Облыс орталығы Көкшетау қаласындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінде өңірдегі ұлтаралық татулық пен достықты, ынтымақ пен бірлікті, бірегейлік пен келісімді нығайту бағытында жұмыс істеп жатқан этномәдени орталықтар баршылық. Солардың бірі – «Чинсон» кәріс этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ елімізде ұлтаралық келісім мен дінаралық ауызбіршілік сақталып қалды. Себебі, сол кезде тұрақтылықты сақтау мемлекетіміздің негізгі бағыттарының біріне айналды. Соның ішінде елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, ол ұлтаралық жағдайдың дұрысталyына айтарлықтай үлес қосты. Бұл консультативтік кеңесші органның арқасында этносаралық және конфессияаралық келiсiмнiң стратегиялық бағдарламасы жүзеге асты. Соның нәтижесінде осы жағдайлар дұрыс шешілген Қазақстанда ұлтаралық жанжалдар мен қақтығыстар жоқтың қасы. Осының арқасында еліміз әлемнің басқа мемлекеттері үшін ұлтаралық келісімнің, тұрақты дамудың үлгісі бола алды.
Елдегі тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты сақтауға өзінің елеулі үлесін қосқан кәрістер қауымдастығын да ерекше ілтипатпен атап өткім келеді. 1990 жылы Алматыда республикалық кәрістер қауымдастығы құрылып, кейін облыстарда оның филиалдары ашылды. Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында кәріс мәдениеті облыстық қоғамы 1995 жылы құрылып, оның алғашқы төрағасы Николай Цой болды, кейін оның орнына бұл қызметке Моисей Чжен келіп, көптеген жылдар бойы Қазақстан кәрістер қауымдастығының Көкшетаудағы филиалын дамытуға өз үлесін қосты және 2014 жылға дейін оның төрағасы болды.
2015 жылы филиал «Чинсон» кәріс этномәдени орталығы қоғамдық бірлестігі ретінде қайта тіркеуден өтіп, оны Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Людмила Лим басқарды. Содан бері «Чинсонның» белсенділері Николай Петрович пен Моисей Алексеевич бастаған игі істі жалғастырып, орталықтың дамуына және аймақтағы кәріс мәдениетін ілгерілетуге айтарлықтай үлес қосуда.
Енді азырақ тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстанға кәрістер сонау 1937 жылы Қиыр Шығыстан өте қиын жағдайда көшірілді. Әжелерімнің айтуынша, тар жерде әрі қажетті санитарлық жағдайлар болмағандықтан, вагондарда түрлі жұқпалы аурулар тарап, адамдар жолда қайтыс болыпты, бұндай жағдайда, әсіресе, кішкентай балалар қатты зардап шегіпті. Күштеп көшіріп әкелген кәрістерді қыстың қақаған аяздарында ел жоқ жерлерге түсіріп кетіп жатты. Сондықтан, Қазақстанға жер аударылған кәрістер алғашқы қыста жүк түсіру бекеттерінде, көбінесе блиндаждарда, қоймаларда, ат қораларда, қираған ғимараттарда тұруларына тура келген. 1938 жылдың көктемінде елдің өз ішінде қоныс аудартудың екінші кезеңі басталған. Кәрістер Қазақстанның солтүстігіне, негізінен, Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданы мен Ақмола облысына көшірілді. Қоныс аударушылар мұнда ауыл шаруашылығымен айналысты, мал өсірді, оңтүстіктегілер күріш екті, солтүстіктегілер дәнді дақылдар мен көкөніс дақылдарын өндірді. Уақыт өте келе, Қазақстан жері сол кәрістер үшін екінші жаңа Отанына айналды. Біздің ата-бабамыз сол бір қиын-қыстау жылдары оларды қарсы алған кең жүректі қазақтарға қашан да риза болатын.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Ақмола облысында бүгінде 1,5 мыңға жуық кәріс ұлтының өкілі бар, олардың 300-ден астамы облыс орталығында тұрады. Қазіргі таңда кәрістердің мәдениеті әлемге танымал, әсіресе, жастар арасында өте танымалдыққа ие. Кәрістердің поп-музыкасы – «k–pop», кинофильмдері мен сериалдары соңғы жылдары кеңінен таралды. Бұл кәріс тілі мен оның мәдениетіне әр түрлі этнос жастарын қызықтырып, назарын аудартуда. Достық үйінде түрлі этностардың тілін үйрететін «Шаңырақ» жексенбілік мектебі бар. Онда этникалық кәрістер ғана емес, өзге ұлт өкілдері де кәріс тілін үйренуге келеді. Кәріс тілінен сабақты Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Лейла Қосқұлақова жүргізеді. Бір кездері ол біздің жексенбілік мектепте осы кәріс тілін үйренген, ал қазір өзі сабақ беріп жүр. Сондай-ақ, орталықта жастар қанаты, «Мисо» және «Ханбок» би ұжымдары белсенді жұмыс істейді.
«Чинсон» этномәдени орталығының белсенділері облыстық және қалалық іс-шараларға белсенді қатысып, өздері де бірқатарының ұйытқысы болып, басы-қасында жүреді. Жыл сайын кәріс халқының жаңа жылы – «Соллаль» мерекесін атап өтеміз. Онда ұлтымыздың нәзік жандылары ұлттық киім киеді, корей музыкасы тыңдалып, әндері шырқалады, би де биленеді. Қатысушылары бір-біріне құрмет көрсетіп, жаңа жылдық шағын сыйлықтар жасайды. Кәрістердің егін жинау мерекесі – «Чусокты» да атап өтуді дәстүрге айналдырғанбыз. Сол сияқты жыл сайын халқымызбен бірге еліміздің ұлттық мерекесі – «Наурыз» мейрамынан бастап, Қазақстан халқының бірлігі күнін, Жеңіс күнін, Халықаралық балаларды қорғау күнін, Республика күнін, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өтуге атсалысамыз. «Соңғы қоңырау» іс-шарасында оқу жылын сәтті аяқтаған және этномәдени бірлестіктің жұмысына белсенді қатысқан оқушыларға грамоталар мен естелік сыйлықтар береміз. Сонымен бірге, бірлестік мүшелері Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің қайырымдылық акцияларына, «Қоғамдық келісім» мекемесінің барлық іс-шараларына қатысады.
Қарттар айлығы кезінде орталық облыста тұратын мұқтаж жандарға көмек көрсетеді. Біз атап өтетін мерекелер ішіндегі ең бір атаулысы – Алғыс айту күні екенін ерекше атап өткім келеді. Көптеген жылдар бұрын қонақжай қазақ халқы біздің ата-бабамызды күштеп депортациялағанда өз паналарына алып, қолындағы барымен бөлісті. Бабаларымыздың басына түскен ауыртпалық кезінде қолдау білдірген осы ұлтқа алғыстан басқа айтарымыз бар ма?!
Содан бері біздің ата-аналарымыз осында тамыр жайып, өсіп-өнді, ұрпақтары да бүгінде осында білім алып, бақытты өмір сүріп, өз ісімен айналыса алады. Қазір тәуелсіз елде, ешкімге қысым жасалмайтын мемлекетте ынтымақ пен бірлікте, татулықта өмір сүріп жатырмыз. Егемен елімізде әрбір ұлт өкілі өз халқының мәдениетін, тілін, ділін үйреніп, ұрпағына ешқандай кедергісіз насихаттай алады. Бүгінде тарихтың толқынымен қазақ жеріне ауып келген әр халықпен достасып, тыныштық пен берекеде, ең бастысы, бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымызға қуаныштымыз.
Келесі жылы елімізде кәрістер қауымдастығының құрылғанына 35 жыл толады. Осы атаулы мерекеге орай, «Қоғамдық келісім» мекемесімен келісе отырып, өзіміз өткізетін іс-шаралардың жылдық жоспарын әзірлеудеміз.
Биыл маусым айында Оңтүстік Кореяның Президенті Астанаға келіп, кәрістермен кездесу өткізді. Сондай-ақ, жылына бір рет Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі кәрістер қауымдастығы өкілдерін жинап, кездесу өткізіп тұрады. Олар біздің кәріс мәдениеті орталықтарын қолдауға қаржылық көмек көрсетеді. Сол қаржыға тиісті мерекелік жоспарлы шаралар өткіземіз. Міне, бүгінгідей қасиетті күні кәріс диаспорасының Ақмола өңіріндегі өмірі туралы осыны айтсам деп едім. Тәуелсіздік мерекесімен, құрметті отандастар!
Ольга ЛЯН,
«Чинсон» кәріс этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы.