2014 жылы сол жылдың аяғына қарай жарық дүниемен қоштасқан асқар таудай ардақты әкеміз әрі атамыз Шегебай Жүсіпұлы Қарпықбаевтың қайтыс болғанына биыл 10 жыл толып отыр. Әкем қалың оқырманның сүйікті басылымына айналған Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің 70 жыл бойы тұрақты оқырманы және 62 жыл қатарынан штаттан тыс тілшісі болған еді. Бір кездегі Бүкілодақтық староста М.И.Калининнен «тілші дегеніміз – жұртшылықтың көзі. Ол қоғамдық пікірді қалыптастырады. Сондықтан, үлкен беделді іске ие болуға тиіс, оның жіберілген қателігі кешірілмейді» деген сөз қалған екен.
Әкеміздің әртүрлі мерзімдік басылымдарға, соның ішінде көбіне-көп «Арқа ажары» газетіне жазған мақалалары өте мол. Солардың ішінде республикалық жастар басылымы – «Лениншіл жаста» («Жас Алаш») жарық көрген «Достығы жарасқан мекен» атты мақаласын атап өтуге болады. Бұл мақалада ғасырлар асқарынан асқан халықтар достығы туралы сөз қозғалады. Әкемізді осы күні «Арқа ажары» басылымының басшылары мен көзін көрген қызметкерлері «газетіміздің жергілікті жердегі құлағы мен көзі еді» деп еске алады. Кейіпкерлерін елге танымал ете отырып, өзін де елге танытқан абзал жанның өмірі және еңбек жолы көп адамдарға үлгі-өнеге боларлықтай.
1984 жылы Ақмола облыстық «Коммунизм нұры» («Арқа ажары») газетіндегі бір аңдатпада: «Газеттің бұл саны жұмысшы-село тілшілерінің өмірі мен творчествосына, бүгінгі өткелі отырған слетке қатысушыларға арналып отыр. Оқырманымыз газетіміздің екінші бетінде мақаласы жарияланып отырған алексеевтік тілші Шегебай Қарпықбаевпен көптен таныс. Ол өзі еңбек ететін шаруашылықтың экономикасын өркендетуге, жастар тәрбиесіне өз үлесін қоса жүріп, совхоздың бүгінгі тіршілік-тынысын, тиімділік пен сапа, өндірістік еңбек тәртібі жолындағы күрес, ондағы коммунистердің авангардтық рөлін паш ететін тартымды да мазмұнды материалдар жазу арқылы көзге түсуде» деп атап көрсетілгені тегін болмаса керек.
Ардақты әкеміз жоғарыда аталған «Лениншіл жас» газетіне ел арасындағы халық таланттары, қарапайым еңбек адамдары, ауыл ахуалы, тағы басқа тақырыптарға очерктер және проблемалық материалдар жазумен елге танымал болды. Әлі күнге әрі-сәрі күй кешкен тіл мәселесіне де «Ана тілі – аяулы махаббатың» атты сараптамалық мақаласын арнап, ол да сол басылымда жарық көруі осы сөзіміздің айғағы.
«Қазақстан пионері» газеті де әкемнен жасының үлкендігіне қарамастан, мектеп өмірі, оқушылардың өндірістік бригадалары туралы мақалалар мен суреттемелер, хабар-ошарлар сұрататын. Жалпы, өмір бойы айналасындағы жылт еткен жаңалыққа, жаны сүймес кереғар кертартпалыққа сергек қарап, қолынан қаламы түспей өткен әкеміз Ақкөл ауданы Аманкелді ауылында дүниеге келген. Ол туған жерінде есепші, зоотехник мамандықтары бойынша елі үшін абыройлы еңбек етті. 2013 жылы қаламы қарымды әкеміздің баспадан есімі ел есінде сақталған жерлесіміз Көпен Мадиярұлының өмірі мен қызметін арқау еткен «Көпен» атты кітабы жарық көрді. Оқырман қауымның әкемнің соңында қалған осы туындысымен және негізгі-негізгі деген 100 шақты мақаласымен танысатындай мүмкіндігі болса, ол кісінің қаламгерлік қырын жақсы аңғарар еді.
Әкеміздің сүйікті жары Сажида Хабибуллина өмірге 12 сәби әкеліп, осы жазу ісінде жұбайын әркез қолдап, жағдайын жасай отырған жан. Сонысымен де, әкемізге асыл жар бола білді. Бұл күнде балаларының алтауы аман-есен жүріп жатыр. Бәрі де жоғары білім иелері. Мәселен, үлкен ағаларым Болат пен Жолат Алматы политехникалық институтының металлургия және машина құрастыру факультеттерін қызыл дипломмен бітіріп, осы күні білікті мамандардың қатарынан көрініп жүр. Үлкен апамыз Гүлназ Мәскеудің Ленин атындағы университетін бітіріп, Алматыдағы жоғары оқу орнында декан болып қызмет атқарады.
Ал, кішкентай кезінде сондай сүйкімді болған інілерім Арай мен Асқар Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің байланыс және дене шынықтыру бөлімдерін тәмамдап, ауылдық жерде еңбек етіп, ынтымақты отбасыларын құрып отыр. Жас кезімде мен де әкеме еліктеп, журналист не жазушы болуды армандаған едім. Соның ықпалы шығар, бұл күнде әкемнің ізімен өзі қадірлеп, арқа сүйеп өткен «Арқа ажары» газетіне мәдениет және өнер қайраткерлері туралы хабарлар, концерттерден есептер жазып, қаламымды ұштап келемін.
Бүгіндері жалғыз мен емес, басқа ұл-қыздары, немере-шөберелері мен туған-туыстары да өмірде өзінің қажыр-қайраты, қаламгерлік қырымен осындай үлкен із қалдырған сүйікті әкемізді тебіреніспен еске алып, топырағыңыз торқа, алдыңыз жарық, артыңыз қайырлы, жатқан жеріңіз жайлы болсын демекпіз. Біз сіздей ардақты әкені ешқашан ұмытпаймыз!
Қарлығаш ҚАРПЫҚБАЕВА,
қызы.
Көкшетау қаласы.
4 Total Views , 1 Views Today