Елдігіміз бен егемендігіміздің айқын нышаны – Тәуелсіздік күні қарсаңында Астрахан ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Аят Сералиев көктемгі су тасқыны кезіндегі ерлігі үшін «Жақсы адам–2024» сыйлығының лауреаты атанды.
Астанада «Жақсы адам – 2024» арнайы сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл «Jibek Joly» телеарнасының «Жақсы адамдарым» тележобасының қорытындысы аясында ұйымдастырылған шара. Онда іс-әрекеттері немесе қызметі халық арасында танымал болған қазақстандықтар дәріптеледі.
Біздің жерлесіміз Аят Сералиев көктемгі су тасқыны кезінде өз өміріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан, 32 адамды құтқарып, ондаған жануарларды қауіпсіз жерге шығарған. Марапаттау рәсімі барысында оған «Жақсы адам – 2024» статуэткасы мен 1 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Марапатты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев табыс етті.
–Старый Колутон ауылы тасқын судың ортасында қалып, шағын аралға айналған болатын. Бізде ол жерге жетуге болатын жалғыз ғана көлік – моторлы қайық болды. Сөйтіп, қарамағымдағы қызметкерлермен бірге ауылға жетіп, тұрғындарға қолдан келген көмегімізді көрсеттік. Бұл тек менің ғана еңбегім деп айта алмаймын, төтенше жағдайлар бөлімі ұжымының, еріктілер мен қиын кезде қол созған қайырымды адамдардың да еңбегі зор, – дейді өзін әрдайым қарапайым ұстайтын құтқарушы Аят Сералиев.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.