Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Ақмола облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Бахыдбек Оспанбековтың ведомствоның жыл басынан бері атқарған жұмысы туралы брифингі болып өтті. Брифинг барысында осы жөніндегі әңгіме құрылыс саласындағы назар аударуды қажет ететін өзекті мәселелермен де толықтырылды.
– 2024 жылдың барысында басқарма 108 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, анықталған бұзушылықтарды жою қажеттілігі туралы 85 ұйғарым шығарды. Нысандарды пайдалануға қабылдаудың 819 актісі және құрылыс-монтаж жұмыстары туралы 957 хабарлама қаралды. Құрылыс нысандарына қатысты 108 әкімшілік іс қозғалды. Жобаға және құрылыс сапасына сәйкес келмегені үшін 23 мердігер және техникалық қадағалауды жүзеге асыратын 7 адам, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексін бұзған 7 мердігерлік ұйым жауапкершілікке тартылды. Оның 5-еуі бойынша сот шешімі бар, 2-еуі қаралу үстінде. Жобалау және рұқсат беру құжаттарының жоқтығы үшін 43 құрылыс субъектісі де жауапкершіліктен тыс қалмады.
Соттардың қарауына 41 әкімшілік іс жолданды. Жалпы, 2024 жылдың есепті кезеңінде 33 миллион теңгенің әкімшілік айыппұлы салынды, – деді саладағы құқық бұзушылықтарға тоқтала келе Бахыдбек Оспанбеков. –Бұл ретте, басқарма осы кезге дейін жобалау және іздестіру қызметіне, сондай-ақ, құрылыс-монтаж жұмыстарына 121 лицензия берген немесе қайта рәсімдеген. Сараптама жұмыстарын және инжинирингтік қызметтерді жүргізу құқығына 46 сараптамалық куәлік берілген.
Есепті кезеңде 1 жобаны басқару ұйымы автоматты түрде аккредиттелсе, біліктілік талаптарымен көрсетілетін мемлекеттік қызмет стандартына сәйкес келмеуіне байланысты 89 өтініш берушіге мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылған. Оның 18-і лицензиялау, 71-і аттестаттауға қатысты өтініштер. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес өтініш беруші лицензияның барлық мерзімі ішінде біліктілік талаптарына сай болуы керек. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген лицензиялау стандарттарын бұзу, оның ішінде лицензияланатын қызмет түрлеріне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмеу «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 1-бөлігінің 464-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғады.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, құрылыс нарығының субъектілері – облыс аумағында жобалық қызметті жүзеге асыруға және құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге лицензия алатындар үшін мынаны айтқым келеді. Қазіргі уақытта Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті құрылыс реестрлерін, соның ішінде лицензиаттардың тізілімін автоматтандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Құрылыс және жобалау лицензиаттарына қойылатын талаптарды реттейтін жаңа ережелер 2024 жылдың 1 қарашасынан бастап күшіне енді. Енді тізілімде аттестатталған қызметкерлер мен өндірістік база туралы деректер болмаса, лицензиялар автоматты түрде тоқтатылады немесе жойылады. Лицензияңыздың жарамдылығын жүйе өзі шешеді.
Басқарма басшысының айтуынша, лицензиаттың өтініші Құрылыс істері комитетінде сертификатталған және тіркелген болуы керек. Әкімшілік және өндірістік базаның болуы да маңызды. Үй-жайдың бір жылдан астам мерзімге меншігінде болуы немесе жалға алынған келісімі әділет органдарында тіркелуі қажет. Бұл деректерді алмау лицензияның 6 айға дейін автоматты түрде тоқтатылуына алып келуі мүмкін. Егер деректер 6 ай ішінде енгізілмесе, лицензия қалпына келтіру құқығынсыз жойылады. Лицензияны қайтарып алудың салдары, әсіресе, бірінші және екінші санаттағы компаниялар үшін ауыр. Лицензияны қайтарып алған кезде компания 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келсе де, бұрынғы барлық тәжірибесі және санаты қалпына келтіру мүмкіндігінсіз жоғалады.
– Ақмола облысында қазіргі таңда Қосшы қаласында орналасқан 4 тұрғын үй кешеніне қатысты проблемалық мәселелер шешімін таппай отыр. Тұрғын үй-құрылыс кооперативі өкілдерінің берген мәліметтері бойынша зардап шеккен 527-ге жуық үлескер бар. Мемлекет басшысының барлық проблемалық тұрғын үйлердің құрылысын үлестік қатысумен аяқтау тапсырмасын орындау аясында Ақмола облысының әкімдігі аталған түйткілді мәселелерді шешудің жолдарын белгілеп, заңды құқықтарды жүзеге асыру бойынша жұмыстарды кезең-кезеңімен іске асыруда. Атап айтқанда, қазіргі уақытта екі нысанға қатысты мәселелер белсенді түрде шешілуде. Олар Lilac Garden және Diamond park тұрғын үй кешендері. Үлескерлердің мәселелерін шешу үшін құрылыс саласында үлкен тәжірибесі бар «KGS Sauda» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің компаниялар тобы белгіленіп, құрылымдарды жобалау және техникалық тексеру жұмыстары жүргізілді. Құрылыстың аяқталуы 2025 жылдың шілдесіне жоспарланған, – деді кейбір проблемалық мәселелерді атаған Бахыдбек Амантайұлы. Қалған обьектілердің мәселесі де осындай жолдармен шешілетіні белгілі болды.
Бәрімізге белгілі, құрылыс секторы ұлттық экономика құрылымында маңызды орын алады және мемлекетіміздің даму драйверлерінің бірі болып табылады. Осыған байланысты тапсырыс берушілердің мердігерлердің жұмысына бақылауды күшейткені және бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік-құқықтық шаралар қабылдау үшін дереу Мемлекеттік құрылыс инспекциясына хабарлағаны дұрыс болады. Осылайша, проблемалық құрылыс обьектілерінің алдын ала аламыз.
–Жұмысы аяқталмаған немесе бекітілген жобалық-сметалық құжаттамадан ауытқуы бар объектілерді қабылдамаңыздар. Нашар әзірленген жобаларды мақұлдауға жол бермеу керек. Және де жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және бекіту, сондай-ақ, объектілерді кейін пайдалануға қабылдау кезінде ғимараттар мен құрылыстардың қозғалу мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімділігі сияқты мемлекетаралық құрылыс нормаларымен реттелетін талаптардың сақталуын бақылауды қамтамасыз етуіміз қажет, – деп түйіндеді брифингте өз сөзін Бахыдбек Оспанбеков.
Иә, бүгінде кез-келген құрылыста тек жауапты мердігердің өзіне сенім білдіру қате болады. Себебін еліміздегі алды бес, арты он жылға созылған құрылыс нысандары жақсы көрсетіп отыр. Бұл істе құзырлы органдардың жауапкершілігі мен қоғам белсенділері, жекелеген ұйымдардың да қырағылығы қажет болады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.