Облыс аумағында қысқы жылыту маусымы басталғалы осыншама өрт шығып, бері 118 өрт сөндірілген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ержан Ғаббас мәлімдеді.
Тұрғын үй секторындағы өрт саны елімізде әр жылу беру маусымы сайын еселеп өсуде. Жалпы, бұл біздің облыста да көрініс тауып жатқан жағдай. Департамент мамандары мен еріктілер жылыту маусымы басталғалы халыққа жалықпастан өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салып жатса да, қарапайым талаптарды сақтамаудың салдарынан өрттің орын алуы азаяр емес.
–Биылғы жылу беру маусымында орын алған өрттерге жүргізілген тексеріс барысында пешті орнату кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы көптеп орын алуда. Биыл мұндай 49 жағдай тіркелді. Электр құрылғыларын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзған 35 дерек анықталды, 7 жағдайда тұрғындар от жаққан кезде абайсыздық танытқан, –деді өз сөзінде Ержан Сейсенұлы.
Сондай-ақ, құтқарушылар әлеуметтік осал топқа жататын 9 мыңдай отбасының үйлеріне баса назар аударуда. Бұл бағытта олар 1,5 мыңдай пештің мұржасын тазартып, 1,5 мың үйге өрт қаупі туралы белгі беретін дабылқаққыш орнатыпты. Қосымша тағы да 1400-дей отбасына осындай құрылғы орнату жоспарланған. Өрт қаупінен хабардар ететін бұл дабылқаққыш датчиктердің арқасында ағымдағы жылдың қазан айында Біржан сал ауданында 2 қарт адам уақытылы құтқарылыпты. Соңғы 3 жылда 6 ауданда 7 улы газ датчигі іске қосылып, ол 30 адамның өмірін сақтап қалған.
–Желтоқсанның 1-і мен 31-і аралығында республикалық «Өрт қауіпсіздігі айлығы» профилактикалық шарасы өтіп жатыр. Ол ең алдымен, жылу беру маусымы мен алдағы мерекелерді қауіпсіз өткізуге қатысты шараларды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдар мен полиция департаментінің қызметкерлері аулаларда заңсыз орнатылған кедергілерді алып тастауда. Өрт бола қалған жағдайда олар оқиға орнына жетуге кедергі келтіреді, –деді басқарма басшысының орынбасары.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында азаматтық қорғау органының қызметкерлері профилактикалық шараларға одан сайын баса мән беруде. Сондай-ақ, мамандар қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау мүлікті өрттен сақтап қана қоймай, адам өмірін де аман алып қалуға жәрдемдесетінін айтады.
Брифингті қорытындылай келе, спикер облыс тұрғындарына өрттің алдын алудың маңызды шарты өрт қауіпсіздігі ережелерін мүлтіксіз сақтау және орындау екенін тағы бір мәрте еске салды. Ең алдымен, жылыту пештері мен жабдықтарын жөндеу, сондай-ақ, пеш мұржаларын айына кемінде 1 рет тазалап отыру керектігін айтты.
–Ең бастысы, балаларға тұрмыстық жылыту құрылғыларын өз бетінше пайдалануға рұқсат бермеңіздер, сіріңкелерді қол жетпейтін жерлерге қойып, ешбір жағдайда кішкентай балаларды үйде ересектердің қарауынсыз қалдырмаңыздар, –деді сөз соңында Ержан Ғаббасов.
Шынында да, бұл әбден жаны бар сөз. Бір сәтке болсын, қараусыз қалдырудан соңғы жылдары бір үйде тіпті, бірнеше баладан ажал құшып, жаға ұстарлық жағдайлар болып жатқандығын естен шығармайық. Халық нақылы «өрт – тілсіз жау» деп бекер айтады деймісіз.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.