Бұл күнде басқа атақ-абыройы да асқақтап тұрған Қазақстандағы жалғыз манасшы, жерлесіміз Баянғали Тақанұлы Әлімжанов биыл 70 жастың тұғырына көтерілгені белгілі.
Осыған байланысты қазақпен бірге туысқан қырғыз елі 4 желтоқсан – «Манас» эпосы күніне орай өтетін мерекелік іс-шараларға қадірлі қонақ ретінде Астанадан Баянғали Әлімжановты да арнайы шақырып, 70 жылдық мерейтойын осы салтанат аясында бірге атап өтті.
Көрнекті ақын-жазушы, белді манасшыға сондай естен кетпес қуанышты сәттердің бірін Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігі алға тартты. Мұнда құрметті мейманға қабылдау жасаған министрдің бірінші орынбасары Асейин Исаев екі елдің әдебиет пен өнердегі тел перзентін министр Жээнбек Кулубаевтың атынан шын жүректен құттықтап, қырғыз елінің кәделі шапанын жауып, сый-сияпатын жасады.
Барша қырғыз халқы білетін белгілі манасшыны осы сапарында Алыкүл Осмонов атындағы Қырғыз ұлттық кітапханасы да құшақ жая қарсы алды. Екі елдің әдеби және мәдени байланысына көп еңбек сіңіріп жүрген қазақтың айтулы перзенті, әртүрлі жанрдағы 80-нен астам кітаптың авторы Баянғали Тақанұлы осынау бас кітапхана қорына өзінің туысқан халықтың тілінен ана тілімізге аударған «Манас. Семетей. Сейтек», тағы басқа да кітаптарын тапсырса, Қырғыз Республикасының Батыры Медетқан Шерімқұлов бастаған Абдылдажан Акматалиев, Кадыралы Конкобаев, Кайрат Иманалиев, Акчолпон Койчиева, Мээрим Көлбаева сияқты ел мықтылары мерейтой иесіне жылы пікірлерін білдіріп, екі ел арасын жалғастырған ізгі жүрегі мен қаламгерлік, жыршылық қайрат-жігеріне жоғары бағаларын берді.
Осы тақылеттес жылы жүздесулер басқа да бірқатар кәделі орталарда болып өтті. Айталық, қырғызда «Манас жырының» құдіреттілігі сонша, арнайы Манас академиясы бар. Міне, осы академияның президенті, жас манасшы, қырғыздың сөзге шешен, жарқыраған жұлдызды баласы Әзиз Беймұрзаұлы да «Манас жыры» күніне белсене ат салысып, өздерінің бәйгесін тағайындап, шара қонақтарын, соның ішінде Баянғали ағамызды да құшақ жая күтіп алып, сый-құрметтерін көрсетті.
Иә, «төсекте басымыз, төскейде малымыз» қосылған қырғыз бауырларымызбен арадағы алғаусыз ынтымақ-бірлікті бір өзі осындай биікке көтерген Баянғали Әлімжанов қос ұлт мүддесіне осылай қызмет етіп келе жатса, қырғыз жағы да «өзі» деген тілекшісін бауырға тартудан, осы ақадал еңбегін лайықты бағалаудан әсте тартынып қалған емес. Бүгінде Баянғали Қырғыз Республикасының «Достық» ордені мен А.Малдыбаев атындағы халықаралық сыйлығының иегері. Әрі айтулы өнер иесіне бұл орденді Астанаға келген мемлекеттік сапарының барысында Қырғыз Президенті Садыр Жапаровтың өзі тапсырған болатын.
Міне, ерекше дарыны, әдебиет пен өнердегі толағай шығармашылық ізденісімен қазақ-қырғыз арасына алтын көпір болып келе жатқан, есімі қалың жұртшылыққа кеңінен мәлім жерлесіміз Баянғали Әлімжановтың көршілес туысқан ағайынға осы бір ақжолтай сапарынан қаузалатын қысқаша сөз парасы осы. Әманда ел мен ерді қырғыздың жауһар «Манасы» алда да жарастыра берсін дейміз!
Қ.КӘКЕНОВ.