Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының жастар-ресурстық орталығының ұйымдастыруымен әскери қызметін өтеген жастар мен әскери міндеттілерді жұмысқа орналастыруға бағытталған «Елге қызмет – абыройлы міндет» жобасын іске асыру бойынша дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шараға аталған басқарманың жастар және отбасы істері бөлімінің басшысы Айсұлу Мырзахметова, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Умар Шоназаров, облыстық жастар-ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков, құқық қорғау құрылымдарының, облыстың әскери оқу орындары мен әскери мекемелердің, Ақмола облыстық төтенше жағдайлар және полиция департаменттерінің өкілдері, сондай-ақ, өңірдің жастар саясатына оң үлесін қосып жүрген белсенді жастар қатысты.
Дөңгелек үстел барысында аталмыш жоба бойынша жоғарыда аталған ұйымдардың жұмысы талқыға салынып, жаңа ұсыныстар енгізілді. Осы жоба аясында облыстық жастар-ресурстық орталығы 7 ұйыммен меморандум жасасып, 1920 тақырыптық бейнеролик шығарылды және ол 6 144 000 рет қаралды.
Ақмола облысының полиция департаментінде әскери қызметін өтеген және әскери міндеттілер есебінен жұмысқа орналасқан қызметкерлер саны 145 адам, оның 110-ы ұл, ал, 35-і қыз балалар.
Ақмола облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінде де осылай 42 адам жұмысқа орналасса, төтенше жағдайлар департаментінде өрт сөндіруші-құтқару лауазымдарына 102 қызметкер жұмысқа орналастырылды.
–Сондай-ақ, Ақмола облысының жастар-ресурстық орталығының әлеуметтанушы-психологы «Елге қызмет – абыройлы міндет» жобасы бойынша меморандумдар жасалған ұйымдарда өмірлік маңызы бар дағдылар бойынша тренинг жүргізді. Тренингтің негізгі мақсаты қатысушыларды әлеуметтік коммуникация мен топтық жұмыста оқытудың тиімділігін арттыру, тұлғалық өсу дағдылары мен өмірлік маңызды дағдыларды дамыту болып табылады. Тренингтерге қатысушылардың жалпы саны 710 адамды құрады, – деді өз сөзінде Айсұлу Мырзахметова.
Умар Шоназаров аталған жобаны жалғастыру мақсатында келесі жылы тарихи, әскери-патриоттық саябақ ашу, ол жерде батыр тұлғаларымыздың өмір және ерлік жолынан сыр шертетін мұражай болуы жөнінде сөз қозғады.
Шара соңында аталмыш жоба шеңберінде алдағы жылдың жұмыс жоспары қарастырылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.