Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақмола облысы бойынша филиалының басшысы Ерлан Дауылбаев ақпараттарды цифрландыру бойынша ағымдағы жылдың он бір айындағы жұмыс қорытындыларына тоқталды.
Бүгінгі таңда өңірде қызмет көрсету мекемесінің 23 фронт-офисі жұмыс істейді. Бұл офистерде халықтың талап-тілегіне сәйкес сұраныстар қаралып, тиісінше қызмет көрсетіледі. Әсіресе, халықтың басым бөлігінің сұранысына сәйкес тіркеу куәлігін беру және кері қайтарып алу, жылжымайтын мүлікті тіркеу, көлікті есепке алу, есептен шығару, мемлекеттік тіркеу нөмірлерін, жүргізуші куәлігін беру, азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу сияқты қызметтер мекеме қызметінің үздік бестігіне кіріп отыр.
Көкшетау қаласы аумағындағы 1414 бірыңғай байланыс орталығы бөлімінің де жұмысы күндіз-түні қызып жатады. Мемлекеттік қызметтер бойынша консультация беруді осы орталықтың виртуалды ассистенттері жүзеге асырады. Он бір айлық жұмыс қорытындысы бойынша қызметтің осы түріне байланысты 1 036 114 қоңырау өңделген.
Ерлан Сламханұлы уақыт өткен сайын халыққа виртуалды қызмет көрсетудің де сапасы артып келе жатқанын айтады. Мәселен, әлеуметтік блок арқылы ағымдағы жылдың он бір айында облыс бойынша 321 748 қызмет алушыдан 231,5 миллиард теңгенің төлемі жүзеге асырылған. Бұл өз кезегінде жұмыстардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуының көрсеткіші.
- Қазір қызметтің барлық түрі жеңілдетілген. Бұрынырақта азаматтар қарапайым төлқұжатты алу, оны тіркеу үшін қызмет орталығына барып, уақыт шығындайтын. Қазір тіркеудің барлық түрі мен есептен шығару қызметтері «Азаматтарға арналған үкімет» блогы бойынша жүзеге асырыла береді. Кез-келген уақытта азаматтарымыз өзіне қажетті қызмет түрін алуға құқылы. Фронт-офистердің де жұмысын айрықша атап өтер едім. Ондағы мамандар түскен құжаттарды архивке салып, өңдеп, заң бойынша тіркеу хаттамаларына сәйкестендіріп, тұлғаларға қажетті құжаттарын реттеп береді, – деді Ерлан Дауылбаев.
Брифинг барысында журналистермен сұрақ-жауап кезінде мекеме басшысынан, әсіресе, аудандардағы офистердің жаңа технологиялармен жабдықталу шараларын сұрап үлгердік. Ерлан Сламханұлының айтуынша, шалғай аймақтардағы қызмет түрлері де талапқа сай көрсетілуде. Бүгінде 65 компьютер мен су жаңа сканерлер жеткізіліпті. Алдағы уақытта олардың барлығы дерлік аудандар мен ауылдарға таратылмақ.
Бұдан өзге филиал жұмысы зейнетақы және жәрдемақы саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсетуге бағытталған. Зейнетақылар мен жәрдемақыларды қайта есептеуге байланысты Ақмола облысы бойынша ай сайынғы төлемдер мөлшері 1,5 миллиард теңгеге өсіп, 21,7 миллиард теңгені құрады.
Коммерциялық қызметтерге байланысты заңды тұлғаларды тіркеу бойынша, атап айтар болсақ, 2516 тұлғаға мемлекеттік қызмет көрсетіліп, 616 жаңа заңды тұлғалар тіркелген. Қызметтің осы түріне сәйкес керісінше, 341 заңды тұлға өз қызметін тоқтатқан. Облыс көлемінде жыл сайын коммерциялық заңды тұлғалардың және филиалдар мен өкілдіктердің саны өсуде. Бұл әрине, өз кезегінде халықтың экономикалық белсенділігін көрсетеді.
Азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп перзентханаларда ЖСН беру жөніндегі пилоттық жоба енгізілген болатын. Бұл азаматтар үшін бірқатар әкімшілік рәсімдерді жеңілдетіп отыр.
Сонымен қатар, жылдың екінші жарты жылдығынан бастап, облыс бойынша салтанатты түрде неке тіркеу іс-шаралары жүргізіле бастаған болатын. Виртуалды неке қию рәсімі бойынша үздік нәтижені Бурабай және Аршалы аудандарындағы, сондай-ақ, Степногорск қалаларындағы жұмыстар көрсетіп берді.
Жер кадастры бағыты бойынша жылдық қорытындыға сәйкес, жоспарды орындау 745 731, 55 мың теңгені құрады. Жиын кезінде Ерлан Дауылбаев Каспий және Халық, Фридом банктерінің қосымшалары арқылы да халыққа веб қызметтердің нәтижелі көрсеткіштерге жеткенін атап өтті. Алдағы жылы банктермен бірлескен бұл жобалар одан сайын жетілдіріле түспекші.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.