық станциясы орнатылып, іске қосылған. Бұл – ғаламтордың сапасын жақсартуға және деректерді жіберу жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.
Аталған жобалар жергілікті тұрғындар мен қонақтардың өмір сүру жағдайын жақсартуға, олардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. Іске асырылған бастамалар ауылдық округтің инфрақұрылымын жетілдіре отырып, оның елді мекендердің халықтың тұрмысына қолайлы болуына ықпал етеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Целиноград ауданы.