Фариза Оңғарсынова – 85
Қазақ поэзиясының падишасы, жалынды жырларымен оқырман қауымның жүрегінен ерекше орын алған ақиық ақын Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толып отыр. Фаризаны қазіргі заманның Махамбеті деп бекер айтпаған.
Оның шығармалары нәзіктіктің, батылдық пен ержүректіліктің нағыз дәлелі. Фариза апайымыздың қазақ әдебиетіне, оның ішінде балалар әдебиетіне сіңірген еңбегі мен қосқан үлесі ұшан-теңіз.
Фаризаның бала кезінен әдебиетке қызығуы анасынан бастау алады. Анасы Халима сауатты адам болған. Халық арасында тараған ауыз әдебиетін жетік білген. Фариза жас кезінен бастап тағдырдың тауқыметін көп тартты. Әкесі жол апатынан қайтыс болып, бауырларынан айырылды. Анасының жанын күйзелтпейін деп ерте бой жетті, ой түзеді. Фаризаның анасының қайғы-қасіретін тек Фаризаның оқыған жыр-дастандары ғана басатын. Анасының көрегенділігі мен білімділігі Фаризаның шығармашылық жолына көп көмегін тигізді. Жастайынан Махамбет бабасының жалынды жырларын жаттаған Фариза оның өр рухын өле-өлгенше жадынан шығармаса керек. Өз бойынан да халқына деген шексіз махаббаты мен мұндалап тұратын. Бәрімізге белгілі, Фариза Оңғарсынованың балаларға арналған өлеңдерімен де бүлдіршіндер сусындап өсті.
Балалар әдебиетіне сіңірген еңбегі өзі көп жыл бас редакторы болған республикалық «Қазақстан пионері», қазіргі «Ұлан» газетінде, «Пионер», қазіргі «Ақ желкен» журналында атқарған қызметінен де айрықша сезіліп тұрады. Фаризаның бірбеткей, жарқын мінезін жора-жолдастары, құрбылары осы күнге дейін ұмытпай, әрдайым әңгімелеп отырады. Өз заманында оза туған ақиық ақынның ел мүддесіне, болашақ ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі зор.
Жыр – менің планетам:
Бәрі осында жиғаным, тергенім де,
Сезінгенім, сүйгенім, сенгенім бе,
Мінезім бе, болмыс па, кермек үн бе –
Бәрі осында, басқасы қалды құмда, – деп жырлаған жолдардан ақынның ерекше дарыны мен өлеңге деген шексіз махаббатын анық байқауға болады. Қазақтың маңдайына біткен шоқжұлдыздай поэзия көгінде жарқыраған Фариза Оңғарсынова қай заманда болсын, мәңгі жасайтын ақын!
Жұлдыз ЕРБОЛ,
Жалғызқұдық орта мектебінің 9 сынып оқушысы.
Целиноград ауданы.