Ақкөл ауданының әкімі Біржан Әбдірахманов көпбалалы отбасыларға жаңа пәтерлердің кілттерін тапсырды. Осылайша өңірде 18 көпбалалы отбасы жаңа пәтерлерге ие болып, жайлы өмірге қадам басты. Пәтер алушылардың кейбірі тұрғын үй кезегін 10 жылдан астам уақыт күткен екен.
Бұл шара халықтың әлеуметтік осал топтарына мемлекеттік қолдауды нығайту және оларды қолжетімді әрі жайлы тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам болып табылады.
–Бүгінде біз азаматтарымыздың өмірін жақсартуға күш салып жатырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындай отырып, көпбалалы отбасыларға қолайлы жағдай жасау жұмыстарын әрі қарай жалғастыратын боламыз. Бүгінгі көпбалалы отбасылар үшін сенімді және жайлы баспанаға айналатын жаңа үйлердің кілттерін тапсыру рәсімі біздің баршамыз үшін айтулы оқиға деп айтуға болады. Пәтерлерді сатып алу кезінде жайлылық пен инфрақұрылымға ерекше назар аударылды. Бұл Ақкөл ауданындағы осындай алғашқы үйлер, – деп атап өтті өз сөзінде Біржан Әбдірахманов.
Биылғы жыл өңірдің әлеуметтік аз қамтылған отбасылары үшін олжалы жыл болып отыр деп айтуға толық негіз бар. Жыл басынан бері облыста көпбалалы отбасылар мен жетім балалар ретінде үй кезегін күткен қаншама азаматтар баспана қуанышына бөленуде. Тұрғын үй құрылысын дамыту және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау аясында Ақкөл ауданының әкімдігі көпбалалы отбасыларға маңайы абаттандырылған тұрғын үйден сатып алған пәтерлердің әрқайсысының алаңы 81 шаршы метрді құрайды.
Әкімдік аудан орталығында көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын бастау үшін алдыңғы жылдары инвесторларды тарту жөнінде белсенді жұмыс жүргізген болатын. Ондағы мақсат – тұрғын үй алу тізімінде кезекте тұрған тұрғындарды пәтерлермен қамтамасыз ету еді. Нәтижесінде Құрылыс көшесінде 18 екі пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.
Бұл іс-шара халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың нәтижесі болып табылады. Тұрғын үй сатып алу механизмдерінің жетілдірілуі, инфрақұрылымның жақсаруы және отбасылардың өмір сүру жағдайларына ерекше көңіл бөлінуі пәтерлердің сапасына да оң ықпал етпей қоймады.
Жаңа қонысқа қол жеткізген көпбалалы отбасылар аудан басшылығына өз алғыстарын білдіріп, көрсетілген қолдау үшін ризашылықтарын жеткізді.
–Бұл біздің отбасымыз үшін өте қуанышты оқиға. Бізге қолдау көрсетіп, өмір сүруге қолайлы жағдай жасағаны үшін мемлекетке алғысымызды білдіреміз, –дейді жаңа пәтерге қоныстанушылардың бірі.
Алдағы уақытта ауданда әлеуметтік осал топтарды қолдау және тұрғын үй құрылысын дамыту бағытында жаңа бағдарламалар жүзеге асырылып, осы саладағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру жоспарлануда. Бұл өз кезегінде, ауданның әлеуметтік жағдайын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Ақкөл ауданы.