Ақмола облыстық жастар-ресурстық орталығы студенттер мен жұмысшы жастар арасында «Әкім кубогы-2024» ойынын өткізді.
Ұйымдастыру комитеті мен лига редакциясы әр ойынға арналған конкурстық тапсырмалардың санын, олардың тақырыбын, қазылар алқасының құрамын анықтады. Командалардың ойынға қатысу тәртібін лига редакциясы бекітті.
Ойынға Ақмола облысының үздік 14 жас командасы қатысты. Ойын алдымен, «Сәлемдесу» кезеңінен басталып, басқа да бірнеше тартымды кезеңдерге ойысты.
Нәтижесінде 1-орын және 1 000 000 теңгелік ақшалай сертификатты «Солтүстік» құрамасы жеңіп алса, 2-орынды және 600 000 теңгелік ақшалай сертификатпен Жақсы ауданының құрамасы марапатталды. Қола жүлдені, яғни, 3-орын мен 400 000 теңгелік ақшалай сертификатты Ақмола облысының құрамасы иеленді.
«Ең үздік ойыншы» аталымы бойынша жеңіс және 100 000 теңгелік ақшалай сертификат Шортанды ауданынан қатысқан «Есте сақта» құрамасының ойыншысы Амандық Бейсенбаевқа бұйырды. «Ең үздік астарлы әзіл» аталымы және 100 000 теңгелік ақшалай сертификатпен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жанындағы көпсалалы колледжінен «Diamond» құрамасы марапатталса, «Көрермен көзайымы» аталымы және 100 000 теңгелік ақшалай сертификатты «Таза Қазақстан» құрамасы қанжығасына байлады. Ал, жарыстың жалпы жүлде қоры 2 миллион 300 мың теңгені құрады.
– Осы тартысты әрі қызғылықты додада облысымызда небір талантты жастарымыздың бар екеніне көзіміз жетті. Оларды тек сіздер мен біздер болып, дұрыс арнаға бағыттай білуіміз керек, – деді осы ретте, өз сөзінде ойын төрешісі, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Қылышбаев.
Айтса айтқандай, залға лық толы жанкүйерлер де ойынның өн бойы өздері сүйген командаларына шынайы шапалақ соғып, қолдау көрсетіп отырды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.