Кеше «Достар» мәдениет сарайында Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазановтың қатысуымен және құттықтау сөз сөйлеуімен Энергетик күніне арналған мерекелік шара өтті.
Салтанатты жиынға зиялы қауым өкілдері, жауапты сала басшылары мен қызметкерлері, еңбек ардагерлері және қала тұрғындары қатысты.
Елдос Мұратұлы өз сөзінде энергетика саласы қызметкерлерін, жиналған көпшілік қауымды Тәуелсіздік күнімен және кәсіби мерекемен құттықтады.
–Баршаңызды мерейлі мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Энергетика – әлеуметтік сала мен индустрияны алға жылжытушы күш, экономиканың өзегі, локомотиві және негізгі діңгегі болып саналады. Сондықтан, бұл сала қызметкерлері әрқашан жоғары құрметке және қоғамдық мәртебеге ие, –деді ол өзінің құттықтау сөзінде.
Жалпы, аймақта энергетиктердің кәсіби мерекесі қарсаңында ерекше еңбегімен көзге түскен 54 сала маманы марапат төрінен көрінген. Ал, осы жиында Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 13 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес, «Құрмет» орденімен үш бірдей жерлесіміз марапатталды. Отандық энергетика саласындағы жемісті еңбегі және аймақтың инфрақұрылымдық дамуына қосқан үлесі үшін аталған орденмен «Көкшетау-Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің орталық диспетчерлік қызметінің жетекші инженері Наталья Ушакова, «Ақмола электржелілік тарату компаниясы» АҚ Қорғалжын аудандық электр желілерінің бастығы Уәлихан Бейсембеков және «Көкшетау-Энерго» ЖШС Щучинск ауданаралық электр желілері бөлімшесінің шебері Бақытжан Кәрімов марапатталды.
Сонымен қатар, салтанатты шарада «Көкшетау-Энерго» ЖШС бас директоры Досымхан Аралбаев құттықтау сөз сөйлеп, сала мамандары мен ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, түрлі марапаттар тапсырды.
Мерекелік шарада ІІІ дәрежелі «Еңбек Данқы» ордені «Ақмола электржелілік тарату компаниясы» АҚ Целиноград аудандық электр желілерінің Қоянды желілік учаскесінің шебері Сағынған Ғанбат пен «Көкшетау Жылу» кәсіпорнының басқарушысы Талап Игенбаевқа, ал, «Ерен еңбегі үшін» медалі «Көкшетау жылу» қазандығы цехының бастығы Анатолий Кульковқа табыс етілді.
Жиын барысында сала мамандарының бірқатары «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» және «Еңбек сіңірген энергетик» медальдарымен, сондай-ақ, министрліктің Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.