Егер тарифтер еш өзгеріссіз қалса, өңірді энергиямен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуға шамамен 200 жыл қажет болады екен. Ал, жаңғырту жұмыстары кезек күттірмейтін шаруа. Облыс орталығында салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйлерді қамтамасыз етуге электр қуаты әрең жетеді. Қаланың түйткілді тұсын тілге тиек ету үшін «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Досымхан Аралбаевпен сұхбаттасқан едік.
–Досымхан Әлішұлы, сіз саланың көптен қордаланып қалған проблемалары туралы жиі айтып жүрсіз. Осы орайда, ең басты мәселелерге тоқтала кетсек.
–Оқырманға түсінікті болуы үшін көптен бері көкейімде жүрген, бұрыннан әбден қордаланып қалған өзекті мәселелерді әріден қозғауға тура келетін шығар. Біз үш тариф бойынша жұмыс істейміз. Егер орташа тариф шамамен 35 теңгені құраса, онда біз халыққа электр энергиясын төмендетілген тариф бойынша жеткіземіз. Шамамен 20 теңгені құрауы мүмкін. Шығынды өтеу үшін бюджеттік ұйымдар 50 теңгеге жуық артық қаражат жұмсайды. Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға өзгерістер енгізілген кезде бюджеттік ұйымдардың қолданыстағы тәртіп бойынша бір көзден шарт жасауға құқығы болмады. Ал, конкурсқа шыққан кезде жағдай тіпті ауырлай түсетін еді. Тек Көкшетау өңірінде ғана жиырмаға жуық жекеменшік электр қуатымен қамтамасыз ету ұйымдары бәсекеге түседі. Мұндай ұйымдар Көкшетау аймағында жиырмаға жуық болатын. Міне, осындай ретсіздік тұрғындардың төлемақы мөлшерінің бірден көтерілуіне ықпал етеді. Біз бар жағдайды таразы басына тарта келе, мұндай жүйенің тиімсіз екендігін талай рет айтқан болатынбыз. Әкімдікке де, министрлікке де, Үкіметке де хат жолдадық. Бұл арада өзіміздің мүддемізді көздеп отырған жоқпыз. Шынтуайтында, халықтың мүддесін қорғау үшін пайымды пікірімізді білдірдік, ұтымды ұсынысымызды айттық. Электр энергиясы тарифінің қымбаттауы қарапайым халық үшін оңайға тимейді. Үстіміздегі жылдың наурыз айының соңында барлық жекеменшік электр қуатымен қамтамасыз ету ұйымдарының жұмыстарын тоқтату туралы қаулы қабылданды. Әрине, ішінара наразылықтар болмай қалған жоқ, әйтсе де ел мүддесі ең қымбаты еді. Сәуір айынан бастап біздің ұжым қосымша табыс көлемін тәп-тәуір арттырды. Егер нақты дәлелге жүгінетін болсақ, 500 миллион теңге төңірегінде табыс тапты. Бұл ақшаны электр желілерін жаңғыртуға, дамытуға бағыттадық. Сәл ғана таратып айтатын болсақ, әуел бастағы жоспар бойынша жаңғырту жұмысына 2,7 миллиард теңге салу көзделсе, бұл орайдағы жоспар асыра орындалып, 3,2 миллиард теңгеге қыруар жұмыс атқардық. Әйтсе де, көп қаржы болып көрінгенімен, тұтас инфрақұрылымды түгел жаңғыртуға жетпейтіндігін ашық айтуымыз керек. Үстіміздегі жылы қажетті жабдықтармен электр желілерінің небары 0,5-0,7 пайызы ғана жаңғыртылды. Әрине, өткен жылдармен салыстырғанда ілгері жылжу бар. Бірақ, өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай 0,5-0,7 пайыз мүлде аз. Тұтастай жаңғырту үшін кемінде 200 жыл қажет. Бұл мәселені ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та назарында ұстап отыр. 2022 жылы ел халқына жолдаған Жолдауында Президент тозу көлемін 15 пайызға төмендету туралы екпін түсіріп айтты. Алдымызға асқаралы міндет қойғанымызбен, қаржының жетімсіздігі қол байлап отырғанын ашық айтуымыз керек. Әр жыл сайын желілерді кем дегенде 2 пайыз жаңарту үшін 12 миллиард теңге қаражат қажет. Осы арада дана халқымыздың «ескіні жамағанның есі кетеді» деген сөзі еске түседі. Тығырықтан шығу үшін талпыныс жасалуда. Қазіргі уақытта электр энергиясы және коммуналдық секторларды жаңғыртуға бағытталған ұлттық жоба әзірленіп, талқылаудан өткізілуде. Ең бастысы онда қомақты инвестицияларды қажет ететін модернизация жоспары қарастырылған. Осы арада ашып айтатын дүние, ойға алған шаруаны тыңғылықты жүзеге асыру үшін облысқа 94 миллиард теңге қажет. Қаржыландырудың екі көзі ұсынылып отыр. Қалай болған күнде де стратегиялық жоспарларды ойдағыдай атқару үшін ең қолайлы шешім қабылданады деп үміттенеміз.
–Қазір облыс орталығында электр қуатымен қамтамасыз ету тапшылығы бар ма? Жыл өткен сайын көптеген көп қабатты тұрғын үйлер салынуда, жаңа кәсіпорындар қатарға қосылуда?
–Әрине, электр қуатының тапшылығы бар. «КEGOC» республикалық жабдықтаушы ұйымының қосалқы станциясының қуаты жете бермейді. Сонымен қатар, барлық дерлік қосалқы электр станциялары шығыс жақ бетте орналасқан. Ал, өздеріңіз күнде көріп жүргендей, Көкшетау қаласы соңғы жылдары өсе түсті. Әсіресе, солтүстік-батыс бағытта құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл әрине, жақсы. Дегенмен, электр қуатымен жеткілікті қамтамасыз етуді де естен шығармау керек. Қазір ең алдымен 220 киловаттық қосалқы станция салуымыз керек. Ол облыс орталығының ауызекі тілде «Хасенов» шағын ауданында да салынатын болып келісілді. Сондай-ақ, қалаішілік станциялардың да қажеттілігі туындап отыр. Сарыарқа шағын ауданында да тағы біреуін салу жоспарлануда. Бұл ауданда бірнеше көп қабатты жаңа тұрғын үйлер бар, әлі де бой көтеруде. Оның үстіне алдағы уақытта көпбейінді аурухана, спорт кешенін салу міндеті тұр. Бюджетте қаражат жеткіліксіз болғандықтан, бұл жұмысты жеке құрылыс салушы өз мойнына алады. Сондай-ақ, бағдарлама бойынша жұмыс басталған кезде автоқалашық ауданында қосалқы станцияның қуатын арттыру қажет. Тағы бір қиын жер, Краснояр елді мекеніне апаратын жол бойында. Қосалқы станцияның қуатын арттыру қажеттігі бүгіннің өзінде туындап отыр. Станция тұтынушылардың пайдаланған жүктемесін толық өтей алмайды. Міне, сондықтан тұрғындардың орынды өкпе-назы туындап отырғандығын жасыруға болмас. Ал, ұзақ мерзімді жоспарларымызда бірқатар қомақты шаруалар қамтылған. Мәселен, Қопа көлінің айналасындағы қалыптасып отырған жағдайды реттеу. Дәл осындай жұмысты Бурабай курортты аймағында да атқарамыз деп межелеп отырмыз. Ол жерде де электр қуаты тапшылығы бар. Бір жақсысы, биыл Бурабай баурайындағы қосалқы станция түгелдей жаңғыртылды. Алдағы уақытта бұл істі сәтімен сабақтайтын боламыз.
2018 жылы бекітілген инвестициялық бағдарламаның мөлшері 818 миллион теңгені құраса, 2024 жылы бұл көлем 2 миллиард 700 миллион теңгеге жетті. Кәсіпорын автотехника сатып алуға ерекше назар аударып отыр. Энергетикалық жұмыс маусымдық сипатқа ие болғандықтан бұл өте маңызды. Осылайша соңғы 5 жылда «Көкшетау Энерго» компаниясы 110 бірлік автокөлік сатып алды, оның 72-сі арнайы техника, 48-і инвестициялық бағдарлама шеңберінде сатып алынды. Сондай-ақ, техникалық және әкімшілік қызметкерлердің жұмыс жағдайларын жақсартуға көп көңіл бөлінеді. 2019 жылдан бастап 231 миллион теңгеге 16 ғимаратқа күрделі жөндеу және қайта жаңарту жүргізілді. Кәсіпорын қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту басты назарда. Мәселен 2016 жылы орташа жалақы 46 579 теңгені құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 330 мың теңгеден асты.
–Облыс тұрғындары алдағы жылы электр энергиясының тарифі өсе ме деп қауіптеніп отыр?
–Бәрі де мүмкін. Таяуда Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі жаңартылған көздерден алынатын электр энергиясының жаңа тарифтерін белгіледі. Бұл тариф айтарлықтай жоғары. Қобалжытатын бір жай, елдің ірі электр станцияларында энергия өндіру құны да өсуде. Барлық жайды таразы басына тарта келе, тариф кем дегенде 5-7 теңгеге өсуі мүмкін деп болжап отырмыз. Халықтың электр энергиясын тұтыну көлемі жыл сайын көбейіп келе жатқаны да бар. Бұл көрініс тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жоғарылуымен байланысты болуы әбден мүмкін. Тағы бір мәселені айта кетпей болмас, кейбір жекелеген аймақтарда энергия тұтынудың көбеюі байқалады. Біздің ұжым Ақмола облысының бірнеше аудандарымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысының аудандарын да электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырғандықтан, қалыптасып отырған жағдайды ой елегінен өткізіп, таразы басына тарту мүмкіндігі бар. Негізінде Көкшетауды «аристондар қалашығы» деп айтады емес пе? Ыстық сумен қамтамасыз ету болмағандықтан, тұрғындар су жылытқышты жиі пайдаланады. Демек, Көкшетау қаласының тұрғындары Астана немесе Петропавл қаласының тұрғындарына қарағанда электр энергиясын шамамен екі жарым есе көп пайдаланады. Бұл кәдімгідей қиындық тудырады. Біріншіден электр энергиясын төмендетілген тариф бойынша төлейтіндіктен, шығындарды өтеу мөлшері өсе түседі. Жабдықтарға да үлкен қаражат жұмсау қажет. Мәселен, жаңа тұрғын үйде трансформатор қуаты 400 емес 1000 киловатт болуы керек. Дәл осындай қуатқа сәйкес келетін автоматтар, ажыратқыштар, кабельдер болуы шарт. Есептей келсеңіз, мұның барлығы көп-көрім қаражатқа айналады. Бұл қаражатқа басқа аймақта 1,5 есе көп жабдық сатып алып, жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Өкінішке орай мұндай фактілер әдетте ескеріле бермейді. Таяуда біздің өңірге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Юлия Кучинская келді. Халық қалаулысы пәтер иелері кооперативтері мен пәтер иелері бірлестіктері төрағаларын жинап, тұрғын үйлерге есептегіш құралдарын орнатуға шақырды. Бүгінгі таңда көптеген тұрғын үйлерде пәтер иелері кооперативтері мен тұрғын үй бірлестіктерінің жоқ екендігін айта кетуге әбден болады. Сонымен қатар, барлық тұрғындар электр энергиясын кіре берестегі шамдар мен лифт тәрізді қажеттіліктер үшін жұмсалған электр қуаты үшін ақы төлеуі керек. Әйтсе де оған ешкім асықпайды. Бүгінгі таңда Көкшетауда тұрғын үйлердің үштен бірінде ғана есептегіш құралдары орнатылған. Біздің электр энергиясын жоғалтуды мейлінше азайтуға деген ұмтылысымызды тұрғындар әлі жете түсіне қойған жоқ.
–Сөз соңында кәсіби мерекелеріңізді қалай атап өтпексіздер деген сауал қойғымыз келіп отыр?
–Биыл біз екі ауқымды іс-шара өткіздік. Біріншісі, Қазақстанның энергетика саласы ардагерлерінің ХІІІ форумы. Форумның басты мақсаты, тәжірибе алмасу, алдыңғы буынның қисапсыз еңбегін үлгі ету. Бұл шараға Беларусь, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан әріптестеріміз келіп, мейлінше мазмұнды, тағылымы мол тамаша шара өткіздік. Тағы бір айта қаларлық оқиға, ұжымның алпыс жылдығын атап өтуіміз. Мерейтойға дайындық барысында кәсіпорын тарихын кітап етіп шығардық. Барлық жөндеу жұмыстары аяқталды. Инвестициялық бағдарламаның барлық тармақтары орындалды. Техника паркі жаңғыртылуда. Біз алған манипуляторлар туралы бір ауыз сөз айта кетейін. Ол техника тасымалдаушы да, кран да, мұнара ретінде де жұмыс істей алады. Осындай игі істерді атқарумен қатар, желдің өтінде, боран мен аязда, жазда аптап ыстықта ел үшін еңбек етіп жатқан қарапайым жұмысшылардың еселі еңбегін айтпасқа болмайды. Бүгінгі сәтті пайдаланып, олардың барлығына үлкен алғысымды жеткізгім келеді.
–Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Байқал БАЙӘДІЛОВ,
ҚР Ақпарат саласының үздігі.