Жуырда Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» ғимаратының мәжіліс залында шығармашыл тұлғалар арасындағы «Құлагер» облыстық байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Іс-шарада «Үздік проза», «Үздік поэзиялық шығарма», «Үздік публицистикалық шығарма», «Үздік драмалық шығарма», «Балаларға арналған үздік шығарма», «Үздік әдеби сын», «Үздік көркем детектив»,«Үздік айтыскер ақын» аталымдарының жеңімпаздары анықталып, ақшалай сертификаттармен марапатталды.
–«Құлагер» байқауы шығармашыл тұлғалардың үлкен бәйгесі, айтулы додасы. Рухани құндылықтарымызды дәріптеуді мақсат еткен бұл байқауға қатысқан барлық үміткерлерге алғысымды білдіріп, шығармашылық табыстар тілеймін, – деді өз сөзінде Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Қылышбаев.
Шығармашыл тұлғалар арасындағы «Құлагер» байқауы төрт жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Биыл әдеби байқауға 17 өтінім келіп түскен. Оның қорытындысы бойынша өз туындыларымен ел руханиятына елеулі үлестерін қосып жүрген жергілікті 9 ақын-жазушы марапатталды.
–Байқауға «Ен-таңба – Елтаңба» деген көлемді лиро-эпикалық поэмамды ұсынған болатынмын. Осы поэмаммен жеңімпаз атанып жатырмын. Кеше Астанада өткен «AMANAT» партиясының «Ұлы дала» республикалық байқауында да Сәкен, Ілияс, Бейімбет атындағы арнайы жүлдені иелендім. Байқау жеңімпаздарына жүлдені Парламент Мәжілісінің төрағасы, партия төрағасы Ерлан Қошанов ағамыздың өзі тапсырды, – деді өз сөзінде «Үздік поэзиялық шығарма» аталымының жеңімпазы, ақын Алмас Темірбай.
–«Құлагер» атты сайыстың мәні ерекше. Себебі, Көкшетау Ақан серінің жүйрік Құлагері шыққан жер. Сондықтан, бұл байқау өңірімізде қазақ әдебиеті мен қазақ мәдениетіне лайықты үлес қосатын құлагер ақындар шығады деген ниетпен ұйымдастырылып отыр деген ойдамыз. Осындай байқаулар жиі болып тұрса, біздің жас ақындарымыз да шыңдалып, талабына талап қосады, – деді тағы бір «Үздік айтыскер ақын» аталымының жеңімпазы ерейментаулық Ерлан Дәулет.
Қаламдарын жанына серік етіп, халық жүрегінен орын алсам деген 9 қаламгер 500 мың теңгенің сертификатына ие болды. Олардың қатарында есімдері Ақмола өңіріне етене таныс Қайырбай Төреғожа,Серік Жетпісқалиев, Әлия Ахетова, Нұрислам Әбділ, Аян Қажыбай, Хавсамет Нұрғайып және Майра Тоқанова, тағы басқалары бар. Іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.